Accessibility links

«Ет шабу үшін де таныс керек» дейді қасапшы


Жәнібектің ет шауып жатқан сәті. Алматы, 7 ақпан 2012 жыл.
Жәнібектің ет шауып жатқан сәті. Алматы, 7 ақпан 2012 жыл.

«Ет шабу тәсілін толық меңгеру үшін төрт ай жүрдім» дейді Алматының шетінде орналасқан «Алтын орда» базарында ет шабушы болып істейтін Жәнібек.


Жәнібек осыдан үш жыл бұрын ата-анасымен бірге Өзбекстаннан Алматы облысындағы Қаскелең қаласына көшіп келіпті. Жасы 23-те. Әкесі - базарда күзетші, анасы - мектепте мұғалім. Ол - үйдің үлкені. Өзінен кейін студент інісі мен оқушы қарындасы бар.

«ТӨРТ АЙ ЖҮРІП ҮЙРЕНДІМ»

– Көшіп келгенімізге үш жыл болды ғой. Екі жыл базарда жүкші болып, ет тасыдым. Осында Мұрат және Берік деген екі аға бар. Сол кісілер жұмыстың арасында «мә, шауып көр» деп балталарын беретін. Кейін Берік ағаның қасында төрт ай жүрдім ет шабуды үйрену үшін, - дейді Жәнібек.

«Табаныңнан таусылып, күні бойы ет тасығаннан бір орында тұрып ет шапқан әлдеқайда жақсы. Бірақ ет шабушы болу үшін де таныс керек. Осындағы ет шабушылардың барлығы – ағалы-інілі жігіттер» деді ол Азаттық тілшісімен әңгімесінде.
"Табаныңнан таусылып, күні бойы ет тасығаннан бір орында тұрып ет шапқан әлдеқайда жақсы"
«Алтын орда» базарында ет шабумен айналысатын он адам барын айтқан Жәнібек:

- Түске дейін сегіз кісі істейді, түстен кейін екі адам қалатынбыз. Бүгін мен жалғыз тұрмын. Сонан кейін де шабатын ет көп болып жатыр, - деді тыныстаған бір сәтінде.

«Неге?» деген сұраққа:

- Біріншіден, қыста сатылатын ет аз болады. Жұрттың көбі соғым сойып алды. Екіншіден, қазір еттің бағасы да қымбат. Мәселен, Алматы маңындағы ең арзан деген осы базардың өзінде ет 1300 теңгеден, - деді Жәнібек.

Ол «ет шаптырушылар түске дейін сататын еттерін бөлшектетіп алатынын» айтты.

«ДҰРЫС ШАППАҒАН ЕТІҢДІ ӨЗІҢ САТЫП АЛАСЫҢ»

Жәнібектің айтуынша, «ет алушылар жылдан-жылға азайып келе жатыр».

- Мен осы жерге алғаш ет шабушы болып орналасқан кезде толық құраммен үздіксіз жұмыс істейтінбіз. Түсім де мол болды. Пайда да жақсы еді. Қазір не көп - базар көп. Мына Қаскелеңнің бір өзінде екі базар бар. Керек десеңіз, міне, «Алтын орданың» қарсысынан тағы бір үлкен базар салынып жатыр. Елдің де тұрмысы төмендеп барады, баға өсіп келеді. Мәселен, менің көршілерім қазір тек тауық етін ғана алады, - деп жалғастырды әңгімесін.

Жәнібектің ет шабуға кеткен төрт айын қоса есептегенде осы жерде тұрғанына тура бір жыл болыпты.

- Алғаш қолыма балта ұстап, жұмысқа кіріскенде қобалжитынмын. Сатушылардан ұрыс естіген күндерім де болды, - дейді ол.

Жәнібектің айтуынша, дұрыс шабылмаған етті өздері сатып алады екен.

- Біз барынша дәлдікпен бөлеміз. Ол үшін әрі кеткенде екі қайтара ұру керек. Көздеген жеріңе балта тиюге тиіс. Егер қиыс кетіп, басқа жерден шауып
Жәнібек ет шауып жатыр. Алматы, 7 ақпан 2012 жыл.
Жәнібек ет шауып жатыр. Алматы, 7 ақпан 2012 жыл.
жіберсең, ол етті өзің сатып аласың. Өйткені ет сатушылар да оны бір жерден ақшасына сатып алып отыр, - дейді Жәнібек.

«ЕҢБЕГІММЕН ОҚУЫМНЫҢ АҚЫСЫН ТӨЛЕП ЖҮРМІН»

Ет шабушының әңгімесінен түйгеніміз: оларға «мә» деп ешкім ақша бермейді.

Жәнібек ет шапқанға ешкім арнайы ақы төлемейтінін, шабуға келген малдың жауырыны, мойынының басы секілді сатылмайтын кейбір жерлерінің еттерін қырып-жонып өткізіп, ақшаға айналдыратынын айтты.

Оның жарты сағат мөлшерінде 1 килограмм 200 грамм етті бір рет, 1 килограмм 600 грамм етті екінші рет сатушыларға апарып өткізіп келгеніне біз де куә болдық.

- Жарты күнде түсетін табыстарыңыз шамамен қанша болады? - деп сұраған едік Жәнібектен.

- Ел қатарлы, - деп айтқысы келмеген ол «сонда да» деп қайыра сұрағаннан кейін: - Кем дегенде 5 мың теңге табамын, - деп жауап берді.

«Ет сатып алатындар жылдан-жылға азайып келеді»
Жәнібек қазір Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінде «есепші» мамандығы бойынша сырттай оқып жүр екен.

– Бұйыртса, алдағы сәуір айында дипломымды аламын. Қазір түске дейін оқуға дайындалып, түстен кейін жұмысқа келіп жүрмін. Осы кәсібім арқылы оқуымның ақысын өтеп жатырмын. Жап-жас болып ет сасып жүргеннің өзі ұят. Диплом қолға тиген соң мамандығым бойынша жұмыс іздеймін, - дейді ол.

Жәнібек болашақта бұл кәсіпті тастағысы келетінін айтады. «Бір жерде тапжылмай тұра бергеннен кейін табаннан сыз өтеді. Бүйрек ауруына, басқа да ер адамға тән ауруға шалдығасың. Табысы болғанымен, деннің саулығы да керек қой» деп түсіндірді себебін.
XS
SM
MD
LG