Accessibility links

Қазақстанның жұмбақ пентаграммасын әртүрлі жорыды


Қазақстанда табылған, пентаграммаға ұқсас бейне.

Қазақстанда табылған, пентаграммаға ұқсас бейне.

Қазақстанның солтүстігінен табылған, Google Maps сайты арқылы қарағанда көрінетін пентаграмма халықаралық ақпарат құралдарында біраз дау туғызды.

Қазақстандағы пентаграммаға ұқсас үлкен фигураның Google Maps-тен алынған суреті астыртын әрекет теориясын жақтаушылар блогында жарияланған соң жұрт назарын аударды. Бұл суретке Yahoo, NBC, The Huffington Post, The Telegraph, New York Daily News сияқты халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары да көңіл бөлді.

Google Maps арқылы қарағанда байқалатын жұмбақ суретке ұқсас бейне шегі ағаштармен белгіленген, шеңбердің ішінде тұрған жұлдызшаға ұқсайды. Жұлдыздың бір бұрышы оңтүстікке, шайтанға табынушылар жақсы көреді дейтін тарапқа қарап тұр.

Бұл жер Жоғарғы Тобыл су қоймасының жағасында, ең жақын елді мекен Лисаковск қаласынан батысқа қарай 20 шақырым маңда.

(Пентаграмманың Google Maps сайтындағы сұлбасын жуан ақ сызықпен белгілеп қойған кім екені беймәлім. Оны жақындатып қарасаңыз, сызық үзік-үзік болып көрінетінін, кейбір «ағаш-шекараның» шегі ол сызықтан шығып тұрғанын байқайсыз. Бұл объект жайлы бұған дейін де, 2009 жылы-ақ Ресей туралы ағылшын тіліндегі блог жазған еді).

БОЛЖАМДАР

Астыртын әрекет теориясын жақтаушыларға бұл суреттің неге әсер еткенін түсінуге болады. Пентаграмма – қазіргі замандағы пұтқа табынушы діни қозғалыстардың ең танымал символы. Оған қоса христиандар, масондар, месопотамиялықтар, виккандықтар, грек математигі Пифагордың жақтастары да бұл символды қолданған.

LiveScience журналындағы мақалаға қарағанда, Қазақстандағы аумағы 366 метрлік пентаграмма совет заманынан қалған болуы да мүмкін. Жергілікті археолог Эмма Усманованың айтуынша, жұрттың пентаграмма деп жүргені – советтік жұлдыз формасында салынған бақтың орны.

Даулы астыртын әрекет теориясын жақтаушы және радио жүргізуші Алекс Джонстың Infowars сайты бұл бейнені «оккультті» символ деп атайды. Infowars пентаграмманың магиялық рәсімдерге қалай қолданылатынын, Шайтанның шіркеуі белгісімен ұқастығы барын айтады. Ондағы мақала авторының айтуынша, «Ресей шеңбердің ішіндегі пентаграмманы емес, бес бұрышы бар жұлдызды символ ретінде қолданған».

Қазақстандағы Google Maps арқылы көрінетін пентаграмма


Google Maps-тегі ерекше суреттердің жұрт назарын аударғаны бір бұл ғана емес. Бұған дейін Нью-Мехико шөліндегі бір-бірімен қиылысатын қос шеңбердің ортасындағы екі үлкен «гауһардың» бейнесі да әртүрлі қауесетке себеп болған.

Мақала авторы – Азаттық тілшісі Диана Кьюка.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG