Accessibility links

Жұмыссыз өрт сөндірушілер «аштық жарияламақ»


Төтенше жағдай және өрт сөндіру қызметкерлері. Астана, 17 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Төтенше жағдай және өрт сөндіру қызметкерлері. Астана, 17 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада төтенше жағдайлар департаментінің 70-ке жуық қызметкері «заң бұзғаны үшін» жұмыстан шығарылды. Олар «күнкөріс үшін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болғандарын» айтады.

Бұған дейін Астана қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің аға инженері болған Мирас Ерғалиев:

– 1998 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қарапайым өрт сөндірушіден бастап капитан шеніне дейін өстім. Айына 80 мың теңге жалақы аламын. Үш кішкентай балам (бір жарым, үш және бас жаста) бар, әйелім жұмыс істемейді. Астанадағы жалға алып отырған пәтеріме айына 70 мың теңге беремін. Қалған 10 мың теңге не болады, – дейді.

«КӨМЕК НЕ ЖЕҢІЛДІК КӨРГЕН ЕМЕСПІЗ»

Мирас Ерғалиев төтенше жағдайлар қызметінде бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалатындықтан, қосымша жұмысқа тұрғанын айтады.

– Үш күн бос жатпас үшін біздегі «Өрт сөндіруші» деген акционерлік қоғамға өрт сөндіруші инструктор болып қызметке тұруға мәжбүр болдым. Өрт қауіпсіздігіне қатысты дәріс оқыдым, оның айлығы 35 мың теңге еді. Біздегі көп жігіттер осылай істеуге мәжбүр. Себебі негізгі жұмысымыздан ешқандай көмек не жеңілдік көрген емеспіз, – дейді ол.

Жұмыссыз қалған Мирас Ерғалиевтің жасы – 39-да. Ол «қолымнан өрт сөндіруден өзге ешнәрсе келмейді» дейді.

– Жұмыстан шығып қалғандардың көбі – 25-30 жастағы азаматтар, арасында 40-тан асқан оншақты адам ғана бармыз. Біз енді қайда барамыз? Қолымыздан басқа ешнәрсе келмейді де ғой. Мен дәріс беретін қызметімнен осы жылдың қаңтарында шығып кеткенмін. Соны анықтайтын анықтама да, пәтерақысына ай сайын қанша төлеп отырғанымды растайтын қағаз да алып келдім. Ешкім түсінгісі келмейді. Әйелім жұмыс істемейді, балаларға қарап үйде отыр. Енді мен де жұмыссыз қалдым, – деді ол наурыздың 28-і күні Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық өрт сөндірушер. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық өрт сөндірушер. (Көрнекі сурет)

«МЕМЛЕКЕТТІК ФУНКЦИЯЛАР»

Төтенше жағдайлар министрлігі наурыздың 27-сі күні қаржы полициясының «төтенше жағдай департаментінің төрт қызметкері, өрт сөндіру қызметінің 70 қызметкері мемлекеттік қызметте жүріп, өзге мекемелерде жұмыс істеп, табыс тауып келгенін» анықтағанын хабарлады.

Министрліктің төтенше жағдайлар департаментінің дисциплинарлық комиссиясы «Жемқорлыққа қарсы заңның» 1-тарауы 10-бабын («мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызмет ету») бұзған қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы шешім шығарған.

Министрлік «60 қызметкердің жұмыстан босатылып, алты қызметкердің ауруына байланысты демалысқа шыққанын», «сегіз адамның әлі жұмыстан босатылмағанын» да хабарлаған еді.

Наурыздың 28-і күні төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко да қызметкерлердің ісі заңға қайшы екенін, «өрт сөндіру қызметкерлері бір күн жұмыс істеп, үш күн тынығуға тиіс екенін» айтты.

«Иә, оларға жаным ашиды-ақ. Бірақ заң оларды жұмыстан шығаруды үзілді-кесілді талап етеді. Мен шығарамын. Олар жұмысқа қайтадан кіре алмайды» деді министр.

Владимир Божконың айтуынша, мұндай тексерулер өзге аймақтарда да өтіп жатыр – бірақ әзірше ондай оқиға байқалмаған.

Министр өрт сөндіруші қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 60 мың теңге екенін, «кейін 120-130 мың теңгеге дейін жететінін» айта келе, бұл мамандық иелерінен тапшылық көрмейтіндерін, тек офицер кадрлер ғана жетпейтінін ескертті.

Ал жұмыссыз қалған азаматтардың бірі Мирас Ерғалиевтің айтуынша, өрт сөндірушілер қайта жұмысқа қабылдауды талап етіп, «қажет болса, аштық та жариялаймыз» деп мәлімдеген.

Олар бейсенбі күні төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен кездесуге тырысып жатқандарын да хабарлады.

Ал төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайылов наурыздың 28-і күні Tengrinews агенттігіне "бұйрық бойынша жұмыстан шыққан өрт сөндірушілердің сотқа жүгінуіне хақылары бар" екенін айтты. Оның сөзінше, егер сот жұмыстан шығарылғандарды қызметтеріне қайтарса, мекеме оларды қайта жұмысқа алады.
XS
SM
MD
LG