Accessibility links

Сөзжұмбақтан кеткен қате дауға ұласты


Сергей Кибасов, "Степной маяк" газетінің бас редакторы

Сергей Кибасов, "Степной маяк" газетінің бас редакторы

«Қазақты бомжға теңеген басылым жабылсын!» деп ұрандайды кейбір жастар ұйымдарының өкілдері. Ал оқырмандарынан кешірім сұраған басылым басшылығы «жауып тастау – тым қатты жаза» деп отыр.


Сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі бұл мәселені қарастыру кезінде басылымның ниетінің қандай болғандығын анықтау маңызды деп санайды.

"ӨЗГЕЛЕРГЕ САБАҚ БОЛСЫН"

Ақмола облысының Көкшетау қаласында жарыққа шығатын «Степной маяк» басылымына қатысты дау әлі басылар емес. Елдегі кейбір қоғамдық ұйымдар басылымды жабу керек деп санайды.

Биылғы мамырдың 26-ы жергілікті "Степной маяк" газетінде сөзжұмбақ жарияланған-тын. Онда "Қаңғыбас қазақтың баспанасы не?" деген сұрақтың жауабы «киіз үй» деп көрсетілген еді. Бұл жағдай алдымен жергілікті жастар мен ұстаздар қауымының наразылығын тудырып, кейін оған Алматыдағы бірқатар республикалық жастар ұйымдары да қосылды.
Оны жауып, егер орнына басқа газет қажет болып жатса, газет тіркеу қазір қиын емес қой. Ал бірақ мына басылым жабылуы керек.

- Ең басты, негізгі талабымыз «Степной маяк» деген газет жабылуы керек. Қазақты бомжға теңеген газеттің ары қарай шығуға құқығы жоқ деп ойлаймыз. Оны жауып, егер орнына басқа газет қажет болып жатса, газет тіркеу қазір қиын емес қой. Ал бірақ мына басылым жабылуы керек, - дейді дейді маусымның 21-і күні Азаттық радиосына "Болашақ" республикалық қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұрат.

"Болашақ" республикалық қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұраттың сөзінше, басылымға қатысты қолданылатын шара басқаларға сабақ болады. Сондықтан ол бұл шараның мейлінше қатаң болғандығын талап етіп отыр.

- «Степной маяк» мұндай жайтты жариялаған алғашқы газет емес қой. Осыдан бір-екі жыл бұрын Шортандыда осындайға ұқсас мақала жарияланды. Онда бірақ жеке аутордың атымен. Оның алдында Мағжан Жұмабаевқа қатысты жергілікті арналардың бірінде жағымсыз жайттар айтылды. Сондықтан бұған тосқауыл қоятын уақыт келді. Бұдан кейін ешқандай газет қазақ ұлтын қорламайтындай үзілді-кесілді тосқауыл қою керек, - дейді Дәурен Бабамұрат.
Әрине кінә бізден, сөзжұмбақты көшіріп басу кезінде қайта қарап, тексермегенбіз. Біз ертесі күні-ақ оқырмандарымыздан кешірім сұрадық.

Дәл осы дауға қатысты маусымның 15-і күні Нұрлан Өнербаев бастаған 14 депутат мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың атына хат жазып, "Степной маякпен" қоса "Бурабай", "Луч" және "Сельская новь" газеттерін де "қазақ ұлтын сайқымазақ еткені үшін" жауып тастауды сұраған еді. Бұл үндеуде "Степной маяктан" басқа газеттердің "қазақ ұлтын қалай қорлағаны" туралы нақты мәліметтер жазылмайды. Тек Мағжан Жұмабаев пен Бақытжан Жұмаділов сияқты белгілі тұлғалардың есімдерін орыс тілінде жазу кезінде бұрмаланып кеткені айтылады.

«КЕШІРІМ СҰРАДЫҚ, ЖАЗАМЫЗДЫ АЛДЫҚ»

Басылымның бас редакторы Сергей Кибасов өздерінің кінәсін мойындайтындығын айтады. Бас редактор сөзжұмбақты басқа басылымнан көшіріп басу кезінде қайта тексемеген.

- Әрине кінә бізден, сөзжұмбақты көшіріп басу кезінде қайта қарап, тексермегенбіз. Біз ертесі күні-ақ оқырмандарымыздан кешірім сұрадық, - дейді бас редактор.

Бүгінде сол нөмерді шығарған басылым қызметкерлері де, бас редактордың өзі де қатаң сөгіс алған. Дегенмен соңғысының сөзінше, өзі үшін ең ауыр жаза оқырмандарының алдында абыройынан айырылуы екен. Бірақ, сөзжұмбақ үшін басылымды жабу - тым қатты жаза дейді бас редактор.

- Біз егер мұны әдейі істегенде, әрине, жабуға болар еді. Бірақ біз әдейі жасаған жоқпыз ғой, кешірім де сұрап жатырмыз, басқа не керек? – дейді Сергей Кибасов.

НИЕТ

Елдегі сөз бостандығын қадағалайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Қалееваның сөзінше, бұл істе басылымның о бастағы ниетіне назар аудару керек.

- Егер басылым қазақ халқының ар-намысын аяқ-асты етуді көздеген болса, әрине, жабылуы орынды. Ал бұл жағдайда мұндай ниет болмаған. Мұны – қателік, тіпті немқұрайлық деп атауға болады. Біз «Степной маяктың» сканворд секілді ойын-сауық бағытында қолданылатын жанрды сәтсіз пайдаланғандығының куәсі болып отырмыз, - дейді Тамара Қалеева.

«Степной маяк» басылымының бас редакторы Сергей Кибасов сөзжұмбақты қай басылымнан алғандықтарын айтпай отыр. Анығы - сөзжұмбақ шетелдік басылымдардың бірінен көшірілген.

Қазақстандық "Маса.kz" вебсайтының жазуынша, сөзжұмбақ ресейлік «Бурда» баспасынан шығатын, 260 мың таралымы бар, ТМД елдерінде еркін тарайтын «Лиза. Кроссворды» журналынан алынуы мүмкін.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG