Accessibility links

Үкімет қолдайтын спорт түрлері


«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев 2013 жылы мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін атады. Кейбір спортшылар мен сарапшылар мұндай іріктеу тәсілімен келіспейді.

Азаттық Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдемесіне қатысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына сауал жіберген еді. Осы компанияға қарайтын «СК-Астана» қорынан келген жауапта «Лондон олимпиадасынан кейін қаржыландыруды жалғастыратын және дамыту керек спорт түрлерінің тізімі жасалғаны» жазылған.

2013 жылдан бастап қаржы бөлінетіндер қатарында

  • волейбол, шаңғы, ескек есу,
  • коньки, ауыр атлетика,
  • бірнеше күрес түрі,
  • қазірі бессайыс,
  • су спорты түрлері
аталған. Одан бөлек, жеке жобалар - «Астана» баскетбол клубына, қазақ күресінің «Қазақстан барысы» жобасына, Илья Ильин мен Денис Теннің Әлем чемпионатының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.

Әлем чемпионатының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.

жаттығуларына ​қаражат бөлінетіні жазылған.

​Былтыр мемлекет тарапынан қаржыландырылған таэквондо, гандбол, гимнастика, нысана көздеу сияқты спорт түрлері биылғы тізімнен түсіп қалған.

Ал Қазақстанның бокс федерациясын «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы қаржыландырып келеді.

Велоспорт, баскетбол, шайбалы хоккей сияқты спорт түрлерін банктер мен жеке меншік компаниялар қолдап отыр.

Мемлекет қаражатының қалай жұмсалып жатқаны жайындағы «Бұл спорт түрлеріне қанша қаражат бөлінеді?» деген сауалға «әзірге ол анықталған жоқ» деген жауап берілді.

«МЕДАЛІ КӨП» ЖӘНЕ «МЕДАЛІ АЗ» СПОРТ ТҮРЛЕРІ

"Хабар" телеарнасының спорт шолушысы Амангелді Сейітханов Қазақстанда спорт түрлерін «медаль көп әкелетін» және «медалі аз» деп екіге бөлу науқаны басталғанын айтады.
«Медалі аз» спорт түрі құрбандыққа шалынды

- Александр Парыгин 1996 жылы Атланта олимпиадасында қазіргі бессайыстан алтын алды. 2000 жылы триатлоннан Дмитрий Гааг Сидней олимпиадасында төртінші орын алды. Бірақ бұл екі спорт түрі қазір құлдырап кетті. Себебі мемлекеттен көңіл бөлінбей қалды. Неге? Өйткені қазіргі бессайыс пен триатлоннан олимпиадада бар болғаны бір комплект медаль сарапқа салынады. Сондықтан «медалі аз» спорт түрі ретінде құрбандыққа шалынды. Суға секіру спорты да дәл осындай жағдайға түсіп, құлдырап кетті - дейді журналист.

Қазақстан спортшыларының олимпиада медальдары мен жүлделі спорт түрлері

2004 жылдан бері өткен олимпиадаларда қазақстандық суға секірушілер жолдама ала алмай келеді. Оған дейін бұл спорт түрі бойынша Атланта олимпиадасына (1996) үш спортшы, Сидней ойындарына (2000) жеті спортшы қатысқан еді.

Алматы қаласының 21 жастағы тұрғыны, тұғырдан суға секірумен айналысатын Асқар Қарпықов бұл спорт түрінің қазіргі жағдайын былай суреттейді:

- Бұл спорт түрі Қазақстанда мүлде дамымай жатыр. Халықаралық жарыстарға шығуға мүмкіндік жоқ. Жаттығу жұмыстарымның белгілі бір уақыты жоқ. Бассейнде жас балаларға суға жүзуді үйретіп ақша табамын. Күніне бір сағат трамплинге барып жаттығу жүргіземін. Басқа мүмкіндік жоқ. Мемлекет қаражат бөлмейді.

Төлеген Жұмабек, КТК телеарнасының спорт шолушысы. Ресми сайттан алынған сурет

Төлеген Жұмабек, КТК телеарнасының спорт шолушысы. Ресми сайттан алынған сурет

КТК телеарнасының спорт шолушысы Төлеген Жұмабектің сөзіне қарағанда, Қазақстанда спорт түрлеріне Лондон олимпиадасына дейін де іріктеулер жасалып отырған. Оның ойынша, ондағы критерий - «Қазақстан ақша көп кететін, жүлде аз әкелетін спорт түрлеріне көңіл бөлмейді».
Медалі көп бокс, күрес, жеңіл және ауыр атлетика алға шықты.

- Сидней олимпиадасынан кейін Қазақстанда спорт түрлерін категорияларға бөлді. Медалі көп бокс, күрес, жеңіл және ауыр атлетика алға шықты. Кейінгілеріне велоспорт, дзюдо сынды спорт түрлерін топтастырды. Ақша көп кететін, жүлде аз әкелетін спорт түрлері үшінші-төртінші топқа кетті. Яғни бокс, күрес, атлетика, дзюдоға қаржы бөлініп, олимпиадада медаль алуды жоспарлайды. Ал СССР кезінде жақсы дамып келе жатқан қазіргі бессайыс, триатлон, суға секіру, үстел теннисінің дамуы тоқтап қалды, - дейді ол.

Олимпиада жолдамасын алған спорт түрлері мен мемлекеттік қаржыландырудың ара-қатынасын мына кестеден көруге болады.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстанда көптеген спорт түрлерін қаржыландыратын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев 2012 жылдың соңында «2013 жылдан бастап жақсы нәтижеге жетпеген спорт түрлеріне қаржы бөлінбейтінін» мәлімдеді.
Алайда барлығына бірдей ақша бөлмейміз, жүйелі түрде елеп-екшейміз.

Ал 2013 жылғы сәуірде Астанада өткен «Самұрық-Қазынаның» кезекті жиынында Өмірзақ Шөкеев: «Біз 13 спорт федерациясын қаржыландырамыз. Алайда барлығына бірдей ақша бөлмейміз, жүйелі түрде елеп-екшейміз. Қысқы олимпиада ойындарының таяп келе жатқандығына байланысты, биыл шаңғы жарысына 300 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Біз үшін ең бастысы - жақсылап дайындалып, Сочиде жақсы нәтижелер көрсету» деді.

Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен алған жолдамалары мен медальдарының жалпы саны

"Sport" газетінің шолушысы Ришад Тұрғанбаев «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының «нәтиже көрсеткен спорт түрлерін қаржыландырамыз» деген сөзімен келіспейді.

- Егер мемлекеттен қолдау тапса, нәтиже бермейтін спорт түрі жоқ. Ақшаның аздығы спортшыға қатты әсер етеді. Бір спортшыға керекті дәрумендерді алуға, оның жаттығуына жағдай жасауға көп қаржы керек. Ал ақша жеткіліксіз болса, одан қалай нәтиже күтесіз? Сондықтан мемлекеттің бұл саясаты мүлде дұрыс емес, - дейді ол.

"Халық комментаторы" жобасының қатысушысы, жанкүйер Азат Әбіқайдың пайымдауынша, Қазақстанда жүзу, үстел теннисі, бадминтон, семсерлесу Қазақстандық синхронды жүзгіштер Анна Кулькина мен Әйгерім Жексенбина Лондондағы іріктеу жарысында. Мамыр, 2012 жыл. (Сурет халықаралық су спорты федерациясының ресми сайтынан алынды).

Қазақстандық синхронды жүзгіштер Анна Кулькина мен Әйгерім Жексенбина Лондондағы іріктеу жарысында. Мамыр, 2012 жыл. (Сурет халықаралық су спорты федерациясының ресми сайтынан алынды).

(фехтование) сияқты спорт түрлері де назардан тыс қалған.

- Олимпиадаға кіретін жүзу, үстел теннисі, бадминтон, сноуборд, шана спорты, фехтование қазір «ұйқыда жатыр». Дамытуға құлықсызбыз. Үстел теннисінен олимпиадаға қатысқанымызды мақтан тұтамыз. Ал бадминтон, шана спорты мүлде тоқырады. Қазір ата-аналар балаларын триатлон (жүзу, жүгіру және велосипедпен жарысу сияқты үш кезеңнен тұратын спорт түрі), шана спорты, бадминтон үйірмелеріне бергісі келмейді, - деді ол.

Қазақстан спортшылары сноуборд, шана, бадминтоннан бірде-бір рет олимпиадаға қатыспаған. Ал жүзу мен үстел теннисінен Пекин ойындарына бір спортшы барғанымен, ол бірінші кезеңнен кейін жарыстан шығып қалған.

«ТҮСІНІКСІЗ СПОРТ САЯСАТЫ»

«Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Төлеубек Әділбекұлы «Қазақстандағы спорт саясаты түсініксіз» деп санайды.

Ал Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігі жанындағы олимпиадалық даярлау орталығының өкілі Ардақ Тоғымовтің ойынша, үкімет барлық спорт түрлеріне қолдау көрсетіп отыр.
Қазақстанда спорт түрлерін бөлу жоқ.

- Триатлоннан Көкшетауда мектеп бар. Жыл сайын Бурабайда Азия кубогы өтеді. Қазіргі бессайыстан да ірі жарыстар өткізіліп келеді. Спорт мектептерінде фехтование, суға секіруден спортшылар дайындайтын кластар бар. Олимпиадалық спорт деп оларға агенттіктен қаржы бөлініп жатыр. Қазақстанда спорт түрлерін бөлу жоқ, - деді шенеунік.

Қысқы олимпиадаларға қатысқан спортшылар кестесі

Aladop.kz спорт сайтының бас редакторы Ермұхамед Мәулен спортты негізінен мемлекеттің қаржыландырып, дамытуына қатысты бөлекше пікір айтады. Оның ойынша, спортшылар мемлекет қаржысына қарамай, өзі қызыққан спорт түрімен өздері айналысуы тиіс.

Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен. Сурет жеке архивінен алынды.

Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен. Сурет жеке архивінен алынды.

- Еуропа, Америка елдерінде спортшылар мемлекеттің қаржысына қарамайды. Сол сияқты Қазақстан спортшылары да мемлекет қаржы бөлмей қойды демей, өздері дайындалып, өз мықтылықтарын дәлелдесе, нәтиже ұлғаяды. Мысалы, жүзгіш Майкл Фелпс (АҚШ) пен жеңіл атлет Усейн Болт (Ямайка) мемлекеттің ақшасына қарамай, өздері жарысқа шығады. Бізде Илья Ильинге дейін мемлекеттен қаржыландырылады. Негізі оның жарыстарға, мемлекет ақшасына қарамай, өз қаржысымен шығып, жеке дайындалуына мүмкіндігі бар деп ойлаймын, - дейді спорт шолушысы.

Спортшылардың ішінде мемлекеттің кейбір спорт түрлеріне баса назар аударуын құптамайтындар да, қолдайтындар да бар.

Триатлоншы Нұржан Қараманов "спорт түрлерін медалі көп, медалі аз деп бөлуге" қарсы.
Егер медалі көп спорт түрін қолдасақ, Лондонда жеткен нәтижені одан ары жақсартамыз.

- Әр спорттың өз ерекшелігі бар. Триатлоннан олимпиадаға екі-ақ комплект медаль сарапқа салынады екен деп тізімнен алып тастасақ, бұл спорт Қазақстанда құлдырайды ғой, - дейді ол.

Ал дзюдодан Азия чемпионатының қола жүлдегері Елдос Жұмақанов мемлекет медаль алу мүмкіндігі көп спорт түрлерін дамытса, "жүлде де көбейіп, ақша да үнемделеді" деген пікірде.

- Бұл істердің барлығы - Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада үшін жасалып жатқан шаралар. Егер медалі көп спорт түрін қолдасақ, Лондонда жеткен нәтижені одан ары жақсартамыз, - дейді дзюдошы.

Ескерту: Олимпиадалық спорт түрлері осы мақалада аталғандарынан әлдеқайда көп. Жазғы олимпиадаларға - 30 шақты, қысқы олимпиадаларға 15-тей спорт түрі қамтылған. Кестелерде соңғы 20 жылда Қазақстан спортшылары кемінде бір рет қатысқан олимпиадалық спорт түрлері ғана қамтылды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG