Accessibility links

Оппозициядағы Алтынбек факторы


"Азат" партиясының бас хатшысы Төлеген Жүкеев, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сарсенбай және ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына екі жыл толғанына байланысты өткен жиында отыр. Алматы, 11 ақпан 2008 жыл.

"Азат" партиясының бас хатшысы Төлеген Жүкеев, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сарсенбай және ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына екі жыл толғанына байланысты өткен жиында отыр. Алматы, 11 ақпан 2008 жыл.

Ақпанның 13-інде қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының мәйітінің табылғанына 8 жыл толды. Белсенділер мен мамандар Сәрсенбайұлынан соңғы оппозицияға не жетпейтіні туралы пікір бөліседі.

Қастандықтан қаза болған оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынның мәйіттері 2006 жылы ақпанның 13-інде Алматы маңынан табылды.

Белсенділер мен сарапшылар 1990 жылдардың бас кезінен Қазақстанның жоғары билігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған Сәрсенбайұлының 2003 жылы оппозиция қатарына өтуі қандай әсер туғызғанын және оның қазасынан кейін ахуал қалай өзгергенін салыстырады.

Қазақстан оппозициясы жетекшілері "Әділетті Қазақстан" қозғалысы съезінде отыр. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.

Қазақстан оппозициясы жетекшілері "Әділетті Қазақстан" қозғалысы съезінде отыр. Солдан оңға қарай: Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.

Оппозицияшыл қоғамдық белсенді Берік Сағынбек – «Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы оппозициялық күштерді біріктіруде бұрын-соңды болмаған маңызды рөл атқарды» деп санайтын жергілікті қоғамдық белсенділердің бірі. Саяси қозғалыстарды жіті бақылап жүретін Алматы қаласының тұрғыны «Алтынбек Сәрсенбайұлы орталарына қосылған соң оппозициялық партиялар бұрынғыдан әлдеқайда жүйелі жұмыс істей бастаған еді» деп санайды.

«Алтынбек Сәрсенбайұлының ой-пікірімен оппозиция ғана емес, биліктің өзі де санасатын еді. Ал оған қастандық жасалғаннан кейін оппозициялық партиялардың аты ғана қалды. Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі оппозицияның басқа жетекшілерін үрейлендіріп тастаған сияқты. Ал қазір тұлға көп, бірақ оппозицияны біріктіретін адам жоқ. Алайда қазіргі Украинадағы Майдан оқиғаларымен салыстыратын болсақ, жеке адамнан гөрі қоғамның жаппай белсенділігі де көбірек маңызды рөл ойнайтыны байқалып қалды» дейді Берік Сағынбек.

«САЯСИ САХНАДАН КЕТУ»

2003 жылы Ресейдегі Қазақстан елшісі қызметінен кетіп, оппозициялық «Ақ жол» партиясына қосылғаннан кейін Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси белсенділігі ашық көріне бастаған еді. Аз уақыттың ішінде ол оппозициялық күштердің негізгі жетекшілерінің бірі ретінде танылып үлгерген.

"Ақжол" партиясының баспасөз-мәслихаты. Солдан оңға қарай: бұрынғы депутат Амангелді Айталы, партия төрағасының орынбасары Людмила Жуланова, төраға Әлихан Бәйменов, төраға орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов, партия мүшесі Нұрлан Жылқышиев. Астана, 23 ақпан, 2009 жыл.

"Ақжол" партиясының баспасөз-мәслихаты. Солдан оңға қарай: бұрынғы депутат Амангелді Айталы, партия төрағасының орынбасары Людмила Жуланова, төраға Әлихан Бәйменов, төраға орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов, партия мүшесі Нұрлан Жылқышиев. Астана, 23 ақпан, 2009 жыл.

Алайда «Ақ жол» партиясының бес тең төрағасының арасындағы келіспеушілік кесірінен партия екіге бөлініп, Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова бастаған топ «Ақ жол» партиясының атауын иемденіп қалды да, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев және Ораз Жандосовтар тобы 2005 жылы көктемде «Нағыз Ақ жол» партиясын құрды.

2006 жылы ақпанда Сәрсенбайұлы кісі қолынан өлген соң келесі жылдың мамыр айында «Нағыз Ақ жол» партиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен «Әділетті Қазақстан» сайлау блогына біріккен еді. «Нағыз Ақ жол» партиясы ЖСДП-мен бірігіп, 2007 жылғы мәжіліс сайлауына да қатысып көрді. Көп уақыт өтпей «Нағыз Ақ жол» партиясының атауы «Азат» болып өзгеріп, Болат Әбілев оның жалғыз төрағасы болып қалды. Партияның тең төрағасының бірі қызметін атқарып келген Ораз Жандосов «экономикалық зерттеулермен шұғылданатынын» мәлімдеді.

Ал 2009 жылы қазан айында «Азат» партиясы мен ЖСДП өздерінің біріккен «Азат ЖСДП»-ға айналғанын жариялады. Алайда я жеке, я біріккен партия ретінде тіркеле алмағандықтан бұрынғы «Азат» партиясының өкілдері ЖСДП тізімі бойынша сайлауға қатысып, мәжіліске тағы да өте алмады.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 17 желтоқсан 2010 жыл.

2013 жылы «Азат» партиясының заң жүзінде тіркелмегенін алға тартқан Жармахан Тұяқбай бастаған ЖСДП жетекшілері қайтадан өз алдына бөлек партия екенін жариялады. Ал Болат Әбілев өзінің «саясаттан уақытша кететінін» мәлімдеді. Бұған дейін әуелгі «Ақ жол» партиясын басқарып келген Әлихан Бәйменов үкімет жұмысына оралып, мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасы болып тағайындалған.

Осылайша кезінде іргетасын Алтынбек Сәрсенбайұлы қалаған «Ақ жол» («Нағыз Ақ жол») партиясы саясаткердің өлімінен соң біртіндеп саяси сахнадан шығып қалған еді.

«ҮЛКЕН КІСІГЕ ТИІСПЕУ»

Аптаның басында Алматы қаласындағы «Астана» қонақ үйінің конференц залында өткен «Саяси кеңістіктің тарылуы және саяси үдерістер» деп аталатын дөңгелек үстелге жиналғандар да Алтынбек Сәрсенбайұлының оппозициядағы орнын еске алды. Саясаттанушылар 2000 жылдардың бас кезіндегі және бүгінгі саяси оппозициялық партиялардың сипатына тоқталды.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Қазақстанда қазір 2000 жылдардың бас кезіндегідей оппозициялық партиялар қалмаған» деп санайды.

Солдан оңға қарай: академик Мұхтар Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, президенттің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева. (Көрнекі сурет)

Солдан оңға қарай: академик Мұхтар Әлиев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, президенттің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева. (Көрнекі сурет)

«Тіркелгемен «Алға» партиясы, «Азат» партиясы қалай болғанда да балама көзқарасты жеткізуге аздап болса да, мүмкіндік беретін еді. Қазір олар да жоқ, яғни саяси кеңістік оппозициялық партиялардан тазартылды» дейді ол.

Дувановтың сөзінше, «қазір оппозициялық кеңістікте қалудың бір-ақ шарты бар. Ол – «үлкен кісіге» (президент Назарбаевқа – ред.) тиіспеу. Бұл шартты орындамағандар, не түрмеге қамалады, не шетелге қашады».

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайдың пікірінше, қазіргі уақытта «шын оппозициялық партия құру, сайлауға қатысу, жеңіске жету, парламентке сайлану қиялға айналған».

Берік Сағынбек сияқты Алтынбек Сәрсенбайұлының кезіндегі және оның өлімінен кейінгі оппозициялық партиялардың қызметі, белсенділігі мен ықпалын салыстыра пайым жасайтындар дөңгелек үстел үстінде де табылды. Қатысушылардың бірі «оппозициялық күштерге жетекшілік етіп, біріктіретін жаңа «Алтынбек Сәрсенбайұлын» іздеу керек» деген пікір айтып қалған еді. Мұндай пікірлерге қатысты қоғамдық белсенді, саясаттанушы Айдос Сарым: «әр адам өзі Алтынбек болуы керек» деген қисынды алға тартты.

«Біздің қоғам өз жауапкершілігін, өз құқықтарын, мүддесін билікке біржола тапсырмай өз мойнына алуы керек, Украинадағы «Майдан» оқиғалары соның бір көрсеткіші. Осы кезге дейінгі қазақстандық оппозициялық партиялардың кемшілігі Саясаттанушы Айдос Сарым.

Саясаттанушы Айдос Сарым.

– олар негізінен бір тұлғаның қасына жиналатын, содан соң қаражат іздейтін. «Ақ жол» партиясының, одан басқа партиялардың төңірегіндегі дау-дамайлар бір адамға немесе бір топқа тәуелді болу партияның саясатын, құндылықтарын жуып-шайып кететінін көрсетті. Сондықтан менің түсінігімше, болашақ партиялар өз мүшелерінің жарнасы мен белсенділігінен құралуы керек» деді Айдос Сарым Азаттыққа.

2006 жылы ақпанның 13-і күні Алматыда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағарлары Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның мәйіті табылды. Олардың ақпанның 11-і күні кісі қолынан өлгені хабарланды. Бұл іске тапсырыс беруші ретінде сол кездегі парламент сенатыны аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев аталып, 20 жылға сотталған еді.

Былтыр желтоқсан айында Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қылмыстық іс қайта жанданып, сот процесі қайыра өтіп, бұған дейін қылмысты жүзеге асырушы ретінде сотталған Рустам Ибрагимовтың «жаңадан берген куәлігіне» сәйкес «кісі өлтіруге тапсырыс беруші» ретінде Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсетілді. Биылғы ақпанның 3-і күні қайыра үкімі шыққан Ержан Өтембаев «қылмысқа айдап салушы» ретінде 13 жылға сотталды.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG