Accessibility links

Серік Сапарғалидың ісі


Серік Сапарғалиды 2011 жылы 17 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасына қатысты Алматыда өткен митингіден кейін полиция тұтқындап жатыр.

Серік Сапарғалиды 2011 жылы 17 желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасына қатысты Алматыда өткен митингіден кейін полиция тұтқындап жатыр.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты оппозициялық саясаткер Серік Сапарғалиға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды. Әріптестері оны шындық үшін күресіп жүрген азамат деп біледі. Прокурор Әсет Батыршаев «адамшылыққа қарсы қылмыс жасады» деп айыптаған Серік Сапарғали сәуірдің аяғында 60 жасқа толады.


Ақтөбенің тумасы - саясаткер Серік Сапарғалидың есімін жұрт былтыр өткен кезектен тыс президент сайлауынан бері біледі. Алайда билік құжаттар дұрыс толтырылмады деп оны президенттік додадан шығарып тастады. Бірақ Серік Сапарғали саясат сахнасынан кеткен жоқ.

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ БҰРЫНҒЫ ҮМІТКЕР

Жаңаөзен оқиғасы бойынша бірнеше оппозициялық саясаткерге айып тағылды. Олардың арасында Серік Сапарғали да бар. Бірақ БАҚ-та оның есімі көп атала бермейді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері Серік Сапарғалиды қаңтардың 23-і, оппозициялық «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский мен оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловпен бір күнде тұтқындады.
Тіркелмеген "Алға" партиясының кеңсесінің алдына ілінген баннер. Баннерде (солдан оңға қарай) "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали, азаматтық белсенді Айжангүл Әмірова, "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявский. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

Тіркелмеген "Алға" партиясының кеңсесінің алдына ілінген баннер. Баннерде (солдан оңға қарай) "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали, азаматтық белсенді Айжангүл Әмірова, "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявский. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.


Игорь Винявский мен Владимир Козловтың әйелдері мен әріптестері ұсталғандарды қолдау мақсатында кең ауқымды науқан бастап, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына дейін арызданды. Игорь Винявскийдің әйелі Лана Винявская мен Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова Еуропаға барып, Еуропарламент депутаттарымен де кездесті.

Бірақ осы қорғау, қолдау акцияларының аясында Серік Сапарғалидың есімі ұмыт қалғандай еді. Әлде саяси тұтқын, диссидент Арон Атабекті туыстары мен санаулы достары ғана қорғағандай, Серік Сапарғалиға қоғамдық ұйымдар, басқа да белсенділер емес, тек туыстары ғана араша түсіп жатыр ма? Осы ретте оның туған-туысы, жақтастары, қоғамдық жұмысты бірге атқарысқан көмекшілері бар ма деген сауал туады.

Азаттық радиосы Серік Сапарғалидың қорғаушысы Күлпаш Айгербаеваға осы сұрақтарды қойған еді. Оның сөзіне қарағанда, Серік Сапарғали әйелімен ажырасып кеткен. «Бұрынғы әйелі саясаткердің қазіргі тағдыры жайлы сұрастырды ма?» деген сауалға адвокат «жоқ» деп жауап қайырды.

- Жалпы, Серік Сапарғалидың сөзіне қарағанда, екеуінің көзқарастары мүлде кереғар екен, - дейді Күлпаш Айгербаева.

Күлпаш Айгербаева Серік Сапарғалиға «терең білімді, әділетсіздікке жаны қас адам» деген мінездеме берді.

САПАРҒАЛИДЫҢ ІСІ ЖАБЫҚ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР

Серік Сапарғалидың есімі бұған дейін әдетте Игорь Винявский мен Владимир Козловтың ісі туралы айтылғанда, жеке-дара емес, қосақ арасында ғана аталып келді.

Қазақстанға қатысты жақында шыққан Еуропарламент қарарында да депутаттар Қазақстан билігін Владимир Козлов пен Игорь Винявскийді түрмеден шығаруға шақырған. Бұл қарарда да есімі аталмайды, сірә, Сапарғалидың аты-жөні қарарда «саяси астармен қамауға алынған тұлғалар» деген жалпы тізімнің ішінде жүрсе керек.
Солдан оңға қарай: Геннадий Нам - Игорь Винявскийдің адвокаты, Әлия Тұрысбекова - Владимира Козловтың әйелі, Лана Винявская - Игорь Винявскийдің әйелі ҰҚК абақтысының алдында тұр. Алматы, 26 қаңтар 2012 жыл.

Солдан оңға қарай: Геннадий Нам - Игорь Винявскийдің адвокаты, Әлия Тұрысбекова - Владимира Козловтың әйелі, Лана Винявская - Игорь Винявскийдің әйелі ҰҚК абақтысының алдында тұр. Алматы, 26 қаңтар 2012 жыл.


Серік Сапарғалиға ҰҚК тарапынан қандай айып тағылғаны көпке дейін белгісіз болып келді. Көпшілік оның адвокатының аты-жөнін де білмеді. Оның екі айға қамауға алынғанын қаңтардың 26-сы Владимир Козловтың жұбайы Әлия Тұрысбекова хабарлады.

ҰҚК-нің Алматыдағы түрмесінде қаңтардың 26-сы болған сот отырысы ашық өтеді деп жарияланғанымен, оған журналистерді кіргізбеді. Адвокаттар істің мәнісін ашық айтудан бас тартты. Сот барысы туралы ақпараттар жабық күйінде қала берді.

Жұртшылық Сапарғалиға тағылған айыпты 2012 жылы наурыздың 19-ында Алмалы аудандық сотында болған ашық сот отырысы кезінде ғана естіді.

«АДАМШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС»

Серік Сапарғалидың қорғаушысы Күлпаш Айгербаева тергеу құпиясын жарияламау жөнінде қолхат бергендіктен, ашық сот отырысы өткен наурыздың 19-ы күні де өзінің қорғауындағы азаматқа тағылған айыптың мән-жайын ашық айтуға батылы жетпеді.

Бірақ Серік Сапарғалиға тағылған айыптарды Алматы қалалық прокуратурасы басқармасының прокуроры Әсет Батыршаев пен Батыршаевтың сөзін қайталаған Алмалы аудандық сотының судьясы Гүлшахар Шыныбекова жария етті. Серік Сапарғалиға 16 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған Жаңаөзен оқиғасына байланысты «адамшылыққа қарсы қылмыс жасады» деген айып тағылыпты.

Судья Гүлшахар Шыныбекова бұл айып туралы Серік Сапарғалиды қамау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарау процедурасына байланысты ғана жария еткенін айтты.

Сот отырысынан кейін пікір білдірген құқық қорғаушы Андрей Свиридов Серік Сапарғалиды қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы шешімін негіздеу барысында судья Гүлшахар Шыныбекова негізгі және процедуралық аспектілерді шатастырып жібергенін айтты.
Андрей Свиридов, құқық қорғаушы, журналист. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.

Андрей Свиридов, құқық қорғаушы, журналист. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.


- Прокурордың «Сапарғали, Козлов, Әмірова және басқа тұлғалардың саналы түрде жасаған іс-әрекетінің нәтижесінде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында, Жаңаөзен қаласында лауазымды тұлғаларға қарсы зорлық-зомбылыққа, мүлікті қирату мен ойрандауға ұласқан, адам өліміне соқтырған жаппай тәртіпсіздік оқиғалары болды» деген сөзін судья да қайталап шықты. Бірақ бұл қисынсыз айыптарды теріске шығаруға болады. Мысалы адам өлімі - жұмыстан шығарылған мұнайшыларға Сапарғалидың моральдық қолдау көрсетуінен емес, полицейлердің оқ атуынан болған нәрсе, - дейді Андрей Свиридов.

Серік Сапарғалиды қамауда ұстау мерзімі сәуірдің 24-не дейін ұзартылды. Сотталушының қант диабетімен ауыратынына қарамастан, бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру жөніндегі адвокат өтінішін судья қанағаттандырмады.

СЕРІК САПАРҒАЛИ ДА - МҰНАЙШЫ

Кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері Азаттық радиосына Серік Сапарғали туралы пікірлерін білдірді.

Оппозиция саясаткері Жасарал Қуанышәлин оны 1990-шы жылдардың басынан, әсіресе Оралдағы оқиғаларға байланысты білетінін айтты.

- Ресей казактары мен 1990 жылы қайта жаңғырған қазақстандық казактар ұйымы Орал казактарының Ресей тағына қызмет етуінің 400 жылдық мерейтойын 1991 жылдың күзінде Орал қаласында кең ауқымда тойлау туралы шешім қабылдады. Қазақстан аумағының бір бөлігінің Ресейге өтіп кету қаупі төнді. Бұған жол бермеу үшін біз, үш жүзге жуық қазақ патриоттары, Оралға барып, олардың мерейтойды сылтауратып жүзеге асырмақ болған сепаратистік пиғылына тосқауыл қойдық. Өз басым сол жерде болғандықтан, оқиғаның куәсі ретінде сөйлеп отырмын. Әлгі үш жүз қазақ жігітінің бірі осы Серік Сапарғали болды.

Жасарал Қуанышалин Серік Сапарғалидың бұдан соң «Алға» азаматтық қозғалысының Ақтөбедегі облыстық бөлімшесін басқарғанын айтты.
Серік Сапарғали. Алматы, 3 наурыз 2011 жыл.

Серік Сапарғали. Алматы, 3 наурыз 2011 жыл.


- Ол кезде мен «Азат» қозғалысының жетекшісі едім. Серік Сапарғали үлкен жұмыс жүргізіп, патшалық дәуір мен совет заманында атауы өзгеріп кеткен елді мекендер мен қала көшелерінің қазақ тіліндегі тарихи атауларын қайтаруға ат салысты. Осы тақырыпта мақалалар жазды. Мысалы бәріміз күш салып, Павлодар облысындағы Ермак қаласының атауын «Ақсу» деп өзгертуге ықпал еттік. Ермактың ескерткішін де құлаттық. Осы тектес талай акцияларда ол ысылған, қажырлы қайраткер ретінде көрінді, - дейді Қуанышәлин.

Жасарал Қуанышәлин кейіннен Серік Сапарғалидың Маңғыстау облысына мұнай саласына жұмысқа ауысқанын айтып:

- Ол кісінің мамандығы - мұнайшы. Мұнай саласында жұмыс істеген жылдары аса жақын араласқан жоқпыз. Бірақ мен Серік туралы «қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғауға әрдайым дайын тұратын жан» деп еститінмін. Шыншыл адамнан басқа мінез күтпеген де едім, - деді.

Жасарал Қуанышәлин Серік Сапарғалидың 2011 жылдың жаз, күз айларында Жаңаөзен мұнайшыларына моральдық демеу көрсетуін жоғары бағалап:

- Ол жақтағы халықтың тұрмысын, психологиясын жақсы біледі. Оның үстіне, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы қарым-қатынастың да қыр-сырына қанық. Жұмыссыз қалған мұнайшылардың жағдайы нашарлап бара жатқаны, жағдайды көріп-біліп отырған биліктің жеті ай бойы қол қусырып қарап отырғаны оны қатты алаңдатты, - деді.

2010 жылдың күзінде президенттік сайлауға түсуге арыз берген Қуанышәлин Серік Сапарғалидың да президенттік сайлауға өзін-өзі ұсынуын қолдағанын айтып:
Жасарал Куанышәлин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.

Жасарал Куанышәлин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.


- Билік оны бірден сайлаудан шығарып тастады. Бірақ ол қарапайым халыққа бұл дүниеге ешкім президент болып келмейтінін, қазақстандықтардың қай-қайсысының болсын президенттік сайлауға түсуге құқығы бар екенін көрсетті. Шын мәнінде ол қазақстандықтарға «мен сияқты болыңдар» деген үндеу тастады деп ойлаймын, - деді.

Оның бұл ойымен тағы бір оппозициялық саясаткер, 2005 жылы президент сайлауына түсуге талпынған Мақсұт Оразай да келіседі. Мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырғанымен, қажет құжаттарды өткізген жоқ деген себеппен билік Серік Сапарғалиды үміткерлер тізімінен шығарып тастаған болатын.

«ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ТӨЗБЕЙТІН АДАМ»

- Серік Сапарғалиды танып-білгеніме көп бола қойған жоқ. Ол - білімді адам, мамандығы - мұнайшы. Бұрын Маңғыстау облысында жұмыс істеген, сондықтан осы аймақтың халқының мұң-мұқтажын жақсы біледі, - деді Мақсұт Оразай.

Мақсұт Оразайдың сөзіне қарағанда, ереуілге шыққан мұнайшылар мәселенің еңбек дауы екенін, саясатта шаруалары жоқ екенін айтқан.

- Бірақ «саясатпен айналысқың келмесе, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар ғой, солай болып шықты, - дейді ол.

Осы ретте Мақсұт Оразай мұнайшылардың ереуілін билік заңсыз деп есептегендіктен, олардың мүддесін қорғаған Серік Сапарғалидың ісіне де саяси астар беріліп отыр дейді.
Мақсұт Оразай, оппозициялық саясаткер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.

Мақсұт Оразай, оппозициялық саясаткер. Алматы, 23 наурыз 2012 жыл.


Жаңаөзен оқиғасы бойынша осы тұрғыдағы айып тағылып, тергеліп жатқан, бірақ Алматыдан шықпау туралы қолқат берген оппозициялық саясаткер және театр режиссері Болат Атабаев Серік Сапарғалиды Жаңаөзен мұнайшыларының ереуіліне байланысты біледі екен.

- Жаңаөзенге барып қайтқан соң Серікпен кездестім. Маған ашықтығы, әділетсіздікке төзбейтін адал мінезі ұнады. Ол жергілікті халықты, салт-дәстүрді жақсы біледі. Өзін құрбан етуден тайынбайтын жан. Ешкімнен қорыққан да емес, қорықпайды да, - дейді Болат Атабаев.

Азаматтық белсенді Райхан Мамаева Серік Сапарғалиды «Үндеу» деген қазақ тіліндегі газетте осыдан үш жылдай бұрын жарияланған мақаласы арқылы білемін дейді.

- Мақала соңында оның үй телефоны көрсетіліпті. Үйіне қоңырау соғып, «менің жүрегімде жүрген жайттарды мақалаңызда толық жазыпсыз» деп айттым, - дейді Райхан Мамаева.

Бұдан кейін олар хат жазысып, телефон арқылы тілдесіп жүріпті.

- Алғаш рет онымен 2009 жылдың қыркүйегінде Мұхтар Шахановтың мемлекеттік тіл бойынша өткізген митингісінде кездестім.

Райхан Мамаеваның айтуынша, кейін ол Серік Сапарғали басқарған «Жұмысшылар мен жұмыссыздар одағы» деген қоғамдық ұйымның үйлестірушісі болыпты.

Серік Сапарғали сәуір айының аяғында 60 жасқа толады. Әйелімен ажырасқан, балалары бар. Аға-інілері мен әпкесі Талдықорғанда тұрады.
Ол жергілікті халықты, салт-дәстүрді жақсы біледі. Өзін құрбан етуден тайынбайтын жан. Ешкімнен қорыққан да емес, қорықпайды да.

- Ол балаларымен, әйелімен араласып тұра ма - ол жағын білмедім. Әйтеуір ұлымен кездесіп тұратын. Балалары есейіп кеткен, бірақ әлі немерелері жоқ, - дейді Райхан Мамаева.

Райхан Мамаеваның сипаттауынша, Сапарғалидың мінезі қызба, шорт кесетіні де бар.

- Бірақ ол - әділ әрі адал адам, шындықты тік айтады, қулық-сұмдығы жоқ адам. Көмегіне зәру болып алдына келген жанның бетін қайтармайды,- дейді ол.

2011 жылы желтоқсанның 16-17-сі күндері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе кентінде болған оқиғаларда ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жарақат алған.

Серік Сапарғалидан басқа «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылып сегіз адам, оның ішінде Владимир Козлов, Айжангүл Әмірова, Айман Оңғарова, Наталья Әжіғалиева, Ақжанат Аминов пен Естай Қарашаевтар қамауда отыр. «Жаппай тәртіпсіздіктерге» қатысты 37 азаматтың ісі қазір Ақтауда қаралып жатыр.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG