Accessibility links

Уланған ауыл тұрғындары көшіруді талап етеді


Березовка ауылы тұрғындары көшіруді сұрап үндеу жазып жатыр. Батыс Қазақстан, 29 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка ауылы тұрғындары көшіруді сұрап үндеу жазып жатыр. Батыс Қазақстан, 29 желтоқсан 2014 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындары көшіруді сұрап президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жазып, қол жинай бастады. Жуырда мұнда жаппай улану оқиғасы тіркелген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дерегінше, қарашаның 27-28-і күндері Березовка ауылының уланып қалған 25 бала мен төрт ересек адамы ауруханаға түскен. Науқастар Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы әкімшілік орталығы Ақсай қаласындағы орталық аудандық ауруханада жатыр. Азаттық тілшісін науқастар жатқан палатаға кіргізбеді. Кезекші қарауыл «Березовка ауылынан түскен науқастардың бәрі балалар бөлімшесінде жатыр» деумен шектелді.

Дәрігерлердің алдын ала жасаған ұйғарымы бойынша, тұрғындар белгісіз уытты заттан уланған. Березовка ауылы тұрғындары «балалар ауылдан бірер шақырым жердегі Қарашығанақ газ конденсаты кенішінен тараған күкіртті газдың иісінен талып қалды» дейді. Ауыл тұрғыны Алтынбек Үдербаев қарашаның 27-сі күні кешкі сағат жетілер шамасында далада болғанын айтады.

– Бірдеңе дүңк ете түсті де, аспанға шапшыған жалынның биіктігі 15-20 метрге жетті. Оттың жарығынан бүкіл ауыл жап-жарық болып кетіп, қатты гүріл естілді. Сол түні мүлде жел соққан жоқ, тып-тымық болғандықтан газ ауылға шөгіп қалды, – дейді ол.

УЛАНҒАН ТҰРҒЫНДАР

Березовка ауылы тұрғындары үрейленіп отыр. Ауыл тұрғыны Күнсұлу Сәрсенбаеваның баласы Ақсай ауруханасында жатыр екен.

– Балаларымызды «өтірік істеп жатыр немесе біреу баллоннан газ шашқан» деп айыптады. Бірақ өздері балалардың есін әлі жидыра алмай жатыр, – дейді Күнсұлу Сәрсенбаева.

Сегізінші сынып оқушысы Вадим Мизинов та қарашаның 27-сі күні есінен танып қалғанын айтады.

Тақта алдында сабақ айтып тұр едім, басым айналып, көзім қарауытып, құлап түстім.

– Тақта алдында сабақ айтып тұр едім, басым айналып, көзім қарауытып, құлап түстім. Есімді дәрігердің кабинетінде жидым. Аяғымды уқалап, мүсәтір иіскетіп, валерьянка ішкізді. Ауруханадан кешке шығарды. Бұрын бұлай талып көрмеппін, – дейді Вадим Мизинов.

Ауруханаға түскен тоғызыншы сынып оқушысы, 15 жастағы Кәмила Сағадатованың туысы Әлия Қалиева «менің де басым жиі ауырады» деп шағымданды.

Ауыл тұрғындары жергілікті билік пен төтенше оқиға себептерін тексеріп жатқан комиссия мүшелерінен оқиғаға қатысты түсінік беруін талап етеді. Комиссия отырысы жергілікті мектептегі кабинеттердің бірінде жабық режимде өткен.

– Қолымызға сараптама нәтижелерін бермей қойды. Дәрігерлер «балалар зорыққан, созылмалы сырқатқа шалдыққан» дейді. Сонда ауруханаға түскен 20 баланың бәрі бір мезгілде зорыққан ба? Мұндай болуы мүмкін емес. Орал қаласына қанша баланы әкеткендерін де бізге айтпай отыр, – дейді ауыл тұрғындарының бірі Светлана Воскобой.

Березовка ауылы тұрғындары көшіруді сұрап үндеу жазып жатыр. Батыс Қазақстан, 29 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка ауылы тұрғындары көшіруді сұрап үндеу жазып жатыр. Батыс Қазақстан, 29 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка тұрғындары «ауыл газ кенішіне жақын болғандықтан балалар газдан уланған» деп есептейді.

Ауыл тұрғындарының бірі Айдархан Зейнешев: «Кеніште 20 жылдан артық жұмыс істеген адаммын. Жазық далада улы заттарды жел айдап әкетеді, ал біздің ауыл ойпаңда орналасқан. Күкірт сутегі газын білемін. Зиянды заттардың бәрі осында шөгеді» дейді.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Асхат Сақыпкереевтің айтуынша, 26-27 қараша күндері ауылда өткір иіс сезілген. «Кеніште жұмыс істеген кезде бізге күкірт сутегінің иісі шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсайды деп үйрететін. Осы иіс ауылдан мүлде кетпейді» дейді ол.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының халықпен жұмыс істейтін маманы Мереке Құрманғали: «Ауылға жақын маңайға кенішті айналдыра ауадағы күкірт сутегі деңгейі межелі нормадан асып кетсе халықты хабарландыратын сигнал беретін станциялар орнатылған» деді.

Березовка тұрғындарының айтуынша, экологиялық мониторинг станцияларының ешқайсысы 2012 жылы орнатылғаннан бері іске қосылмаған. Ауыл тұрғыны Тілек Темірғалиев «станциядан сынаманы компания қызметкерлері ғана алады, сондықтан тексеру нәтижелеріне сенбеймін» дейді.

ВИДЕО: Березовка тұрғындары наразылығы

ГАЗДЫ АУМАҚ

Төтенше оқиға себептерін анықтау үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтың басқаруымен облыстық комиссия құрылған. Ауылға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыс прокуроры Серік Қараманов, төтенше жағдайлар комитеті төрағасы Валерий Петров, Бөрілі ауданы әкімі Марат Түсіпқалиев және облыстық ішкі істер департаменті бастығы Махамбет Әбисәтов келіп кеткен.

Мектепте себебі түсініксіз жағдай болған. Нақты не болғанына қатысты әлдебір баға бере алмаймын.

– Мектепте себебі түсініксіз жағдай болған. Нақты не болғанына қатысты әлдебір баға бере алмаймын. Қазір тамақтан улану, баллоннан немесе әлдебір ыдыстан шашылған газдан улану және Қарашығанақ кенішінен тараған газдан улану сияқты үш болжам тексеріліп жатыр, – деп мәлімдеді Нұрлан Ноғаев ауыл тұрғындарына.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева балалар «белгілі бір уытты заттардан» уланғанын растағанымен, оның қайдан пайда болғанын айтпады әрі түпкілікті ұйғарымын кейінірек жариялауға уәде етті.

Облыстық экология департаменті бастығының орынбасары Ерлан Сапаров экологиялық мониторинг станцияларының деректерін тексеру үшін мамандар «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясына кеткенін хабарлады. Ол ауыл халқына: «Санитарлық қорғау аймағында орнатылған 16 станцияның бірінде де уытты заттардың межелі деңгейден асқаны байқалмайды. Бұл фактілердің растығы тексеріледі. Әзірше қарашаның 27-сі күні кеніште қыздыру жұмыстары жүргізілгені анықталды» дейді.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының экология және техника қауіпсіздігі жөніндегі басқарушысы Стив Райттың айтуынша, тексеру барысында станциялардың ішінде де, санитарлық қорғау аймағы айналасында да уытты заттардың межелі деңгейден аспағаны анықталған.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Березовка тұрғындарына «облыстық комиссия анықтаған жайттарды сіздерге өзім келіп жариялаймын» деп уәде еткенімен, қашан жариялайтынын айтпады.

Ал жұрт ел президенті мен премьер-министрдің атына ауылдан көшіру туралы өтініш жазып, қол жинай бастады.

Березовка ауылының 166 тұрғыны қол қойған ұжымдық үндеуде: «Ауылдағы қауіпті экологиялық ахуалға байланысты бізді бұл жерден көшіруді сұраймыз. Бұл улану Қарашығанақ күкірт газын өндіру кенішінің әсері екеніне сенімдіміз. Сізден Қазақстан Республикасы конституциясының кепілі ретінде бізді көшіруіңізді сұраймыз. Балаларымыз бен немерелеріміздің өмірін сақтап қалуға көмектесіңіз» деп жазылған.

1979 жылы ашылған Қарашығанақ – әлемдегі газ конденсатын өндіруші ірі кеніштердің бірі. Қазақстанның батысында орналасқан кеніштің аумағы 280 шаршы шақырымнан асады. Оның операторы – British Gas Group, Eni, «Шеврон», «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары құрған «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG