Accessibility links

Оралда украиналық нөмірі бар көлік ұсталды


Қазақстанда ұсталған көлік иелері - Қырым тұрғындары Анатолий Василенко мен Сергей Антоненко. Орал, 12 қараша 2014 жыл.

Қазақстанда ұсталған көлік иелері - Қырым тұрғындары Анатолий Василенко мен Сергей Антоненко. Орал, 12 қараша 2014 жыл.

​Қырымда тұратын ресейлік екі азамат 10 күннен бері Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласынан кете алмай жүр. Олар Қазақстан территориясы арқылы Ресейдің бір аймағынан екінші өңіріне жүк апара жатқан. Бірақ жүк тиелген көлік Украинада тіркелген әрі рұқсат құжаты жоқ.

Мәскеудің Қырымды бөліп алуы, Украинадағы дағдарыс төңірегіндегі халықаралық дау-дамай, Ресейдің тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласуы сияқты геосаяси жанжалдар алысқа жүк таситын қарапайым екі жүргізушіге қиындық тудырды. Көліктері қамақта тұрған әр күн үшін екеуі айыппұл төлеуге мәжбүр әрі жүкті кешіктіргені үшін шығынға батқан. Жергілікті билік «көлік жүргізушілеріне тағар ешқандай кінәміз жоқ, талапты украиналық нөмірлі автокөлікке қатысты қойдық» дейді.

Қарашаның 2-сі күні Батыс Қазақстан облысы көлік инспекциясы Орал-Елек жолы бойында Қырымда тұратын Ресей азаматтары Сергей Антоненко мен Анатолий Василенко жүргізіп бара жатқан, 17 тонна сыра тиелген көлікті ұстаған. Инспекция қызметкерлері «транспорт Украинада тіркелген, ал жүргізушілерінің қолында украиналық нөмірі бар автомашинаның Қазақстан территориясы арқылы жүруіне рұқсат ететін құжаты жоқ» деген уәжбен жүк көлігін айып тұрағына қойған.

Қырым жүргізушілері Кеден Одағы аясында бекітілген келісімге сәйкес жүк таситын Ресей азаматтарына қиындық болмайды деп ойлаған. Олар жүкті Башқұртстанның Уфа қаласынан Астраханьға апара жатқан.

Украина азаматы болмасақ ол елдің рұқсат құжатын қалай аламыз.

– Бізден Украинаның рұқсат қағазын талап етеді. Бірақ біз Украина азаматы болмасақ, оны қалай аламыз? Біз – Ресей азаматымыз, ал Украина ол құжатты бермек түгілі территориясына да кіргізбейді, – дейді жүргізуші Сергей Антоненко.

Оның айтуынша, «бұл проблема Қазақстан мен Ресей бір-бірімен келісіп алмағандықтан шығып отыр».

– Қазақстанның территориясы арқылы жүру құқығын беретін заң болуы тиіс, бірақ Қазақстан жағы ондай заңның барын білмейді немесе жергілікті әкімшілікке хабарламаған сияқты, – дейді Сергей Антоненко.

Оның серігі Анатолий Василенко Қазақстан жағының процедураны созбаққа салып жатқанын айтады.

– Аптаның аяғына дейін ақтық нәтиже шығарып, ымыраға келуге болар еді. Тіпті айыппұлды төлей алмасақ, экстрадициялап жіберсін. Жақын шекараға дейін арнайы белгісі бар көлікпен жеткізсін, – дейді ол.

Көлік инспекциясының дерегінше, жүргізушілер 25 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 45 мың теңге немесе 250 доллар) көлемінде айыппұл төлеген соң Қазақстаннан кетулеріне болады, ал көлік иелері Украинадан рұқсат құжаттарын әкелгенше айып тұрағында қала береді.

Батыс Қазақстан облыстық көліктегі бақылау инспекциясының маманы Самат Ғұмаров. Орал,12 қараша 2014 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық көліктегі бақылау инспекциясының маманы Самат Ғұмаров. Орал,12 қараша 2014 жыл.

– Біз көлік жүргізушісін не иесін емес, тек көліктің өзін ғана ұстап отырмыз. Бүлінген мүлікті өтеуге келсек, бұл – тасымалдаушының кінәсі. Жүкке біз жауап бермейміз, – дейді облыстық көліктегі бақылау инспекциясының маманы Самат Ғұмаров.

Көлік жүргізушілері Ресейдің Оралдағы консулдығына, Қырым республикасының әкімшілігіне хабарласқанымен әзірше жауап ала алмады. Олар ақшалары таусылған соң не істерлерін білмейді. Жүргізушілер жүк тасу үшін несие алғандарын, оны төлеуі тиіс екендерін айтады. Оған қоса 19 тонна сыраны 10 күн бұрын Астраханьға жеткізулері керек болған.

Оралдағы айып тұрағына қамалған көліктерінің ақысына күніне 2500 теңге (шамамен 14 доллар) төлейтін жүргізушілер ол мекемеге 25 мың теңгедей қарыз болып қалған.

Жүргізушілер пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал жүк иесі тасымалдаушылардың шығынды өтеулерін талар еткен.

Ресей 2014 жылы көктемде Қырымды аннексиялаған еді. Украина Қырымның өзінен бөлінуін мойындамай, оны Ресейдің оккупациялап алғанын айтады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG