Accessibility links

Билік арнайы жасақтың Балқаш түрмесін шабуылдауға кіріскені туралы қарама-қайшы ақпарат береді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Өткен түні Балқаш қаласы маңындағы жалпы тәртіптегі колонияда сотталушылар мен түрме әкімшілігі арасында қарулы қақтығыс болып, бір адам қаза тапты.


Құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түнгі сағат бір жарымдар шамасында Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колонияда бір топ сотталушының қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлады. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.

12 ТҰТҚЫН

Полицияның хабарлауынша, қазір колония маңын ішкі істер министрлігінің бөлімшелері мен ішкі әскер қызметкерлері қоршауға алған. Бірақ олар колония ішіндегі жағдайды нақты айтпай отыр. Кейбір ақпарат көздері түрмедегі қақтығыстың әлі басылмағанын айтады.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, түрмеде 12 тұтқын 30-дай адамды кепілге алған.

Ал «Новости-Казахстан» агенттігі, қылмыс-атқару жүйесі комитетіне сілтеме жасай отырып, ешкімнің кепілге алынбағанын айтады.

Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Жанатай Сембеков бұл туралы ақпарат жоқ екенін айтады. Ол тек «қашпақ болған» тұтқындар туралы қысқаша мәлімет берді.

– 12 сотталушының оны - 19 бен 23 жаста, ал қалған екеуінің жасы – 30-дан асқан. Біреуі экстремизм үшін айыпталған, – деді шілденің 11-і күні Жанатай Сембеков Азаттық тілшісіне.

«Қашпақ болған тұтқындар оқшауланды ма?» деген сұрағымызға Жанатай Сембеков былай деп жауап берді:

– Қазір процес жалғасып жатыр. Менде толық ақпарат жоқ. Мекемені қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері, ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшесі мен ішкі әскері қоршап алғанын айттым.

Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Шілденің 11-і күні түске таман колонияға хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген қызметкер: «Бастықтардың барлығы көшеде жүр. Жағдай әзірге қалыпты» деп жауап берді. Балқаш қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері де колонияда жүрген болып шықты.

«ЭКСТРЕМИСТІК КҮШТЕР» МЕН «ЗЕКТЕР»

Құқық қорғау органдары атыс туралы ақпаратты растағанмен, сотталушылардың түрмеден не себепті қашпақ болғандарын ашып айтпады.

Балқаш түрмесінде үш жылдан астам жазасын өтеген журналист Тоқберген Әбиевтің пікірінше, бұған экстремистік күштердің қатысы болуы әбден мүмкін.

– Себебі адамдар қашатындай түрмеде жағдай соншалықты жаман емес. Ол жақта отырған кезде барлық тұтқындардың түрме әкімшілігіне
«Закон и правосудие» басылымының бұрынғы бас редакторы Тоқберген Әбиев. Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, 17 мамыр 2011 жыл.

көзқарасы жаман болмаған. Нақтысын білмеймін ғой. Дегенмен оқиға солармен (экстремистік күштермен – Азаттық) байланысты сияқты, – дейді Тоқберген Әбиев.

Оның айтуынша, «қарапайым сотталушыларға түрме ішінде тәртіпсіздік орнату – тиімсіз, себебі ешкім де түрмеде тәртіптің қатайтылғанын қаламайды».

– Сондықтан бұл атыс колония сыртындағы біреулерге тиімді сияқты. Менің ойымша, қазір сең қозғалып кетті. Енді оны тоқтату өте қиын. Бір анық білетінім, ішіндегі зектердің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ, – деді Тоқберген Әбиев.

Қазір түрмедегі өзге сотталушылардың туыстары жақындарының жағдайына алаңдап отыр. Олардың кейбірі түнгі атысты ести сала колонияға жетіпті.

– Түнгі төртте бардық. Зонадан жеті шақырым жердің өзінде жолда ОМОНдар тұрды, кіргізбей, құжаттарымызды тексерді, – дейді есімін айтудан бас тартқан сотталушылардың туыстарының бірі.

Шілденің 11-і "Интерфакс" және "Новости-Казахстан" ақпарат агенттіктері "Арлан" арнайы бөлімінің Балқаштағы түрмеге басып кіріп, тәртіп орнату операциясын бастап кеткенін хабарлады. Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Жанатай Сембеков бұл мәліметті растаған. Бірақ, қылмыстық атқару комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов Азаттық тілшісімен тілдескенде бұл ақпаратты теріске шығарды.

АК-159/21 жалпы тәртіптегі колония Балқаш қаласының шетінде орналасқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG