Accessibility links

Дін жайлы сұрақтар «Иегово куәгерлерін» қамауға ұласты


Астанада «Иегово куәгерлері христиан қауымының» екі өкілінің үстінен «діни араздықты қоздыру» айыбымен қозғалған қылмыстық іс тексеріліп жатыр. ҰҚК болжамынша, олар «конфессияаралық және ұлтаралық келісімді» бұзатын уағыздар айтқан. Олардың адвокаты «бұл - арнайы қызметтің арандатуы» деп мәлімдейді.

Астаналық тұрғын Теймур Ахмедовті қаңтардың 18-і күні ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері «топтасып діни өшпенділікті қоздырды» деген айыппен ұстаған. Сол күні осындай айыппен «Иегово куәгерлері» қауымының тағы бір мүшесі Асаф Гулиев те ұсталған. Кейінірек Астана соты екеуін тергеу амалдарын жүргізу үшін екі айға қамауға қаулы еткен.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Азаттықтың ресми сауалына жолдаған дерегінше, Ахмедов пен Гулиев былтырғы мамырдан қараша айына дейін Астанадағы «түрлі пәтерлерде діни жиындар ұйымдастырып», мазмұнынан «түрлі конфессиялар мен этнос өкілдерінің діни және ұлттық сана-сезімін қорлайтын белгілер байқалатын» уағыздар айтқан.

Арнайы қызметтің хабарлауынша,сот сараптамасы Гулиев пен Ахмедовтің әлгі уағыздарынан «араздық қоздыру» белгілері мен «бір діннің екінші діннен ерекшелігі мен артықшылығы туралы сөздер» тапқан.

ШАЙ ҮСТІНДЕ

Ахмедовтің адвокаты Виталий Кузнецов клиентінің жазықсыз екеніне сенімді. Оның айтуынша, пәтерлердегі әлгі «жиындарды» арнайы қызметтің өздерін студентпіз деп таныстырған қызметкерлері ұйымдастырған, былтыр Теймур Ахмедов «діндесі» Асаф Гулиев екеуі олармен дін тақырыбына бірнеше мәрте әңгімелескен.

Әлгі «студенттер» менің клиентім мен оның діндесі Гулиевті алдын ала жалға алынған пәтерге шақырып, достық пейілмен ішілген шай үстінде өзге діндерге қатысты арандатушы сұрақтарды әдейі қойған. Әлгі кездесулердің бәрін жедел әрекет ету бөлімі қызметкерлері пәтерде алдын ала орнатып қойған видеокамераға жазып алған.

- Әлгі «студенттер» менің клиентім мен оның діндесі Гулиевті алдын ала жалға алынған пәтерге шақырып, достық пейілмен ішілген шай үстінде өзге діндерге қатысты арандатушы сұрақтарды әдейі қойған. Әлгі кездесулердің бәрін жедел әрекет ету бөлімі қызметкерлері пәтерде алдын ала орнатып қойған видеокамераға жазып алған. Бірақ шын мәнінде, шай үстінде менің клиентім студенттердің сұрақтарына жауап беріп, әлдебір діни наным, ілімдерге қатысты бейбіт пікірін ғана айтқан. Оның сөздерінде зорлық-зомбылық немесе өзге заңға қайшы әрекеттерге шақыру мүлде болмаған, - дейді Виталий Кузнецов Азаттыққа.

Адвокаттың айтуынша, арнайы қызмет мұндай айланы Астанада бұрын да пайдаланған. Оның сөзінше, екі жыл бұрын әлгі тәсіл «Жетінші күн адвентистері» шіркеуіне келуші Ықылас Қабдуақасовқа қатысты қолданылған. 2015 жылғы желтоқсанда Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы «діни алауыздық қоздырғаны» үшін оны екі жылға соттаған болатын.

Діни араздықты қоздырды деген күдікке ілінген Теймур Ахмедовтің жасы 60-тан асқан, үш баласы бар. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

- Оның «Иегово куәгерлері» қауымының мүшесі болғанына 10 жылдан асқан. Бұрын ешқашан қылмыстық жауапқа тартылмаған. Тұрғылықты жеріндегі учаскелік инспекторлар да, көршілері де оны жақсы жағынан ғана сипаттайды. Өте қайырымды жан болғандықтан, қоғамдық автобустың жүргізушісі болып жұмыс істеген кезде Астана қаласы газеттері ол кісі жайлы талай жазған. Әлгі мақалалардың бірі «Әлемде мейірімді адамдар бар» деп аталады, - дейді Виталий Кузнецов.

ҚАТЕРЛІ ІСІКПЕН АБАҚТЫДА

Теймур Ахмедовті Астанадағы №12 тергеу абақтысына екі айға қамаған. Адвокат оның денсаулығы үшін алаңдайды, өйткені клиенті онкологиялық дертке шалдыққан.

- Хирург-онколог дәрігердің берген ұйғарымына сәйкес, асқазан-ішек жолындағы ісікті (сегіз сантиметр) сылып алып тастау үшін оған операция жасау керек. Ісіктің кесірінен күн сайын ішінен екінші дәрежелі қан кетеді. Бұған қоса, оған қылмысын мойындатуды көздеп, денсаулығының мүшкіл екеніне қарамастан, тергеу абақтысында оны бірнеше рет соққыға жыққан, адамшылыққа жатпайтын азап көрсеткен, - дейді Виталий Кузнецов.

Сондықтан ол №12 тергеу абақтысы бастығына азаптауға қатысты шағым түсіріп, көшірмесін бас прокурор мен омбудсменге жолдаған.

ҰҚК өкілдері сотқа Теймур Ахмедовтің онкологиялық дертке шалдыққан науқас екені туралы анықтама көрсеткен. Олар Азаттық тілшісіне «бірақ сырқатына байланысты қамауда отыра алмайтынын растайтын құжаттар болмағандықтан, ол тергеу абақтысына қамалды» деп түсіндірді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі екі христианның тергеу абақтысында отырғанына қатысты комментарий бермеді. Полицияның Азаттыққа жолдаған бірер сөйлем жауабында «ұлттық қауіпсіздік органдары Әзербайжан азаматтары Гулиев пен Ахмедовке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» деп жазылған. Бірақ Ахмедовтің адвокаты «клиентім - Қазақстан азаматы» дейді.

18, 19 ЖӘНЕ 20-БАПТАР

ҰҚК діндарлардың қылмысы «конфессияаралық және ұлтаралық келісімді бұзатын діни және ұлттық араздық қоздыру ретінде бағаланады» деп санайды. ҰҚК хабарлауынша, діндарлардың тұратын жерінен «дін істері комитетінің дінтану сараптамасы негізінде Қазақстан Республикасы территориясына әкелуге және таратуға ертеректе тыйым салынған 18 түрлі кітап табылып, тәркіленген» .

ҰҚК-нің Азаттықтың сауалына жолдаған жауабында «Күдіктілер әрекетінің жағымсыз зардаптары болған, мұны А.А.Рахымжанов деген әлдебір адамнан Астана қаласы дін істері басқармасына түскен шағым көрсетеді» деп жазылған.

Теймур Ахмедовтің адвокаты да, ҰҚК де келтірген уәждерінде азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге сүйенеді.

- Қазақстан Республикасы ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 19-бабында ой-пікірін ашық білдіру құқығы тікелей қарастырылған. Жуырда БҰҰ-ға қарасты адам құқығы комитетінің діни еркіндік жөніндегі арнайы өкілі Қазақстан Республикасы назарын ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабын негізсіз қолдануға аударған, - дейді адвокат Виталий Кузнецов Азаттыққа.

ҰҚК өкілдері қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғауды ел заңдары ғана емес, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті баптарымен де түсіндіріп, құжаттың 18-бабының үшінші тармағы мен 20-бабын атаған.

Әлгі баптарда «дінді немесе діни сенімін уағыздау еркіндігін өзге тұлғалардың негізгі құқық, еркіндігі мен қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті, денсаулық пен моральды қорғау үшін қажет және заңдарда қарастырылған жағдайларда ғана шектеуге болады» деп жазылған. Бұған қоса, «кемсітушілікке, өшпенділікке немесе зорлық-зомбылыққа итермелеу түріндегі ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікті қоздыратын кез келген әрекетке заң жүзінде тыйым салынуы тиіс».

ПАКТІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Азаматтық және саяси пактілер жөніндегі халықаралық пактінің кей баптарында шектеулер бар екенін Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис те мойындайды. Бірақ оның пікірінше, адамның ар-ұждан және діни еркіндігін ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін шектеуге болмайды, тек қауіпсіздік мүддесі үшін ғана шектеуге болады. Оның пікірінше, Қазақстан заңдарында осы екі термин шатасып кеткен, өйткені қоғамдық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі саналады, ал халықаралық деңгейде екеуін бөліп қарастырады.

Негізі, адамды айтқан сөзі үшін қамау шарасы көбінесе артық қолданылады, ол күш көрсету кезінде немесе зорлық-зомбылық қатері төнгенде ғана қолданылатын шара болуы тиіс. Әлгі адамның айтқандары бізге ұнасын, ұнамасын, сөз қылмыстық қудалауға негіз бола алмайды.

- Әлгі шектеулер қажет, оларсыз болмайды. Егер бірдеңені шектейді екенсіз, яғни «Иегово куәгерінің» әлдебір жерде әлденені айтуына болмайды екен, онда бұл қажет екенін, әлгі шектеусіз болмайтынын дәлелдеуге тиіссіз. Оның айтқаны жұрттың бәріне қатер төндіретінін дәлелдеу керек. Шектеу қатерді тойтаруға шамалас деңгейде немесе тең болуы тиіс. Негізі, адамды айтқан сөзі үшін қамау шарасы көбінесе артық қолданылады, ол күш көрсету кезінде немесе зорлық-зомбылық қатері төнгенде ғана қолданылатын шара болуы тиіс. Әлгі адамның айтқандары бізге ұнасын, ұнамасын, сөз қылмыстық қудалауға негіз бола алмайды, бұған қоса халықаралық құқық саласында біздің қылмыстық кодексте қолданылатын «араздықты қоздыру» деген тіркес жоқ, - дейді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, Қазақстанда қазір «араздық» ұғымы көп мән-мағынада, түрлі нұсқада қолданып, бұл ұғымды әрқилы түсіндіреді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG