Accessibility links

Қазақстан президенті әйелдердің хиджаб киюіне қарсы


Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл.

Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл.

Жұма күні Түркістанда шығармашылық өкілдерімен кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әйелдердің хиджаб тағып, пәренже киюіне қарсы екенін туралы мәлімдеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қыз-келіншектердің хиджаб байлап, пәренже киюін қолдамайтыны туралы наурыздың 11-і күні көпшілік алдында мәлімдеген. Бұл туралы жұма күні ақпарат агенттіктері хабарлады.

«Мен әсіресе оқушы қыздарымыздың хиджаб немесе пәренже киюіне түбегейлі қарсы болғанмын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған», – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Назарбаевтың: «біздің тарихымызда мұндай дәстүр болған емес. Ақиқат дінді күштеп таңылғанынан айыра білу керек» деп айтқаны туралы хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Президент Назарбаев бұл пікірін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласында шығармашылық өкілдерімен кездесуде мәлімдеген. Бұл сапарында Назарбаев сол қаладағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінде болып, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысқан.

Мұсылман дініндегі қыз-келіншектердің басына орамал байлап жүруі соңғы жылдары Қазақстан қоғамының назарына жиі ілінген даулы мәселелердің біріне айналды.

Елде әртүрлі оқу орындарында білім алып жүрген оқушы қыздар мұсылмандық салт-дәстүрге сай басына орамал таққаны үшін құқықтары бұзылып жатқанын айтып шағым жасағаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған:
Адам құқығын қорғаушылар мекемелер әкімшілігінің мұндай тыйымдарын азаматтардың конституциялық құқықтарына қол сұғу деп бағалайды. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша көпшілік орындары мен мекемелерде діни салт-дәстүрге сай киінуге байланысты ешқандай шектеу салынбаған.

Тағы бір атап өтер жайт, үкімет және парламент мүшелерінің арасында да бұл мәселе жөнінде ортақ пікір жоқ. Бұған дейін тіпті Қазақстан министрлері осынау мәселеге қатысты бір-біріне қарама-қарсы көзқарас ұстанып отырғаны жайында Азаттық сайты жазған болатын.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының деректері бойынша, елдегі 16 миллион тұрғын халықтың 70 пайызға жуығын мұсылман дінін ұстанатындар құрайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG