Accessibility links

«Махаббат» кешені тұрғындары сотқа жүгінді


Сотқа келген "Махаббат" кешенінің тұрғындары Меруерт Тұрыспаева (сол жақта) және Динара Досманова. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

Сотқа келген "Махаббат" кешенінің тұрғындары Меруерт Тұрыспаева (сол жақта) және Динара Досманова. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

Астанадағы «Махаббат» кешені тұрғындары үйлерінен шығару мерзімін шегеруді сұрап сотқа жүгінді. Наразылық білдірген оларды бала-шағасымен полиция ұстап, әлеумет наразылығы туған еді.

Осы апта Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында пәтерді жалға беру келісім-шарты бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралғанға дейін отбасын пәтерден шығармауды сұраған Сағат Әбдіғаниевтің талап-арызы қаралып жатыр.

«Махаббат» кешені тұрғындары Сағат Әбдіғаниевті қолдау үшін Сарыарқа аудандық сотына кішкентай балаларын ертіп келді. Ол – күннің суығына қарамастан үйінен күшпен шығарылуы тиіс ондаған тұрғынның бірі.

Наурыздың 6-сы күні әйелдер үйлерінен шығаруға наразылық акциясын өткізу үшін балаларын «ҚазМедиа Орталығы» медиаорталығына ертіп әкелді. Сот отырысы өткен сол күні полицейлер 30-дан аса баланы ересектермен бірге автобусқа тиеп әкетіп, бірнеше сағат бөлімшеде ұстаған.

«БАЛАЛАРДЫ СТРЕСТЕН ҚОРҒАУ»

Автобусқа күшпен тиеліп, полицияға апарылған балалардың кейбірімен қазір мектеп психологтары жұмыс істеп жатыр. Әке-шешелерінің айтуынша, балалар полицейлердің әрекетінен қатты шошынып қалған.

"Кей балалар түнде шошып оянып, бақырып жылайды. Құқық қорғау органдарында істейтін адамдардың барлығын жек көріп кетті. Балаларды ешкім мәжбүрлеп апарған жоқ, олар жағдайды онсыз да түсінеді" дейді әйелдердің бірі Динара Досманова.

Ата-аналар пәтерден күшпен шығарған кезде балалар бәрібір стресс алар еді дейді.

"Махаббат" кешенінің тұрғыны, жеті баланың анасы Меруерт Тұрысбаева.

"Махаббат" кешенінің тұрғыны, жеті баланың анасы Меруерт Тұрысбаева.

"Балаларымыз сот шешімін орындаушылары есікті бұзып, қыс ортасында далаға қуып шыққанда қатты шошынады. Бәрібір далада қалып, бәрібір стресс алар еді" дейді жеті баланың анасы Меруерт Тұрыспаева.

Әйелдердің айтуынша, автобусқа күштеп тией бастағанда ересектердің аяқ астында қалып қойған 11 жастағы қыз баланың жағдайы қазір жақсы емес. Дене қызуы түспейді, медициналық тексеру нәтижелері әлі белгісіз. Ол медиаорталық жанында полицейлер жаппай қаумалаған кезде «құлап қалып, біреу басымнан басып кетті» деп айтқан.

ЖАҢА ҚОЖАЙЫН ШЫҒУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы басталғалы көп болды. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Агрофирма Қазэкспортастық» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Кейіннен «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған компания оларды тұрғындарға қайтарып бермеген.

Қаланың ресми сайтындағы Астана әкімдігі жариялаған ақпаратқа сәйкес, «ҚазАгроХолдинг» компаниясы пәтерлерде адамдар тұрып жатқанынан хабардар болса да, 2012 жылдың ақпанында «Махаббат 1» және «Махаббат 2» тұрғын үй кешендерінен 48 пәтер сатып алған.

Заңгер Болатбек Біләлов (сол жақ шеткі) пен "Махаббат" кешені тұрғындары сотта отыр. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

Заңгер Болатбек Біләлов (сол жақ шеткі) пен "Махаббат" кешені тұрғындары сотта отыр. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

Сот отырысында тұрғындардың пәтерлерді айына әуелі 25 мың теңгеге, кейін 40 мың теңгеге жалдап тұрғаны белгілі болды. Бірақ жаңа қожайындар тұрғындардан жалдау ақысын қабылдаудан бас тартып, баспаналарын босатауды талап еткен.

Кейбір тұрғындар бұл пәтерлерге 2009 жылы көшіп кірген. Тұрғындардың айтуынша, ішкі жұмыстары бітпеген пәтерлерді жөндеп, өз ақшаларына есік, терезелерін салып, жылу батареяларын орнатқан.

«Махаббат» кешені тұрғындарының мүддесін қорғаушы Болатбек Біләловтің айтуынша, тұрғындар пәтерлердің қазіргі иесі «ҚазАгроХолдинг» компаниясымен келісім жасауға тырысқан. Тұрғындардың «келісім-шартқа сәйкес, пәтерді жалдау ақысын 2015 жылға дейін төлейік» деген ұсынысына компания келіспеген.

«ҚазАгроХолдинг» компаниясы өкілі Перизат Құсайынованың айтуынша, компания пәтерлерді жалға бермейді, бір шаршы метрін 1 мың 300 доллардан сатуға ғана келіседі. Компания өкілінің айтуынша, бұл пәтерлерді сатып алатындар баяғыда табылған. Қазір даулы 33 пәтерге қатысты тұрғындарды күшпен шығару туралы сот қаулысы бар.

«ҚазАгроХолдинг» компаниясының өкілі Перизат Құсаинова. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

«ҚазАгроХолдинг» компаниясының өкілі Перизат Құсаинова. Астана, 12 наурыз 2014 жыл.

"Олар өздерінің баспана проблемасын компания есебінен шешкілері келеді. Бұрынғы меншік иесімен келісім-шартқа отырғандары өтірік. Заңды құжаттары жоқ болған соң сотқа да көрсете алмады" дейді Перизат Құсайынова.

Ал тұрғындар жаңа қожайын жағдайын түсініп, жалға беру шарты бойынша пәтерлерінде биыл тұрып шығуға мүмкіндік беріп, кейін әр шаршы метрін 900 доллардан сатады деп үміттенеді.

"Олар (жаңа қожайын) бұл пәтерлерді адамдарымен, проблемасымен бірге сатып алды. Енді өздері шешсін" деп мәлімдеді сотта «Махаббат» кешені тұрғыны Сағат Әбдіғаниев.

МӘМІЛЕ ТАБУҒА ТЫРЫСУ

Тұрғындардың кеңесшісі әрі соттағы өкілі Болатбек Біләлов «пәтерлерді жалға беру туралы келісім-шартқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып біткенше тұрғындар баспаналарынан шығармауды сұрайды» дейді. Оның айтуынша, бұл іс сот қарауына наурыз айында түсуі тиіс.

«Махаббат» кешені тұрғындары баспаналы болу құқығын қорғау үшін Астанада наразылық акциясына бірнеше мәрте шыққан. Осындай акциялардың соңғысы үлкен шуға ұласты. Наурыздың 6-сы күні «Қазмедиа Орталығы» медиаорталығы жанында балаларымен бірге наразылық акциясын өткізбек болғандардың барлығы ұсталды. Полицейлердің әрекеті әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, азаматтар балалардың құқығын қорғау үшін қол жинай бастады.

Полицияның "Махаббат" кешені тұрғындарын бала-шағасымен ұстағанын мына видеодан көре аласыз:


Наурыздың 7-сі күні жергілікті ақпарат құралдары Астана қаласы ішкі істер департаменті акцияға қатысқан әйелдерді «Кәмелетке толмаған балаларды әкімшілік заң бұзушылыққа қатыстыру» бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартудан бас тартқанын хабарлады.

Алматы қаласы белсенділерінің Астана қаласында ұсталған балаларды қолдау мақсатында келесі күні наразылық акциясын өткізу жоспары іске аспай қалды. Наурыздың 8-інде таңертең Алматыда азаматтық белсенді Дильнар Инсенованы полиция ұстап әкетіп, Алматы қалалық соты оған «бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңды бұзды» деген айыппен 50 АЕК (92 мың 600 теңге) көлемінде айыппұл салды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG