Accessibility links

«Жамағатшы» Тулбаевтың түрмеде отырғанына бір ай болды


Сәкен Тулбаев сот залында тұр. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.

Сәкен Тулбаев сот залында тұр. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.

Түрмедегі «жамағатшы» Сәкен Тулбаевпен кездесуде болған құқық қорғаушы «түрмеде тұтқынды соққыға жыққан сияқты» дейді. Түрме әкімшілігі бұл болжамды терістейді.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы Елена Семенованың Азаттыққа хабарлауынша, ол алматылық тұтқын Сәкен Тулбаевпен екі рет сұрап, әрең кездескен. Биыл шілдеде Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына қатысы бар деп танылып, 4 жыл 8 айға сотталған 46 жастағы Сәкен Тулбаев қыркүйекте Павлодардағы колонияға этаппен жөнелтілген.Тулбаев тағылған айыптарды мойындамайды.

- Тулбаевпен әуелі қазанның 8-і күні жалпы режимдегі колонияда (АП-162/3 мекемесі) жолығуға әрекет етіп көрдім. Бірақ маған түрме әкімшілігі «бізде мұндай тұтқын жоқ» деді. Ал тұтқын Тулбаевтың әлгі колонияда екенін сол күні анықтадым, - дейді Елена Семенова.

«ТҰТҚЫННЫҢ ДЕНЕСІНДЕ СОҚҚЫ ІЗДЕРІ БАР»

Құқық қорғаушы Елена Семенова түрмеге бірінші рет барған кезде тұтқын Тулбаевпен кездестірмеу себебін «Оны колонияға түскен кезде ұрып-соққан немесе ол түрмеге соққыға жығылып келген болуы мүмкін. Ал түрме әкімшілігі оның денесіндегі соққы іздері әбден кеткенін немесе көзге көрінбейтіндей болғанша күткен сияқты» деп болжайды. Ол болжамының растығына көз жеткізу үшін қазанның 23-і күні Тулбаевпен кездескен кезінде оның белуарына дейін шешініп, денесін көрсетуін сұраған. Семенова оның денесінен талаурап ісінген тұстарды көргенін айтады.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы Елена Семенова. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы Елена Семенова. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

- Әлгі ісіктер резеңке таяқтың ізіне ұқсамайды. Оны жұдырықпен ұрған тәрізді немесе тепкілеген сияқты. «Ұрды ма?» деп өзінен сұрап едім, жанарын төмен салып, ештеңе айтпады. Сосын қайталап сұрадым. Ол «өзім құлап қалдым» деп жауап берді, - дейді Елена Семенова.

Құқық қорғаушы «тұтқын Сәкен Тулбаев шағымданбағанымен, әбден титықтаған түрі аянышты көрінеді» дейді.

Павлодардағы колонияның режим бөлімі қызметкері, капитан Серік Кәрімов Азаттық тілшісіне түрмеде тұтқын Тулбаевты ешкім ұрып-соққан жоқ деп мәлімдеді.

- Оны ешкім де ұрып-соққан жоқ. Бізде бәрі заң жүзінде істеледі. Ол мекеме жасағында отыр, - дейді капитан Кәрімов.

Кәрімовтің айтуынша, тұтқын Сәкен Тулбаев Павлодардағы түрмеге қыркүйектің 27-сі күні түскен. Ол құқық қорғаушы Елена Семенованы тұтқын Тулбаевпен жолықтыруға ертіп апарған, бірақ екеуінің әңгімесіне қатыспаған. «Қазанның 8-і күні «Тулбаев мұнда жоқ» деген сылтаумен Елена Семенованы тұтқын Тулбаевпен неліктен жолықтырмадыңыздар?» деген сұраққа ол жауап бермеді.

ӘЙЕЛІМЕН КЕЗДЕСКІСІ КЕЛЕДІ

Құқық қорғаушының айтуынша, туыстары Алматыдағы тергеу абақтысы әкімшілігі арқылы берген жылы киімдерін Сәкен Тулбаев Павлодар облысына этаппен жөнелтер қарсаңында алған. Ол Семеноваға «әйелімен кездескісі келетінін» айтқан.

Сәкен Тулбаевтың әпкесі Феруза. Алматы, 27 мамыр 2015 жыл.

Сәкен Тулбаевтың әпкесі Феруза. Алматы, 27 мамыр 2015 жыл.

Сәкен Тулбаевтың Алматыда тұратын апайы Феруза Тулбаеваның Азаттыққа хабарлауынша, «қазанның 24-і күні бауыры үйіне телефон соққан». Ол «жағдайым жақсы, әйелім ұзақ мерзімді кездесуге келсін» деп тілек айтқан.

Сәкен Тулбаевтан екі баласы бар Румина Фахрудинова екеуінің некесі ресми тіркелмегендіктен, күйеуімен жолығуға рұқсат етпейтін шығар деп қауіптенеді. Ол «Біреулер неке ресми тіркелмесе, түрмедегі күйеуіңмен кездесуге рұқсат етпейді, енді біреулер кездесу үшін ресми некеде болу шарт емес деп түсіндіреді, енді не істерімді білмей отырмын» дейді.

Колония қызметкері Серік Кәрімов «азаматтық некедегі әйелімен жүздесу мүмкіндігін ол заңгерлермен, абзалы Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі заңгерлермен пысықтап алғаны жөн» деп санайды. Өйткені биыл қаңтардан бастап іске қосылған жаңа қылмыстық-атқару кодексінде сотталған азаматтарды туыстарымен кездестірудің жаңа тәртібі белгіленген.

Ал құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, жаңа қылмыстық-атқару кодексінде «Кездесу» деген бап бар. Бұл бапта тұтқынның ресми некеде жоқ, бірақ ортақ балалары бар тұлғамен ұзақ мерзімді кездесу мүмкіндігі қарастырылған

Сәкен Тулбаев пен оның әйелі Румина Фахрудинова сот залында. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

Сәкен Тулбаев пен оның әйелі Румина Фахрудинова сот залында. Алматы, 16 маусым 2015 жыл.

- Егер Тулбаев азаматтық некедегі әйелі мен екеуінің ортасындағы балаларын онымен кездесу құқығы бар жақын туыстарының тізіміне колонияға түскенге дейін енгізбеген болса, мұны қазір жасауы тиіс. Ал әйелі кездесуге қажет құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелерімен баруы тиіс, - дейді Евгений Жовтис.

ҮЙІНЕН ШАЛҒАЙДА

Евгений Жовтистің түсіндіруінше, заң бойынша Алматы тұрғыны Сәкен Тулбаев жаза мерзімін тұрғылықты аймағында, яғни Алматы қаласында немесе Алматы облысында өтеуі тиіс. Алматы қаласы елдің оңтүстігінде орналасқан әрі Қазақстанның солтүстік-шығысында Сібірмен шектесетін Павлодарға қарағанда климаты жылы. Оның айтуынша, тұтқынды жазасын өтеу үшін өзге аймаққа жөнелту себебін түрме билігі әдетте «тұтқынның қауіпсіздік қамы немесе жергілікті түрмелерде орын жоқ» деген уәжбен түсіндіруге тырысады.

Сәкен Тулбаевты Павлодар облысынан Алматы облысына ауыстыру процесін бастау үшін оның өзі адвокат арқылы немесе туыстары тиісті өтініш жазуы тиіс. Құқық қорғаушы Жовтис «егер түрме билігі оны ауыстырудан бас тартса, шағымдану процесін бастау қажет» деп түсіндіреді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG