Accessibility links

Жылу ғана емес, оны есептейтін құрал да тұтынушының қалтасын қағады, тұрғындар бұған наразы


Қызылжарда қаңтардың аязы қысып тұр.Петропавл,27 қаңтар, 2009 жыл.
Қызылжарда қаңтардың аязы қысып тұр.Петропавл,27 қаңтар, 2009 жыл.

Петропавл қаласында жылу есептегіш құралдарын орнату туралы дау-дамай әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бұған дейін монополист кәсіпорын қайта-қайта түрлі жиын өткізіп, тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтеріне жылу есептегіш құралдарын орнату қажеттігін түсіндіріп келген-ді. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы.

Осы күнге дейін көпқабатты үйлердің 16 пайызы ғана есептегіш орнатты. Бұл жұмысты ширату үшін желтоқсанның 29-ында «Табиғи монополиялар туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, коммуналдық қызмет көрсетушілерге де, тұрғындарға да жылу есептегіш құралдарын міндетті түрде орнату жүктелді. Бірақ қызылжарлық жылу берушілер жіпсіз байланып, әлі де жылу есептегіштер орнатуға кірісе алмай отыр.

«Солтүстік Қазақстан Энерго Орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз хатшысы Вячеслав Савенковтың айтуынша, «Табиғи монополиялар туралы» заң тұрғындар мен монополистерді жылу есептегіш орнатуға міндеттегенімен, Азаматтық кодекске сай монополист тұрғындардың келісімінсіз мұндай қадамға бара алмайды. Ал Петропавл тұрғындарының 40 пайыздайы жылу есептегіш құралдарын орнатуға қарсы.

Өйткені, олардың пікірінше, мұндай құрал орнатудың кемшілігі көп. «Вега» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Тамара Павлованың айтуынша, жылу есептегіштің машақаты көп, оны ешкім ұрлап кетпес үшін күзету керек, көрсетілімдерін ұдайы бақылап, ауа райына қарай реттеп отыру қажет. Мұндай шаруалармен айналысу үшін әр үйде арнайы оқу оқып, аттестацияланған бір адам болған жөн.

Кейбір үйлердің жертөлелері алқам-салқам, жылу есептегіш құралын орнатуға жарамайды, онда темір есік орнату керек, болмаса осы құрал үшін кішігірім жеке ғимарат салу керек. Одан соң, ескі үйлердің жылу құбырларын есептегіш орнатуға болатындай талапқа сәйкестендіріп, есік-терезелерін, барлық аңғал-саңғал, шұрқ-тесіктерін бітеудің өзі қымбатқа түседі. Бір жылу есептегіштің құны 125 мыңнан 245 мың теңгеге дейін. Оған оны орнату жөніндегі жұмыс шығындары қосылады. Бұл соманы әр пәтерге шаққанда, тұрғындар шамамен бір жыл бойы ай сайын бір шаршы метрге 7 теңгеден 160 теңгеге дейін төлеп отыру керек. Одан соң құрылғыға техникалық қызмет көрсету, бақылау, сынып қалса, жөндеу де тұрғындардың мойнында. Ал тұрғындар артық ақша төлегісі жоқ. Пәтер иелері кооперативтері төрағаларының есебінше, құрылғының арқасында үнемделген ақша бәрібір осындай шығындарға кетеді, пайдасы мен зияны бірдей.

Ал жылу берушілердің есебінше, жылу есептегіштің пайдасы көп. «Солтүстік Қазақстан Энерго Орталық» серіктестігінің маманы Алеся Казановскаяның айтуынша, жылу есептегіші жоқ үйлердің тұрғындары пәтерінің әр шаршы метрі үшін жылуға 69 теңгеден төлеп келсе, есептегіш орнатқандар 40-50 теңгеден төлейді. "Жылу неғұрлым көп берілсе, шығын да көп: мәселен, қазір Петропавлда жылу шығыны 36 пайызды құрайды, яғни қыруар жылу далаға кеткен. Есептегіші бар үйлердің тұрғындары жылуды үнемдеуге тырысады. Үнемделген жылуды басқа мақсаттарға жұмсауға, мәселен, қымбат бағаға Ресейге сатуға болар еді" дейді маман.

Қызылжар қаласында барлығы 1074 көпқабатты тұрғын үй болса, бүгінде олардың тек 173-інде ғана жылу есептегіш құралы орнатылған. Қала тұрғыны Андрей Марков есептегіштің құны бір үйдің тұрғындарына қандай қағидат бойынша шағылатынын түсінбей әлек: «Бір үйде 10 шақты немесе 300-дей пәтер болуы мүмкін. Есептегіштің құнын тұрғындарға шаққанда, пәтер саны неге есепке алынбайды?» дейді.

Табиғи монополияларды реттеу департаменті бастығының орынбасары Нелли Бабакехянның айтуынша, бұл сома аспаннан алынған емес, бәрі дұрыстап есептелген, департаментпен келісілген.
Қаладағы 200 шақты үй екі қабатты. Олар пайдалануға берілгеннен бері жарты ғасыр өтті. Жөндеу көрмеген үйлер аңғал-саңғал, есептегіш орнату тиімсіз, әрі оны орнату қымбатқа түседі. Жалпы, мұндай үйлер болашақта ысырылып кетуі де ғажап емес.
Осындай үйлердің бірінің тұрғыны Виктор Герасименко: «Көрші үйде жылу есептегіші бар. Олар жылу ақысын бізге қарағанда азырақ төлейді. Бірақ, айтуларынша, ортадағы пәтерлер жылы да, бұрыштағы пәтерлер үнемі суық. Бізде пәтер саны аз, сондықтан өз қалтамнан шығарып, оны орнатқым келмейді» дейді.

Тұтынушылар кооперативінің төрағасы Виктор Кремппаның айтуынша, оларға күзде есептегіш орнатылмаса, жылу берілмейді деген ескерту қағаз келіпті. Бірақ ол қағаз келген кезде жылыту маусымы басталып кеткен екен. Сондықтан, тұрғындар оған мән бермепті. Ал келесі жылы не болатынын білмейміз дейді ол.

Ал монополист кәсіпорын бүгінде жылу есептегіш құралдарын сатып алған, оларды орнату кестесін, сметасын жасап қойған, бәрі дайын. Бар гәп – тұрғындардың келіспеушілігінде. Олардың келісімінсіз жылу орталығы тәуекелге бара алмайды, өйткені ақшаларын қайтарып алуы неғайбыл.

Қызылжарды жылумен қамтамасыз ететін компанияның баспасөз хатшысы Вячеслав Савенковтың айтуынша, егер заң талабы орындалмаса, яғни, жылу есептегіштері белгіленген мерзімде (тамыздың 1-іне дейін) орнатылмаса, кәсіпорынға әр ескерту үшін шамамен бір жарым миллион теңгедей айыппұл салынады. Ал кәсіпорын ол айыппұлды тарифке енгізеді. Түптеп келгенде, бәрібір бар шығын тұтынушының қалтасынан шықпақ.
XS
SM
MD
LG