Accessibility links

Бір жылда «көп өзгерген» Жаңөзен


Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген ғимарат пен оның қазіргі кезі.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде өртенген ғимарат пен оның қазіргі кезі.
Жаңаөзен тұрғындары «бір жыл ішінде көп өзгерістің болғанын» айтты. Қала көшелері жөнделіп, қираған ғимараттар қалпына келтірілген. Мектептер мен балабақшалар салына бастаған.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Қалада тәуелсіздік күніне байланысты түрлі мерекелік шаралар жылдағыдай емес, екі-үш күн ерте, желтоқсанның 13-і, 14-і күндері өтті. Үлкен сауық болмағанымен, оқушылар арасында патриоттық әндер байқауы, түрлі конкурстар болды.

Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Таңсұлу Жәкешова Тәуелсіздік күніне арналған шаралар мен жаңа жыл мейрамы туралы:

- Қалада мәдени шаралар өтті, тек басқа күндері. Ал жаңа жылды ешкім алып тастаған жоқ. Біз оны мектептер аясында атап өтетін боламыз, - деді.

Азаттық тілшісі Жаңаөзенде болған кезінде жергілікті тұрғындардан хал-ахуал сұрасқан еді. Әкімдіктің ресми мәліметіне сай, қалада 7000-ға жуық жұмыссыз адам бар. Жұмыссыз азаматтардың көбі ашық пікір айтудан қашқақтайды. Өзін «жай зейнеткермін» деп таныстырған қария:

- 37 жылдың кері айналып келгенін көрмей жүрсің бе, айнам. Тіпті асүйде ереуіл, жұмыссыздық тақырыбын қозғамаймыз, - деді.

Оның сөзіне қарағанда, тілшімен тілдескісі келмейтін жұмыссыздар«зейнетақысын тартып алады деп қорықпайды, бірақ бала шағасы бар».
Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бастығы Балзира Маркашова. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бастығы Балзира Маркашова. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.

Қаладағы ең басты жұмыс орны - «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы. Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бастығы Балзира Маркашова «ондағы («Өзенмұнайгаз») штат толық болғандықтан, жұмысқа адам қабылдамайтынын» айтты.

Дегенмен жаңаөзендіктер жұмыс табуға тырысып жатыр. Олардың негізгі күн көрісі - қаладағы ірілі-ұсақты сауда орындарына жалдану, түрлі қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыстар, базардағы сауда нүктелері, такси болып адам тасу.

Азаттық тілшісі көшеде кездескен адамдардан «жұмысыңыз бар ма?» деп сұрап, шағын сауалнама жасаған еді. Олардың барлығы да жұмыссыз екенін айтты.

Осындай табысы төмен отбасының бірі - Құспановтар әулеті. Айнагүл Құспанова - 60 мың теңгелік жалақысымен жалғыз ұлын ер жеткізген жалғызбасты ана. Ол қаладағы жылу беру саласында еңбек етеді.

- Әрине, бұл жалақы ештеңеге жетпейді. Көп заттан бас тартуға тура келеді. Балам 21-ге келді. Колледж бітіріп, «бұрғышы» мамандығын иеленгенімен, жұмыс жоқ, - деді ол.

ЖҰМЫС СҰРАП ОТЫРҒАН 185 СТУДЕНТ

Жаңаөзендегі Мұнай және газ колледжі - қала жастары көп оқитын орын. Бірақ оны бітірген студенттерге жұмыс жоқ. Балзира Маркашованың айтуынша, «аймақтағы мұнай компаниялары жұмысқа шақырғанымен, талап жоғары».

- Оларға еңбек стажы бар, жоғары оқу орындарын бітіргендер керек. Ал біздегі тұрмысы нашар отбасы балалары қаладағы колледждермен шектеледі. Қазір 185 студент жұмыс сұрап отыр, - деді шенеунік.

Балзира Маркашова Жаңаөзендегі жұмыссыздықтың жылдан жылға көбейіп келе жатқанын айтты. Оның ойынша, «оған биыл ғана тоқтау салынған оралмандар легі себеп болып отыр».

- Қалада ешқандай өнідіріс көзі ашылмағандықтан, жұмыссыздық көбейіп барады. Бірақ оны қалада салынып жатқан әскери қалашық, балабақша, мектеп құрылыстарына жұмысшы алумен азайтуға тырысып отырмыз. 1 мың 629 адамды жұмысқа орналастырдық, оның 426-сы - тұрақты жұмыс орны, - деді Маркашова.
Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту орталығында кезекте тұрған тұрғындар. 16 ақпан 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту орталығында кезекте тұрған тұрғындар. 16 ақпан 2012 жыл.

«Жалақы көтерілсе, бағаның да өсетінін» айтқан шенеунік өз жалақысын мысалға келтіріп:

- Мәселен мен 80-90 мың жалақы аламын. Бірақ менің жалақым отбасымды асырауға жетеді, - деді.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, «оралмандардың келуі биыл тоқтаған». 2012 жылы тек 72 адам Түркіменстан мен Өзбекстаннан Жаңаөзенге қоныс аударыпты. Жыл сайын ресми тіркелетіндер саны 100-ден асып келген екен. Ал тіркелмей жүрген адамдардың саны белгісіз.

Балзира Маркашова «Сондықтан, қала халқының басқа қалаларға қоныс аудару мәселесі қарастырылып жатыр» деді. Айтуынша, «Адамдар жер таңдап отырған жоқ, керісінше баспана мен жұмыс берсе болды». Таңдау Атырауға көбірек түседі екен.

АЖЫРАСУ ДА КӨБЕЙГЕН

Қалалық АХАЖ бөлімінің бас маманы Түрмеш Есенбаева «жұмыссыздық салдарынан жылдан жылға Жаңаөзенде ажырасудың көбейіп кеткенін» айтты.

Оның сөзіне қарағанда, «отбасын құрауға ниеттенгендер, керісінше, азайған». Мәселен, 2011 жылы Жаңаөзенде 239 адам ажырасса, биыл 295 адам ажырасқан. Ал 2011 жылы 1 мың 500 адам үйленсе, 2012 жылы 1 мың 375 адам неке қиыпты.

Түрмеш Есенбаева «ажырасатындар мен отбасы құрайтындардың жас мөлшері ұқсас - 21-35 жас аралығы» екенін айтты.

- Биылғы қарашаның өзінде 38 неке бұзылды. Ажырасатындардың айтатын себебі біреу - «өзім бюджетте жұмыс істеймін, жолдасым - жұмыссыз, мен оны асырай алмаймын, үйім жоқ», - дейді Түрмеш Есенбаева.

БАҒА

Қалада екі базар бар. Бірі - 5-ықшамауданда, екіншісі 1-ықшамауданда орналасқан. Ол жерде саудагерлер қыстың аязды күндерінде де, жаздың аптап ыстығында да киім-кешек пен азық-түлік сатып отырады. Жергілікті сатушылар екі базардың арасындағы баға айырмашылығы бар екенін айтты. Мәселен, 1-аудандағы базар 5-ықшамаудандағы базардан арзанырақ.

- Оның себебін білмейміз,- дейді көкөніс сататын ерлі-зайыпты Серік пен Жаңыл.

Олар осы 1-ықшамаудандағы базар ашылған 1992 жылдан бері саудамен айналысып келеді. Айтуларынша, «биыл жемістің көтерме бағасының өзі қымбаттап кеткен». Олар жүзімді - 350, алманы - 230-450, құрманы - 350, мандаринді 250 теңгеден сатып отыр.

Ал киім-кешек сататындар «биыл сауда жоқ» дейді. Айтуларынша, «елде ақша жоқ».

МЕКТЕПТЕР КОМПЬЮТЕРГЕ ЗӘРУ

Жаңаөзен әкімдігінің білім беру бөлімінің бастығы Гүлайым Азанның айтуынша, қалада 22 мектеп бар. Шенеунік «Екі мектеп пен №9 орталау мектебі және Теңгедегі орта мектеп болмаса, жалпы мектептердің жағдайы жаман емес» деді.
Жаңаөзен қалалық әкімдігінің білім беру бөлімінің бастығы Гүлайым Азан. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.
Жаңаөзен қалалық әкімдігінің білім беру бөлімінің бастығы Гүлайым Азан. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.

Ол «Теңге ауылындағы мектептің бала саны көп екенін, үш ауысыммен оқып жатқанын» айтты.

Қала мектептерінің мұғалімдері Азаттық тілшісіне компьютерлік жабдықтаудың нашарлығын жеткізді. Айтуларынша, қалада электронды журнал енгізілгенімен, жеке компьютерлер жетіспеушілігі үлкен кедергі болып отыр». Қалада әзірге тек екі мектеп - №7 және №8 мектептер ғана интерактивті тақталар, мультимедиалық байланыстармен жабдықталуға көше бастаған.

Жаңаөзен мектептері физика, математика мұғалімдеріне де зәру. 800 бала оқитын №1 мектептің оқу ісі меңгерушісі Қанағат Тәңірбергенов «физика мұғалімдері тапшылығын қаладағы басқа мектептерден шақырту арқылы шешіп отырғандарын» айтты. Ал білім беру бөлімінің бастығы Гүлайым Азан:

- Мұның бәрінің жыл сайынғы ұлттық тестілеуге де әсері бар, - дейді.

Айтуынша, 2011 жылы осының салдарынан жаңаөзендік түлектердің көрсеткіштері төмен болған.

Кадр тапшылығын көріп отырған мектептің бірі - №16 орыс бастауыш мектебі. Мектептің оқу ісі меңгерушісі Анастасия Бертлеуова «мұғалім жетіспегендіктен, мектептегі 11 ұстаздың үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр екенін» айтты.

- Мектебіміз ескі әрі орыс тілді мұғалім жоқ. Әр класта 30 баладан оқиды. Бөлме жетпейді. Әр класқа интерактивті тақта мен компьютер қойылса. Меніңше, жыл сайынғы қалаға жұмсалып жатқан бюджетпен бұл мәселені шешу қиын болмауы тиіс, - деді ол.

Жаңаөзенді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі жоспарында бұл мақсатқа 48 миллиард теңге қарастырылған.

АЛТЫ ЖЫЛДА КЕЛГЕН ҚЫРЫҚ МЫҢ АДАМ

Жаңаөзен қаласының іргесі 1968 жылы қаланды. Алғашқы атауы - Новый Узень. 1993 жылдан бері Жаңаөзен деп аталады.

1989 жылы маусымның 17-сі мен 28-і күндері қалада ұлтаралық қақтығыс болды. Мәліметтерге қарағанда, оған 25 мыңнан 30 мыңға дейін адам қатысқан. Ресми дерек бойынша, бес адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған. Маусымның 19-ы күні қалаға брондалған көліктер мен танкілер, басқа да әскери техника кіргізіліп, әскерилер ұлтаралық қақтығысты төртінші күні ғана тоқтата алған.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні сегіз айға жуық ереуілде тұрған мұнайшылар алаңға шығып, полиция қару қолданды. Ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. 2012 жылы маусымның 4-і күні сот үкімі шығып, 37 айыпталушының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жаңаөзен қаласы әкімдігі сайтындағы мәліметке қарағанда, қалада қазір 124 мың 800 адам тұрады. 7100 шағын бизнес субъектісі бар, онда жұмыс істейтіндердің саны – 15 мың 300 адам. 2012 жылы қалада 87 мың 400 шаршы метр тұрғын үй салынған.

Әкімдік «Жаңаөзендегі жұмыссыздар саны – алты мың 637 адам – халықтың үш пайызы. 2012 жылы қалада 4 мың 805 жаңа жұмыс орны ашылды» деп көрсеткен.

Қаладағы орташа айлық туралы әкімдік сайты «219 мың 563 теңге, бұл 2011 жылға қарағанда 12,6 пайыз көп» деп жазады.
Мектеп оқушылары. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.
Мектеп оқушылары. Жаңаөзен, желтоқсан 2012 жыл.

Бұдан бөлек, ресми сайт «Республика бюджеті есебінен «Жұлдыз» ықшам ауданында - 320 орындық балабақша, «Бостандық» ықшам ауданында - 624 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша, «Мерей» ықшам ауданында - 1200 орындық мектеп, Теңге ауылында - 900 орындық мектеп, «Рахат» ықшам ауданында - күніне 250 науқасты қарайтын емхана салынып жатыр» деп жазады.

Жаңаөзен әкімдігінің мәліметі бойынша, Жаңаөзен қаласының халық саны 2006 жылы 83 мың адам болса, 2012 жылы 124 мыңнан асып, алты жыл ішінде 40 мың тұрғынға көбейген.
XS
SM
MD
LG