Accessibility links

Гүлжамал Қазақбаева: Сұлулыққа ғашықтық өнерге алып келді


Актриса Гүлжамал Қазақбаева. Алматы, мамыр, 2009 жыл.
Актриса Гүлжамал Қазақбаева. Алматы, мамыр, 2009 жыл.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақбаева биыл 60 жасқа толды. Бала күннен сахнаны армандаған актриса қырық жыл бойы театр мен кино әлемінде талантымен танылып келеді.

ЖАСТАЙЫМНАН ҚАЗАҚТЫҢ АҢЫЗ-ЕРТЕГІЛЕРІНЕ ҒАШЫҚ БОЛЫП ӨСТІМ

Алматы облысының Талдықорған қаласында дүниеге келген Гүлжамал Қазақбаева өзінің бойында өнерге деген ынтызарлық бала кезден пайда болғанын айтады.

– Әр кеште атамыз Қазақбай, одан қалды әкеміз, әкемнің інілері батырлар жырын, қазақтың эпостары мен аңыз-әңгімелерін мақамдап оқитын.Аңыз-ертегінің желісі менің көз алдымнан кино сынды өтіп жататын. Өсе келе атам бізге де аңыз-ертегілерді дәл солай әдемілеп мәнерлеп оқытатын. Осылайша, менің кішкентай сәби көңілімдегі Құртқа, Баян, Гүлбаршын мен Қыз Жібектер бейнесі идеалыма айналды. Сол арқылы сұлулыққа ғашық болдым, жүрегімдегі өнерге деген құштарлықты сол бір сұлулыққа деген ғашықтық оятты деп ойлаймын, – дейді актриса.

Мектепті тәмамдап, арман қуып Алматыға келген бойжеткен Мұхтар Әуезов театрының жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, актерлік шеберліктің қыр-сырына үйренеді. Гүлжамал сол жерде өнер тарландарынан тәлім алып, алғаш рет сахнаға шығады.

– Әр кеште Фарида Шәріпова, Сәбира Майқанова, Елубай Өмірзақов пен Камал Қармысов сынды қазақтың ұлы әртістерімен бір сахнаға шығып жүрдік. Олардың сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі мен тұрған тұрысы, маңдай тері мен көзінен аққан жасы біздің көз алдымызда болды. Біз оларды өзімізге ұстаз тұтып, ол кісілердің сахнадағы бейнеті мен мехнатын көріп оқыдық, – дейді Гүлжамал Қазақбаева.

ТЕАТР МЕН КИНО ОЛ ҮШІН ЕГІЗ ҰҒЫМ

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны әр қойылымда өнерсүйер қауым тік тұрып, қол соғып қарсы алады.

Жуырда «Қазақстан» Ұлттық арнасынан мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның идеясымен түсірілген «Ағайынды» фильмі көрсетілді. Картинада негізгі кейіпкердің көршісі – Ғалия апайдың ролін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлжамал Қазақбаева сомдаған еді.

Кішкене ғана эпизодта ойнағанымен, ондағы Ғалия бейнесі көпшілік көрерменге үлкен ой салды. Ішкілікке салынып, отбасының берекесін кетірген күйеуінің қайғысынан Ғалия мезгілсіз дүниеден өтеді. Ал жолдасы Ақтай Ғалияның қадірін тек ол қайтыс болғанда ғана біліп қатты өкінеді...

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса Гүлжамал Қазақбаева бұдан өзге «Жамбылдың жастық шағы» атты фильмде Жамбылдың анасының ролін шебер сомдаған болатын.

МЕНІҢ "ОЙБАЙЫМНАН" ТҮСІРУШІ ТОПТЫҢ ӨЗІ ҚОРҚЫП КЕТІПТІ

Актриса Гүлжамал Қазақбаеваның сахнада жүргеніне биыл 40 жыл толды. Актриса қиындығы мен қуанышы қатар жүретін өнер жолында түрлі қызықты жайттардың кездесетінін айтады. Мәселен, жуырда ғана тұсаукесері өткен «Ағайынды» фильмін түсіру кезінде есте қалған мына бір жайтты әңгімелеп берді:

– «Ағайындыдағы» басты кейіпкердің көршісі Ақтай әркімнен арақ сұрап, ақша сұрап, ақыры болмаған соң, асылып өлмек болады. Онда да шын асылып өле қалайын деп тұрған жоқ, ақша табудың сылтауы ғой. Сол кезде Ақтайдың әйелі, яғни мен «Ой-ба-а-ай, өлді! Ақтай өлді!» деп жанұшыра айғайлап жүгіріп келетін жері бар. Сол сахнаны түсіруге бәрі дайын тұрған. Кадр сыртында қаптаған халық – түсіруші топ, шығармашылық топ, жабдықтаушы топ, техникалық топ... қызық көру үшін түсірілу алаңына жиналған ауыл тұрғындары қаншама! Бір кезде режиссер «Камера! Мотор!» дегенде Ақтайдың әйелінің рөліндегі мен «ой-ба-а-й, ой-ба-а-й! Ақтай өлді!..» деп жан дауысым шығып айқай салдым. Эпизод жақсы түсіріліп, бәрі аяқталған соң маған алаңдағы жігіттер келіп, жаңағы айқайлағанымда ауыл тұрғындарын былай қойғанда түсіру тобының өзі «шынымен біреу асылып қалған болар» деп қатты қорқып кеткендігін айтты, – деп күле отырып еске алады Гүлжамал Қазақбаева.

Ал, осыған ұқсас тағы бір оқиға «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде жас келіншектің толғағы басталып, Жамбыл дүниеге келетін көріністі түсіру кезінде болыпты. «Сол кезде барлығы жиналып тез арада мені босандырып алуға әрекет етіп жүргенде түсіруші топтың ішіндегі бір оператор жігіт: «неге тұрсыңдар, тезірек жедел жәрдем шақырыңдар!» деп, камерасын ұмытып кеткен де кез болған» дейді актриса.

АРМАНСЫЗ АКТРИСА

– Рас, осы жылдардың ішінде аз тер төгілмеді, мен 40 жыл театр сахнасында еңбек еттім, өзімше адал еңбек еттім деп ойлаймын. Әр актердің өзінің жұлдызды кезеңі болады, мен де оны бастан кешірдім. Еңбегім бағаланды, сол үшін көрерменге мың да бір рақмет! Мен жалпы арманым жоқ актрисамын, өзім армандаған барлық рольдерді орындадым. Сонау бала кезде "ойнаған" Құртқаны да, Баянды да ойнадым, шүкір деймін соның барлығына, – дейді Гүлжамал Қазақбаева.

Бүгінгі көрерменнің талабына сай болу үшін театр әртістеріне де талап күшейген. Театрға келетін көрермендерінің саны артып келеді.

Ұл-қызынан 6 немере сүйіп отырған Гүлжамал апай "менің байлығым міне, осылар" дейді аналық мейіріммен.

Гүлжамал Қазақбаева заманның ағымынан қалмай бірнеше жұмысты қатар алып жүр. Ол театр сахнасында түрлі бейнелерді сомдаумен қатар, көгілдір экранда көпшіліктің көзайымына айналған телесериалдарды өзінің биязы да жағымды үнімен қазақша сөйлетеді.
XS
SM
MD
LG