Accessibility links

«Толеранттылық кафедралары» көбейді


Астаналық студенттер мен оқушылар "Тұңғыш президент күні" мейрамын тойлау шарасында. Көрнекі сурет.

Астаналық студенттер мен оқушылар "Тұңғыш президент күні" мейрамын тойлау шарасында. Көрнекі сурет.

Қазақстанда студенттерді «сепаратизмнен сақтандырып, ұлтаралық татулықты насихаттайтын кафедралар» жаппай ашыла бастады. Олар әуелі этникалық орыстар көп қоныстанған солтүстік облыстарда пайда болған.

Жоғары оқу орындарында «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедраларын ашу биыл жиілеп кетті. Соңғы бір жылдың ішінде мұндай кафедралар Астанадағы және аймақтардағы бірнеше университетте ашылып үлгерді.

Қызылордадағы мемлекеттік университетте «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасы ашылғаны туралы қыркүйекте жарияланды. Ресми таратылған ақпаратта «кафедраның қазақ мемлекеттілігі, қазақстандық патриотизм, этносаралық татулық жөніндегі білім-мағлұматтар тарататыны» жазылған.

Осы университеттің 2-курс студенті Әйгерім Жасыбай «Қазақстандағы этносаралық қатынастар» пәні оқытыла бастағанын айтады.

- Қазақстанда қандай халықтар тұрады, олардың тарихын, қанша пайыз екенін айтады. Мәселен қазақтар арасында орыс отаршылдығы туралы пікірлер бар. Бізге оны (отаршылдық туралы – ред.) ойламай, сыйлап сөйлесіңдер дейді. Мұндай курстар қажет. Өзіме ұнайды, адамды мәдениеттілікке шақырады, - дейді студент.

ҮШ АЙДА - БЕС КАФЕДРА

Қызылорда университетінде ашылған жаңа кафедраның 10 оқытушысы әзірге «Конфликтология», «Социология», «Этносаясат негіздері», «Қазақстандағы этносаралық қатынастар», «Қазақстан этностары мәдениеті мен тарихы» деген ЖОО-ларда бұрыннан бар бес курсты барлық топтарға өткізіп жатыр. Студенттер оларды міндетті пән ретінде жарты семестерден 3-курсқа дейін оқиды. Әрқайсысынан сынақ тапсырады.

Кафедра міндеті - ұлтаралық қақтығыстың неге апаратынын түсіндіру. Кафедра ештеңені саясиландырмайды.

- Кафедра міндеті - ұлтаралық қақтығыстың неге апаратынын түсіндіру. Кафедра ештеңені саясиландырмайды, бірақ студенттерге сепаратизмнің заңға қайшы екені жайлы да мағлұмат береді, - дейді университеттегі ҚХА кафедрасының меңгерушісі Нұрлыбек Мыңжас Азаттыққа.

Қазақстандағы алғашқы ҚХА кафедрасы 2013 жылы маусымның 27-сі күні Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде ашылған. Ол кезде мұндай кафедралардың аймақтарда да ашылатыны айтылмаған.

Бірақ 2014 жылы наурыздың 26-сы күні Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі, сенат депутаты Анатолий Башмаков Астанада брифинг өткізіп, республикада «толеранттылық кафедраларының жүйесі құрылатынын» хабарлады.

Азаттық тілшісі ҚХА кафедралары туралы ақпараттарды шолып шыққанда олардың әуелі Қазақстанның этникалық орыстар көп қоныстанған солтүстік аймақтарында оқу жылының аяғына қарай қауырт ашыла бастағанын байқады. ҚХА кафедрасы 2014 жылы наурыздан бері үш айдың ішінде Павлодар мемлекеттік университетінде, Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және Ақтаудағы Каспий университетінде ашылған.

«АШЫҚ АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ»

Анатолий Башмаковтың айтуынша, «студент бойында толеранттылық қалыптастыратын кафедралар ашыла сала сабақ беруді бастап кеткен. Әзірге олар өз оқу бағдарламаларын жасамаған, толеранттылықты пәнаралық ғылым ретінде зерттеп жатыр».

- Аймақ ерекшелігіне қарай ЖОО-ларға өз оқу бағдарламасын жасауға құқық беріп отырмыз, оларды келесі оқу жылына әзірлейміз, - деді Башмаков.

Сенат депутаты Анатолий Башмаков (оң жақта) Қазақстан президентінің өкілетін созу туралы бастама көтеріп отыр. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл.

Сенат депутаты Анатолий Башмаков (оң жақта) Қазақстан президентінің өкілетін созу туралы бастама көтеріп отыр. Алматы, 12 қаңтар 2011 жыл.

Алайда Қазақстанның «Білім туралы» заңының 28-бабында «Білім беру ұйымдарындағы оқу жоспары оқу жылына арнап жасалатыны» және олардың графигі «толық көлемде уақтылы орындалуы тиіс» екені жазылған. Азаттық тілшісі Башмаковтан кафедралардың неге оқу жылының аяғына қарай асығыс ашылып жұмысқа кіріскенін, бұған Украинадағы оқиғалардың түрткі болған-болмағанын сұрады. Сенат депутаты:

- Білесіз бе, ашық айтуға болмайды. Әрине, түйсігімізге ол да (Украинадағы оқиғалар – ред.) әсер етті. Дәл сол кезде аймақтардан (ректорлардан – ред.) сондай ұсыныстар түсті, - деді.

Білім реформаларына қатысты айтып жүрген пікірлері арқылы көпке таныс белсенді, «Ұрпақ болашағы - білім» қоғамдық ұйымы төрағасы Ерсайын Ерғожа мұндай асығыстықты сынайды.

- Оқу жоспары оқу жылының басында бекітіледі. 36 сағат па, қанша сағат болсын оқу жылына орналастырылады. Бізде өкінішке орай, көп нәрсе аяқ астынан, орта жолдан басталады. Өзіндік оқу бағдарламалары жасалуы керек. Уақытша «Социологияны» өте тұрамыз, «Конфликтологияны» өте тұрамыз деген сөз бола ма? – дейді белсенді.

Ал Қызылордадағы кафедра меңгерушісі Нұрлыбек Мыңжас «Қазақстандағы этникалық қатынастарды зерттеу жоспарлары онсыз да бар» екенін, оқытушылар болашақта аталған дайын пәндерден бөлек, өз дәрістерін даярлайтынын айтты.

ҚХА немесе толеранттылық кафедрасын ашу ісін ұйымдастырушылар Азаттыққа биыл жылдың соңына дейін Тараз, Шымкент мен Маңғыстаудағы университеттерде де жаңа кафедралар ашылатынын хабарлады.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG