Accessibility links

Қаруды тіркетпей алғандардың саны көбейе түсті


Ақтау қаласындағы "Полицейлер соты" өтіп жатқан ғимарат төңірегінде ойнап жүрген балалар. Ақтау, 7 мамыр 2012 жыл.

Ақтау қаласындағы "Полицейлер соты" өтіп жатқан ғимарат төңірегінде ойнап жүрген балалар. Ақтау, 7 мамыр 2012 жыл.

Жаңаөзендегі қанды оқиға бойынша өтіп жатқан полицейлер сотында куәгер полиция офицері былтырғы желтоқсанның 16-сы күні әрбір ішкі істер бөлімі қызметкеріне 50 адамнан жабылды деп мәлімдеді. Ал құқық қорғаушылардың бірі «сотталушы мен куәгердің тасада сөйлесіп тұрғанын кездейсоқ көріп қалғанын» айтты.

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Полицейлер сотында» бүгін тағы да жәбірленушілер мен куәгерлер сұралды.

16 желтоқсанда оққа ұшқан Жанар Әбдікәрімованың күйеуі Аманжол Әбдешев жәбірленуші ретінде сөйлесе, оқ тиген кезінде жанында болған құрбысы куәгер ретінде жауап берді. Олардың айтуына қарағанда мереке күні алаңға шыққан екі құрбының қаперінде ештеңе болмаған. Үйден сәл ұзай бергенде-ақ Жанарға оқ тиіп, қатты жараланған.

«ҮЛКЕН ҰЛЫМ ПОЛИЦЕЙ КӨРСЕ, ІЛІНІСКІСІ КЕП ТҰРАДЫ»

Сот үзілісінде Азаттық тілшісімен сөйлескенде Аманжол Әбдешев «Анасынан айрылған төрт балам қатты күйзеліп жүр, әсіресе колледжде оқитын үлкен балам полицей көрсе, өзін-өзі ұстай алмай, ілінісіп қала беретін болды, арандап қала ма деп қорқамын» деді.

Оның сөзіне қарағанда бұл отбасының Ақтөбе қаласынан Жаңаөзенге көшіп келгеніне екі жылдай ғана болған. Әлі күнге пәтер жалдап тұрады.

- Әйелімнің өлімінен кейін қалалық әкімшілік жатақханадан бір бөлме берді. Қарт шешемді әкелдім, бір бөлмеде алтаумыз тұрып жатырмыз, - деді ол.

Әбдешевтен кейін жауап берген Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының дәрігері Асылбек Рахметов «оқиға кезінде адамдарды тіркеп үлгере алмағандарын, ауруханада орын қалмағанын» айтты. Залда отырған жәбірленушілердің кейбірі «дәрігерлер уақытында жәрдем көрсеткенде балам тірі қалар еді» деп жатты.

16 желтоқсанда оққа ұшқан Жанар Әбдікәрімованың күйеуі Аманжол Әбдешевтің жарының қалай оққа ұшқаны туралы айтқаны:



«50 АДАМНАН ЖАБЫЛДЫ»

Өзін Маңғыстау облыстық әкімшілік полициясы басқармасының бастығымын деп таныстырған Ұлықбек Мылтықовтан жауап алу ұзаққа созылды. Өйткені Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция күштерін алаңға басқарып барғандардың бірі осы Ұлықбек Мылтықов екені көпшілік аузында жүрген болатын.

Алайда Ұлықбек Мылтықовтың жауаптары да өзіне дейін куәлік берген лауазымды қызметкерлердің пікірімен үндес шықты.

- Ішкі істер департаментінің 107 қызметкерін 14-і күні Жаңаөзенге басқарып бардым. 16-сы күні таңертең алаңға бардық. Сахна алдында бізді таспен, таяқпен, темірмен аямай ұра бастады. Бөтелкелер лақтырды. Көптеген қызметкеріміз жарақат алды. Бір полиция қызметкеріне 50 адамнан жабылды. Қаруларын тартып алайық деп жүгірді, - деді ол.
Мылтықовтың осы пікірін жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов қайта сұрағанда ол «әр полиция қызметкеріне жабылған адамдардың санын 20-30-ға дейін» түсірді.
Мылтықовтың осы пікірін жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов қайта сұрағанда ол «әр полиция қызметкеріне жабылған адамдардың санын 20-30-ға дейін» түсірді.

Сотталушылардың адвокаттары да, прокурор да «оқ атуға кім бұйрық бергенін» Мылтықовтан бірнеше қайтара сұрады.

- Басшылардың бірі болғаным рас, бірақ алаңға барғанымызда Өтеғалиевтің бұйрығына бағындым, - деді ол да.

«Сапты Мылтықов басқарып барды» деген түсініктеме бар екені туралы адвокаттардың бірінің сауалына ол: «Мен жасақты Өтеғалиевтің бұйрығымен сапқа тұрғызып, саптағыларды санап бердім. Әрі қарай соның бұйрығын орындадым» деп жауап берді.

- Оқ атуға ешкім бұйрық берген жоқ. Әрбір қызметкер заңға сәйкес өзі шешім қабылдады, - деді Мылтықов.

ТІРКЕЛМЕГЕН ҚАРУ-ЖАРАҚ

Оның сөзіне қарағанда «халыққа оқ атпауға мүмкіндік, яғни су шашатын, газ жіберетін техникалар болмаған».

Маңғыстау облыстық ішкі істер департменті жол полициясының қызметкері Абзал Әмзеев «аласапыранда қаруын тіркетпей алып кеткендердің бірі болып шықты.

Бірнеше күннен бері «оқиға кезінде тіркетпей әкетілген қаруларға» байланысты сауалдар қойып жүрген адвокаттардың бірі «қандай қару ұстағанын және неге тіркетпегенін» сұрағанда «тапанша алдым, бірақ тіркетуді ұмытып кетіппін» деп жауап берді Әмзеев.

Айта кетерлік жайт, өткен сот отырысында 28 автоматтың 8-і тіркелмей берілгені белгілі болған еді. Бұл тапаншалардың да тіркеусіз әкетілгенін айғақтайтын куәгерлер пайда болғаны жұрт назарын аударды.

Оқиғадан екі күн бұрын Ақтаудан келген қосымша күштің қызметкері Абзал Әмзеев қолындағы қаруды желтоқсанның 26-сы, яғни 10 күннен кейін ғана өткізгенін айтады.

«КУӘ МЕН СОТТАЛУШЫНЫҢ КЕЗДЕСУІ»

Әмзеевтің «ұмытып кетіппін» деген уәжінен кейін сотталушылардың бірі оған бірнеше сауал қойды. Сот отырысынан шыққан жұртшылық осындай «ұмытылған қарулардың кейбірі» сотталушыларға тағылған айыпқа негіз болуы мүмкін екендігін айтып жатты.
Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева. Ақтау, 7 мамыр 2012 жыл

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева. Ақтау, 7 мамыр 2012 жыл


Бұл жөнінде олардың адвокаттарының пікірін сұрап білуге мүмкіндік болмады. Өйткені сот алдында сөйлеген куәгерлердің бірі ғимараттың екінші бетінде, яғни былайғы жұрттан тасада сотталушымен сөйлесіп тұрды деген ақпарат көпшіліктің назарын аударып әкетті де, басқа бір талқылау басталып кетті.

«Сотталушы мен куәгердің тасада сөйлесіп тұрғанын кездейсоқ көріп қалдым» деген құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева мұның заңға сай келмейтінін айтты. Алайда ғимараттың екінші жағына жұртшылықты өткізбей қарауылдап тұрған полиция майоры «бұл жерде ешкім болмады» деп Нұрғазиеваның сөзін оның көзінше теріске шығарды. Бірақ бұл «кездесуді» адвокат Абзал Құспанов та көрген болып шықты.

Азаттық тілшісі ғимаратты қарауылдап тұрған полиция қызметкерінен мән-жайды сұрағанда «сотталушы адам куәгермен, егер қажет болса, үйіне шақырып алып та сөйлесе алады» деген пікірін айтты. Өйткені «полицейлер сотында» жауапқа тартылушылр «үйқамақта» отырғандар болатын.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG