Accessibility links

Қырым қазақстандық оқулықтарда енді «Ресей субъектісі» емес


"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектептерге арналған география пәні оқулықтары.

"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектептерге арналған география пәні оқулықтары.

«Мектеп» баспасы Ресей аннексиялап алған Қырым жайлы былтырғы даулы мәліметін түзеткен. Бұған разы Украина тарабы Шевченконың да оқулыққа енгеніне қуанады.

Былтыр Қазақстанның орта мектепке арналған тарих және география пәні оқулықтарында Қырымды Ресей субъектісі деп көрсеткенге наразы Украина тарабы «биыл сол қателіктер түзетілгенін» айтады.

- Өйткені Қырым мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанымы оқулықтағы мәтінмен сай келмеді, – дейді Украинаның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Ирина Блащук.

Былтырғы «оқулықтағы Қырым дауынан» кейін Қазақстанның кейбір салалық оқулықтарына биыл ерекше назар аударған елшілік қуанатын жайттар да бар екенін айтады.

Орыс тілінде оқитын 8-сыныпқа арналған, «Атамұра» баспасынан шыққан "Қазақстан тарихы" оқулығы. Сурет 2016 жылдың қыркүйегінде түсірілген.

Орыс тілінде оқитын 8-сыныпқа арналған, «Атамұра» баспасынан шыққан "Қазақстан тарихы" оқулығы. Сурет 2016 жылдың қыркүйегінде түсірілген.

«Таяуда «Атамұра» баспасынан 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында қазақ халқының ұлы тұлғаларымен бірге украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченкоға да орын беріліпті. Оны қазақ халқы да қадірлейтіні туралы оқулық авторы Зиябек Қабылдинов мол мағлұмат берген. Украина елшілігі бұл оқулықты Украина мен Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасалған нағыз сый деп санайды» дейді Украина елшілігі.

«ҚАЙТАРЫЛҒАН» ҚЫРЫМ

Былтыр Украина елшілігін наразы еткен тарих және география пәндері оқулықтары «Мектеп» баспасынан жарық көрген еді. Азаттық тілшісі әуелі бұл баспаның дүкеніне кіріп, сатушылардан «Қырым дауына» іліккен оқулықтардың қайта басылған-басылмағанын сұрады.

- Былтыр жарияланған оқулық енді бірнеше жылдан соң ғана қайта шығады. Қырым туралы дауға ілік болған оқулықтардың түзетілгенін естідім, – деді сатушылардың бірі.

Бірақ ол оқулықтағы даулы деректің қалай түзетілгенін хабарсыз болып шықты.

«Мектеп» баспасына кіргенімізде, ондағы қызметкерлерінің бірі «бұл мәселені авторлармен жұмыс департаментінің директоры Дариға Сухаева білу тиіс» деп, сол кісіге жөн сілтеді. Дариға Сухаева оқулықтардағы қателіктің қалай түзетілгені жайлы сауалға:

11-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқулығы. "Мектеп" баспасынан шыққан, дүкендерде сатылып жатқан бұл оқулықта Қырым түбегінің Ресей құрамына кіргені жазылған. Сурет 2016 жылы қыркүйекте түсірілді.

11-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқулығы. "Мектеп" баспасынан шыққан, дүкендерде сатылып жатқан бұл оқулықта Қырым түбегінің Ресей құрамына кіргені жазылған. Сурет 2016 жылы қыркүйекте түсірілді.

- Қалай түзеткенімізді сізге айта алмаймын да, айтпаймын да. Айтпаймын и все! Сіздің алдыңызда мен оправдываться етпеймін. Не істесеңіз оны істеңіз, пожалуйста, – деп жауап берді.

Қырым жайлы сөйлемдері дауға ұрынған оқулықтардың түзетілгенін «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек те растады.

- «Мектеп» баспасы оқулықтың арасына қосымша түзету парақтарын қосып, мектептерге таратқан. Қырымға қатысты мәтін сарапшылармен, сыртқы істер министрлігімен бірге талқыланған. Сөйтіп Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) белгілеген шекараға сәйкес жазылған, – дейді ол.

«Мектеп» баспасы былтыр шығарған тарих және география оқулықтарында Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырым «Ресей субъектісі» ретінде көрсетілген еді. Осыған орай Украина сыртқы істер министрлігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдап, Қырымның Қазақстан оқулықтарында көрсетілген статусын дұрыстауды сұраған. Көп ұзамай білім және ғылым министрлігі «Мектеп» баспасының 10 және 11-сыныптарға арналған география және дүниежүзі тарихы пәндері оқулықтарында «Қырым мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанымын ескерілмегенін» айтып, «Мектеп» баспасына оқулықтарды түзетуді тапсыратынын хабарлаған.

Қазақстан оқушылары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан оқушылары. (Көрнекі сурет)

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған кезде Қазақстан бейтарап ұстанымда қалған. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді (аннексияны - ред.) Украина «басқыншылық» ретінде қабылдаған. Ал БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп таныған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG