Accessibility links

Қазақстанда ZAZ дәуірі аяқталды


Украинадағы ZAZ көліктерінің салоны. Фото ZAZ зауытының ресми дистрибьюторы сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)
Украинадағы ZAZ көліктерінің салоны. Фото ZAZ зауытының ресми дистрибьюторы сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Украинадағы дағдарысқа байланысты Қазақстанда Украинаның ZAZ автомобилін жасау тоқтағаны мәлім болды. Әйгілі көлік қазір Украинаның өзінде де аз шығады.

Осы аптада бірнеше автомобиль компаниясының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы AllurGroup компаниясы Қазақстанның солтүстігіндегі Қостанай қаласында шығатын Украинаның ZAZ Chance («Шанс») автомобилін құрастыру тоқтағанын хабарлады.

Баспасөз хабарламасында «Chance» көлігін жасау 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа техникалық нормаларға және Украина территориясындағы тұрақсыздыққа байланысты тоқтатылды» деп жазылған.

Саяси себептердің ішінде украиналық автомобильдің қосалқы бөлшектерін әкелу қиындығы да аталған. Компанияның баспасөз хабарламасында «2014 жылдың үшінші тоқсанында соңғы көлік жиналады. Егер Украинадағы жағдай мүлде ушығып кетпесе, сұранысқа қарай автомобильдің қосалқы бөлшектері жеткізіліп тұрады» деп жазылған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ АРЗАН АВТОМОБИЛЬ

Биыл Қостанайдағы зауыт ZAZ Chance көлігінің 125 данасын, ал 2013 жылы 1 мың 976 данасын шығарған. Қазақстанда жасалған көліктердің ішіндегі ең арзаны (9 мың доллар шамасында) - ZAZ Chance автомобилінің алғашқы данасы «АгромашХолдинг» зауыты конвейерінен 2012 жылдың сәуірінде шыққан еді.

ZAZ Chance («Шанс») көлігі. Фото Allurauto.kz сайтынан алынды.
ZAZ Chance («Шанс») көлігі. Фото Allurauto.kz сайтынан алынды.

AllurGroup компаниясының хабарлауынша, «ZAZ көлігін шығару көлемі Запорожье зауытында да қысқарған. Жайсыз экономикалық және геосаяси факторларға байланысты ЗАЗ өндіріс көлемін қысқартты. «Укравтопром» қауымдастығы дерегінше, «ЗАЗ» зауыты маусымда 716, ал шілде айында сегіз автомобиль ғана шығарған».

Азаттық тілшісі AllurGroup компаниясының баспасөз қызметімен хабарласып, украиналық автомобильдерді Қостанайда шығаруға қандай саяси және технологиялық проблемалар кедергі болғанын сұрады.

Компания жетекшісі Андрей Лаврентьев Азаттық сұрағына "ZAZ көліктері қазір сатып алушыларды арзан бағамен қызықтыру мүмкіндіктерінен айырылып отыр. Әріптестеріміздің ешқайсысының кінәсі жоқ. Бұл - нарықта қалыптасқан жаңа жағдай. ZAZ моделі (Chance көлігін айтады - ред.) нарықтағы жағдайға бейімделе алмады" деп жауап берді.

«ЗАПОРОЖЕЦ» ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Chance көлігін шығаруға байланысты жағдайды анықтау үшін Запорожье қаласындағы ЗАЗ автомобиль зауытымен хабарласу мүмкін болмады.

Жанармайды аз жұмсайтын, қозғалтқышы ауамен салқындайтын, жұрт «Запорожец» атап кеткен «ЗАЗ» маркалы автомобильдер жол таңдамайтын, арзан бағасы мен үнемділігі үшін кезінде Совет Одағында кеңінен тарады. Бірақ совет адамдары алғашқы үлгілерінің дизайнын жақтырмай, оны «конек-горбунок» (қанаты бар ат) деп мысқылдап атайтын. Бірақ 1960-1970 жылдары «Запорожец» көлігінің дәстүрлі жеңіл автомобиль стилінде жасалған жаңа үлгілері пайда болды. Оның эволюциялық шыңы ретінде «Таврияны» атауға болады.

Совет Одағы тарап, Украина иелігіне толық өткеннен кейін «ЗАЗ» автозауыты көліктің кейбір тұстарына біраз өзгерістер енгізіп, Chance сияқты шетел үлгісіндегі көлік жасап шығарған.

«Запорожец» көлігі. Тәжікстан, 20 шілде 2010 жыл.
«Запорожец» көлігі. Тәжікстан, 20 шілде 2010 жыл.

​Қазіргі Chance автомобилін қозғалтқышы ауа арқылы салқындайтын, екі есікті, салоны кішкентай, қозғалтқышы артқы бөлігіне орналасқан, тұрқы қораштау «Запорожецпен» салыстыра алмайсыз. Ресей нарығында Украинада шыққан Chevrolet Lanos және ZAZ Sens деген көліктер сатылған. 2009 жылы екеуі де Chance («Шанс») моделіне ауыстырылды.

2012 жылы Chance көлігін жинау Қазақстанда да басталған. Енді бұл процесс тоқтады.

Осы аптада Беларусь астанасы Минскіде халықаралық бітімгерлер мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Украина президенті Петр Порошенко мен Ресей президенті Владимир Путин келіссөз жүргізді. Бақылаушылардың пікірінше, келіссөзден ойдағыдай нәтиже шықпаған, бірақ тараптар Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу туралы келіссөздер жүргізу қажеттігін мойындаған. Екі елдің арасындағы шиеленіс биыл көктемде Ресей Қырымды бөліп алған соң басталған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG