Accessibility links

Бішкекте «қылмыс әлеміне қатысы бар» депутаттар тізімі шықты


Қырғызстан парламенті. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан парламенті. Бішкек, 30 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда «қылмыстық топтармен байланыстары бар» деп айыпталған депутаттар тізімі жарияланды. Депуттардың кейбірі ондай топтарға қатысы жоғын айтып, бұл ақпараттан саяси астар іздейді.

Тамыздың 20-сы күні Қырғызстан парламентінде елдің ішкі істер министрі Абдылда Сұранчиев 20 шақты адамның аты-жөнін жария етіп, оларды «ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар» деп атады.

Министр Жогорку кенешке (Қырғызстан парламенті) «Ар-Намыс» партиясынан сайланған депутат Бақытбек Жетігеновті, Жайыл ауданы әкімі Тұрысбек Ноғоевты және жергілікті өзін өзі басқару органдарына «Ата-Мекен» партиясы, Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) мен «Республика» партиясынан сайланған бірқатар депутаттарды атады.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) ақпаратынша, олардың арасында бұрын сотталғандар, кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылғандар бар, ал енді біреулері - ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүшелерінің туыс-туғаны немесе досы.

МАФИОЗИ СЫНЫПТАС

Тізімге ілінген парламент депутаты Бақытбек Жетігенов қылмыс әлемінің өкілі Алмаз Боқышевпен бірге оқығанын растағанымен, «ҰҚТ-ға қатысы жоғын» айтады.

Қырғызстан парламенті депутаты Бақытбек Жетігенов.

Қырғызстан парламенті депутаты Бақытбек Жетігенов.

– Боқышевпен бірге оқыған немесе онымен араласқан жандардың барлығын ұйымдасқан қылмыстық топқа қоса беру керек пе? Бір кездері бәріміз біреулермен мектепте, университетте бірге оқыдық. Мені бұл тізімге кіргізгендері дұрыс емес. Онымен бірге оқыдым екен деп ҰҚТ мүшесі боламын ба? Бұл жерде мені қаралау үшін біреулердің бұйрық бергені анық, - деді Бақытбек Жетігенов Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Келесі күні ІІМ бұл мәселені саясиландыру мақсатын көздемейтінін, ал ақпарат жұртшылықтың «криминалмен байланысы бар мемлекеттік қызметшілерді атаңдар» деген талабына байланысты жарияланғанын мәлімдеді.

Қырғызстан ІІМ мәлімдеуінше, жария болған тізімде қылмыс әлемімен байланысы бар немесе бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған жергілікті кеңес депутаттары мен мемлекеттік қызметшілердің есімдері аталған.

ҚАРУ-ЖАРАҚ, ШОҚПАР, МАСКА ЖӘНЕ ҚОЛҒАП

«Қара тізімде» Балықшы қаласы жергілікті өзін өзі басқару органына «Дәнекер» партиясынан сайланған 34 жастағы депутат Алтынбек Қоеналиев те бар. ІІМ ақпаратына сәйкес, ол – «ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірінің мүшесі Н.Қоеналиевтің інісі». Қырғызстан ІІМ-нің хабарлауынша, 2014 жылдың наурызында қолы мен самайынан жараланған Алтынбек Қоеналиев «қару қолданып, бұзақылық жасаған» деген айыппен ұсталған.

Қырғызстан ішкі істер министрі Абдылда Сұранчиев.

Қырғызстан ішкі істер министрі Абдылда Сұранчиев.

Тізімде 2012 жылы Қарабұлақ ауылдық кеңесіне ҚСДП-нан сайланған депутат 31 жастағы Алмазбек Құлболдиевтің де есімі жүр. ІІМ дерегі бойынша, бұл адам 2008 жылы «қарақшылық жасағаны» үшін сотталған, ал 2014 жылдың наурызында «қару-жарақты заңсыз сақтағаны» үшін ұсталған. ІІМ-нің хабалауынша, оның көлігінен нөмірі өшірілген тапанша, оқтар, 16 калибрлі шолақ мылтық, травматикалық тапанша, скотч оралған ағаш шоқпар, арқан, ойығы бар маскалар, қолғаптар және бірнеше ұялы телефон табылған.

Қырғыз ІІМ мәлімдеуінше, қалалық кеңеске «Ел-Аман» партиясынан сайланған спикер, 31 жастағы Таалайбек Сүйімбаев «адам өлтіргені үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыстық іс жабылғанымен, полиция оны «ҰҚТ белсенді мүшесі» деп санайды.

«ДЖЕНГОНЫ БОСАТҚАН КІМ?»

«Қара тізім» жарияланғаннан кейін Ошта тұратын, қылмыс әлеміне «Дженго» деген лақап атпен танымал Қадыр Досоновты түрмеден аяқ астынан кім босатқанын анықтау керек деген талаптар айтыла бастады. Оны 2014 жылдың басында Ош мэрін сайлау қарсаңында түрмеден үйқамағына босатқан. Бұрын ол «адам тонау», «есірткі тасымалдау желісін ұйымдастыру», «кісі ұрлау» баптары бойынша айыпталған. Үй қамағынан қашып кеткен Досоновқа қазір іздеу жарияланған.

«Дженго» деген лақап атқа ие Қадыр Досоновты (ортада) түрмеге әкеле жатыр. Ош, 20 қаңтар 2012 жыл.

«Дженго» деген лақап атқа ие Қадыр Досоновты (ортада) түрмеге әкеле жатыр. Ош, 20 қаңтар 2012 жыл.

Жұрт ІІМ басшысын күдікті қылмыскерлерді ақтаған немесе оларға тым жеңіл жаза кескен судьялардың тізімін жасауға шақырады.

– Әзер ұсталған қылмыскерлерді бостандыққа жіберген соттарды жұмысынан шығару керек, - дейді парламенттегі «Ата-Мекен» партиясы фракциясының жетекшісі Өмірбек Текебаев.

ІІМ жариялаған тізімнен кейін ұйымдасқан қылмыспен күрес тұжырымдамасы мен куәгерлерді қорғау туралы заң қабылдап, тергеу жұмыстарын жақсарту қажеттігі туралы пікірлер қайта айтыла бастады.

Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының ақпараты негізінде әзірленді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG