Accessibility links

Мұратбек Кетебаев Польшада босқын статусын алды


Мұратбек Кетебаев. (Сурет "Otwarty Dialog" ("Ашық диалог") қорының Facebook парақшасынан алынды)
Мұратбек Кетебаев. (Сурет "Otwarty Dialog" ("Ашық диалог") қорының Facebook парақшасынан алынды)

Қуғындағы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың жақын серіктерінің бірі – Польшада тұрып жатқан Мұратбек Кетебаев Азаттыққа «босқын» статусын алғаны туралы хабарлады.

Желтоқсанның 19-ы күні Азаттыққа сұхбат берген Мұратбек Кетебаев, өзіне босқын мәртебесін беру туралы шешім желтоқсанның 9-ы шыққанын, ал бұл хабарды өзі желтоқсанның 16-сы күні алғанын айтты. Оның сөзінше, Польшаның Шетелдіктер ісі жөніндегі басқармасынан келген хатта, Кетебаевқа бірқатар жеңілдіктер берілетіндігі туралы жазылған.

- Жеңілдіктер бір жыл мерзімге берілген. Оның ішінде 200 доллар шамасындағы айлық қаржылай көмек, поляк тіліне оқу мүмкіндігі мен тегін әлеуметтік сақтандыру сияқты стандарттық жеңілдіктер бар. Босқын статусының мерзімі шексіз, дегенмен бұл статусты растайтын құжат - карта әр үш жылда бір беріліп тұрады, - деді ол.

Кетебаевтың сөзінше, өзіне берілген босқын мәртебесі оның тек Еуропа Одағына кіретін елдерде қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етеді екен.

- Мен статусты Польшада алдым. Еуропа Одағымен арадағы келісім бойынша, Польшада алған статус менің ЕО-ға кіретін елдердегі қауіпсіздігімді қамтамасыз етеді. Ал басқа мемлекеттер маған қатысты шешімді дербес қабылдайды, - деді ол.
Босқын статусының мерзімі шексіз, дегенмен бұл статусты растайтын құжат - карта әр үш жылда бір беріліп тұрады.
Мұратбек Кетебаев

Қазір Мұратбек Кетебаев Варшавада тұрады. Ол босқын мәртебесін алғаннан кейін Польшада жұмыс істеу құқығына ие болғанына қуанышты.

Кетебаевқа берілген босқын мәртебесі туралы Польшаның өкілетті органдарынан ресми ақпарат алу әзірше мүмкін болмай тұр.

Мұратбек Кетебаев - қуғындағы оппозициялық олигарх, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты сыншыларының біріне айналған Мұхтар Әблязовтың жақын серіктерінің бірі. Ол 2011 жылы Қазақстаннан Польшаға кетіп қалған болатын. Ал Әблязов 2013 жылы Францияда тұтқындалған, қазір оны Украинаға немесе Ресейге экстрадициялау ісі қаралып жатыр.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевқа қарсы бірнеше қылмыстық іс ашылған. Оның біреуі – 2011 жылы желтоқсан айында болған Жаңаөзен оқиғасына қатысты, екіншісі – Алматыда 2012 жылы «террористік акт ұйымдастырмақ болды» деген айып бойынша қозғалған.
Судья Владимир Козловқа қатысты үкім оқып отыр. Ақтау, 19 қараша 2012 жыл
Судья Владимир Козловқа қатысты үкім оқып отыр. Ақтау, 19 қараша 2012 жыл

2012 жылы қараша айында «әлеуметтік араздықты қоздырды, конституциялық құрылымды құлатуға шақырды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптармен жеті жарым жылға түрмеге қамалған оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың сотында Мұратбек Кетебаевтың аты бірнеше мәрте аталған. Прокурорлар «Мұхтар Әблязов пен Мұратбек Кетебаевтың тіркелмеген "Алға" партиясының жоспарларын Skype арқылы талқылағаны» деп таныстырған аудиофайлды сотқа тыңдатқан еді. Сотта «Владимир Козлов Мұратбек Кетебаевты өзінің «идеологиялық кеңесшісі» деп атаған» аудиожазба да ойнатылған.

Ал 2012 жылы наурыз айында Қазақстанның бас прокуратурасы "Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда жасалмақ болған терактілердің алдын алғанын, жоспарланған терактілерді Мұхтар Әблязовтың серіктері жасамақ болғанын" мәлімдеді. Прокуратураның мәліметі бойынша, "терактілерді БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жеке күзетін басқаратын Александр Павлов пен Мұратбек Кетебаев бірлесе дайындаған". Осы мәлімдемеден кейін Кетебаевқа қарсы екінші қылмыстық іс қозғалған.

Мұратбек Кетебаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, олардың саяси астары бар деп санайды. Бұған дейін Қазақстан билігінің Кетебаевты экстрадициялау туралы өтінішін Польша қанағаттандырмай тастаған еді.
XS
SM
MD
LG