Accessibility links

Орталық Азия мен Ресейде Трамп жеңісіне реакция ұқсас болды


Ресей либерал-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің АҚШ президенті сайлауындағы Дональд Трамптың жеңісі үшін ішіп тұр. Мәскеу, 9 қараша 2016 жыл.

Ресей либерал-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің АҚШ президенті сайлауындағы Дональд Трамптың жеңісі үшін ішіп тұр. Мәскеу, 9 қараша 2016 жыл.

Халықаралық баспасөз Орталық Азия елдері Ресейге жылы қабақ танытқан Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануына қуанып жатқан сыңайлы деп жазады. Қытайдың Орталық Азиямен «прагматикалық ынтымақтастығы» туралы да назарға ілінген.

ТРАМПТЫҢ САЙЛАУДАҒЫ ЖЕҢІСІНЕ РЕАКЦИЯ

Америкалық EurasiaNet сайтында жарияланған «Орталық Азия Трамптың Ресейге деген достық пейіліне тәнті» деген мақалада Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануына қатысты Орталық Азия елдері басшыларының реакциясын сипаттаған.

«[Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Дональд Трампқа құттықтау жеделхатымен] асығыс жолдаған жылы лебізінен оның қуанышты екенін аңғару қиын емес. Ресейдегі [президент] Владимир Путин тәрізді Назарбаев та Трампты демократия мен адам құқығын дамыту сияқты «ұсақ-түйекке» алаңдамайтын адам көретін сыңайлы» деп жазады EurasiaNet.

Хиллари Клинтонның АҚШ мемлекеттік хатшысы болған кезде Қазақстанға келуі. Астана, 30 қараша 2010 жыл.

Хиллари Клинтонның АҚШ мемлекеттік хатшысы болған кезде Қазақстанға келуі. Астана, 30 қараша 2010 жыл.

Мақалада АҚШ президенттігіне сайлауда жеңілген кандидат Хиллари Клинтон Қазақстанға 2010 жылы барған сапарында сол кезде түрмеде отырған құқық қорғаушы Евгений Жовтиске араша түсіп, «адам құқығы саласындағы прогресс» үшін Астананы мақтап кеткен деп жазады. Мақалада Қазақстан парламенті депутаты Мәулен Әшімбаевтың «Вашингтон мен Мәскеу арасы жақсару перспективасына байланысты Трамптың жеңісі Қазақстан үшін тиімді болуы мүмкін» деген сөзіне сілтеме жасалған.

Орталық Азияның өзге елдері де осыған ұқсас сарында пікір білдіріп жатыр. Мысалы, қырғызстандық саясаттанушы Шерәділ Бақтығұлов Қырғызстанға жанама әсері етуі мүмкін болғанымен, бұл ел Америка мен Ресей қатынастарының жақсаруына мүдделі екенін айтады. Ал қазір өз президентін сайлауға дайындалып жатқан Өзбекстанда «жұрттың бүкіл назары желтоқсанның 4-інде өтетін сайлауға ауған».

«Вашингтонның Өзбекстанға қатысты саясатында қауіпсіздік мәселелеріне енді көбірек мән беріледі деп күтуге болады. Тәжікстанда да осыған ұқсас жағдай, Трамптың жеңісіне қатысты Душанбенің алғашқы пікірлері осы позицияны білдіреді» деп жазған EurasiaNet. Ал Түркіменстанда жоғары лаузымды ресми тұлғалар АҚШ-тағы сайлау қорытындыларына қатысты пкірілерін ашық жариялаған жоқ.

ҚЫТАЙДЫҢ ПРАГМАТИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Қытайдың Xinhua жаңалықтар сайтындағы «Қытай премьерінің сапары Еуразия елдерімен прагматикалық ынтымақстастық орнатуға көмектеседі» деген мақалада Қырғызстан, Қазақстан, Латвия және Ресейге барған Қытай премьер-министрі Ли Кекиангтің жуырда аяқталған сапары нәтижелерін «прагматикалық ынтымақтастық» деп атаған. Бұған қоса ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер премьер-министрлерінің жыл сайынғы саммиті мен Орталық және Шығыс Еуропа елдері басшыларының кездесуіне де қатысқан.

Қытайдан Иранға келген алғашқы поезды қарсы алу рәсімі. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Қытайдан Иранға келген алғашқы поезды қарсы алу рәсімі. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

«Премьер сапарының тығыз кестесі көптеген салада - әлгі елдердің даму стратегиялары синергиясы, өндіріс қуаттылығын арттыру сияқты мәмілелерден бастап ынтымақтастық орнату жөніндегі жаңа құжаттарға қол қоюға дейінгі мәселелер бойынша жемісін берді» делінген мақалада. Мұндай салалар қатарында Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі бастамасын» Қазақстанның «Нұрлы жол» стратегиясы мен Қырғызстанның «Белдеу және жол салу бастамасы» стратегиясымен ұштастыру жайлы ұсынысы айтылады.

Америкалық Forbes журналы блогтар бөліміндегі парағында комментатор Уейд Шепард «Еуропа ақыры Жаңа жібек жолына бет бұра бастады, сондықтан бұл маңызды болуы мүмкін» деген мақаласында «Жаңа Жібек жолы» трансеуразиялық бастама шапшаң дамып келе жатқанын жазған. «2016 жылдың аяғына қарай Жібек жолын дамыту қарқынды жүріп жатыр. Бүкіл Еуразияны қамтитын жаңа инфрақұрылымдарға құйылған миллиардтаған доллардан бөлек, қажетті саяси, экономикалық және қаржы құрылымдары да орнатылып жатыр. Бұрын Орталық Азия елдері деспоттарының сандырақ арманы сияқты болып көрінген нәрсе қазір әлем халқының 70 пайызын, энергия ресурстарының 75 пайызын және ЖІӨ-нің 70 пайызын қамтитын географиялық кеңістікті біріктіретін шындыққа айналды».

Мысалы, Қытай мен Польшаның Лодзь қаласы арасында темір жол қатынасы орнағанын жазған. Лодзь Қытайдан келетін трансконтиненталды жүктерді алатын үлкен транспорттық портқа айналып келеді, бірақ сонымен біге қазір тауарын Шығысқа жөнелтіп жатқан еуропалық өндірушілер де көбейіп барады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG