Accessibility links

Назарбаевқа ерте сайлау өткізу не үшін керек болды?


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 28 қаңтар 2011 жыл

Нью-Йоркте орналасқан «Ашық қоғам институтының» Eurasia View («Еуразия Вью») басылымы Қазақстан президентінің не себепті мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге ынталы болғаны туралы азды-кем талдау жасайды.


Ақпанның 9-ы күнгі санында басылымның Орталық Азия бойынша маманданған журналисі Джоанна Лиллис мерзімінен бұрын сайлау өткізу былтырғы желтоқсан айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетті мерзімін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты референдумның нәтижесі деп жазады.

«БҰЛ ЖОЛЫ НАЗАРБАЕВ БИЛІКТІ МҰРАГЕРГЕ ТАБЫС ЕТУІ МҮМКІН»

Референдумды қабылдамай тастап, күні бұрын президент сайлауын өткізу жөнінде ұсыныс айтқан Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтың ары қарай да билік басында қала беру турасындағы емеурінін түсінгенін» жеткізді. Қазіргі президент Назарбаевтың екі жылға жуық мерзімі бар болса да, өзі ұсынған мерзімінен бұрын президент сайлауына түсетінін әлі жариялаған жоқ. Бұның шартты нәрсе екендігі белгілі болса да, президенттің «Нұр Отан» партиясы ақпанның 11-індегі съезінде Назарбаевты қайта ұсынатындығы белгілі дейді автор.
Егер биыл Назарбаев билікті өткізіп беру жобасын біртіндеп жүзеге асырса, онда бұл сайлау өзін-өзі ақтайды.

Сайлау науқаны оның нәтижесінен әлдеқайда қызу болуы мүмкін дейді бірқатар сарапшылар. Басылым сарапшы Досым Сәтпаевтың ақпанның 3-і «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында: «Егер осы сайлау науқанында олар өзін-өзі ұсынатын әлеуетті үміткерлерге кедергілер жасамаса, сайлау тартысты өтуі мүмкін. Назарбаев жиырма жылдан бері билік басында отыр және осы уақытқа дейін билікті басқа біреуге беруге еш сыңай танытпады. Ал бұл жолғы мерзімінен бұрын сайлау осындай сипат алуы мүмкін. Егер биыл Назарбаев билікті өткізіп беру жобасын біртіндеп жүзеге асырса, онда бұл сайлау өзін-өзі ақтайды. Ал егер сайлау көзбояушылықпен өтсе, онда бұл уақыт пен қаражатты зая кетіру болады» деген пікірін де келтіреді.

БАЯҒЫ САЙЛАУ – СОЛ САЙЛАУ

Eurasia View авторы есімдері аса таныла қоймаған үш адамның президенттікке үміткер ретінде өздерін ұсынғанын жазады. Олар: «Жасыл ғаламшар үшін» қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбеков, кәсіпкер Сәлім Өтен және бұрынғы парламент депутаты Уәлихан Қайсар. Ал – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов президенттік сайлауға оппозициядан үміткер ретінде ұсынылды. Бұдан өзге «Жаса, Азатық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Жасарал Қуанышәлин мен табиғат қорғаушы Мэлс Елеусізов те сайлауға түсуге ниетті екендерін білдірді. Ал Қазақстанның Коммунистік партиясы сайлауға байкот жариялады. Келесі бір оппозициялық «Ақ жол» партиясының басшысы Әлихан Бәйменов сайлау алды дайындыққа уақыттың тығыздығына байланысты өзнің кандидатурасын ұсынбайтынын мәлімдеді.
Назарбаев шүбәсіз жеңіп шығады, бұған мемлекеттік аппараттағылар да барын салады.

Президенттің саясатын сынайтындардың бірі тіркелмеген «Алға» партиясының басшысы Владимир Козлов. Ол президенттік сайлауға түсетінін былтыр күзде мәлімдеген. Алайда, қазақ тілінен сынақ тапсыруға дайындыққа уақыт аз екенін айтып, ол ойынан бас тартты. Ал ақпанның 8-күні қазақ тілінен емтиханнан өтпей қалған Уәлихан Қайсар сынақ нәтижесіне байланысты шағымданып отыр. Сондықтан, сайлау нәтижесі тұрғысынан алғанда Назарбаевтың мүмкіндігі әлдеқайда жоғары дейді автор.

«Мерзімінен бұрын сайлау Назарбаевқа пәлендей қауіп емес» дейді Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетінің халықаралық қатынастар саласының оқытушысы, Қазақстан бойынша сарапшы Рико Айзаакс. Маман бұдан өзге: «Президенттікке үміткерлер арасында өзімен бәсекелес бола алатындай мықты кандидат жоқ болғандықтан Назарбаев шүбәсіз жеңіп шығады, бұған мемлекеттік аппараттағылар да барын салады» деген пікір айтады.

«НАЗАРБАЕВ ӨЗІ ҒАНА ЖЕҢІП ШЫҒАТЫН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ ОРНАТТЫ»

Eurasia View-дегі мақала авторының пайымдауынша сайлау нәтижесінің қалай болатыны қазірдің өзінде айқындалып қалды. Ал сарапшыларды Назарбаевтың не себепті мерзімінен бұрын сайлау өткізуге ұсыныс жасағаны ойландырып отыр. Бұған қатысты Лондонда орналасқан Control Risks Consultancy («Тәуекелді бақылау консалтингі») компаниясының Орталық Азия бойынша сарапшысы Анна Уолкер: «Нұрсұлтан Назарбаев референдумға байланысты жүргізілген науқанның қызуы басылмай тұрып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынған тәрізді.

Референдумға байланысты жүргізілген науқанда сайлаушылардың басым бөлігінің қолдауынан кейін алдын-ала сайлау өткізіп жіберу қисынға саяды» деген ой айтады. «Референдум өткізіп, Батыстың тарапынан өткір сынға ұшырағаннан гөрі мерзімінен бұрын сайлау өткізу президенттің демократияға оң көзқараста екендігін көрсетеді. Назарбаев пен оның жақтастары Батыстың (әсіресе АҚШ-тың) референдум бастамасына қатысты айтылатын сынынан айналып өтуді және сайлау өткізу арқылы демократиялық талаптарды сақтауға ниет танытып отыр» дегенді де қосады Анна Уолкер онлайн басылымға білдірген пікірінде.
Қазақстандағы билік АҚШ тарапынан айтылатын сынның деңгейін дұрыс бағамдамаған тәрізді.

Қазақстанда халықаралық бақылаушылар әділ және еркін өтті деп таныған бірде-бір сайлау өтпегенін айтқан Рико Айзаакс: «Мерзімінен бұрын сайлау өткізу арқылы Назарбаев өзін Қазақстанда демократия орнату ісіне берілген сау ақылды, прагматик саясаткер қылып көрсетеді. Бірақ, бұл «демократиялық жүйенің» ішінде тек өзінің жеіп шығуына кепілдік жасалған» деп пікір білдіреді.

Басылымның жазуынша Қазақстандағы билік өкілдері басы референдумнан басталып, аяғы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге әкеп тіреген науқанды өздігінен туып жатқан процесс қылып көрсетеді. Ал сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.

Орталық Азия бойынша сарапшы Анна Уолкер референдумның халықтың шынайы өз бастамасынан туындағанына күмәнданады. Мәселен, ол мынандай ой айтады: «Олар (Қазақстандағы билік өкілдері – ред.) о баста референдумнан басталған идеяның осылай жалғасатынын күтпесе керек. Бұдан бөлек, билік АҚШ тарапынан айтылатын сынның деңгейін дұрыс бағамдамаған тәрізді және оның дипломатиялық салдарына, яғни сайлаудан басқалай болғанда Назарбаевтың «халықаралық деңгейдегі қайраткер» ретіндегі беделіне нұқсан келетіндігіне назар аударған болуы мүмкін».

Eurasia view соңғы айларда билік жүйесінің президент Назарбаевтың ел ішіндегі бет-бейнесін жақсартуға барын салып жатқанын жазады. Басылым Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті мен 7-ші Қысқы Азия ойындарының Назарбаевтың жетістігі ретінде насихатталғанына назар аударады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG