Accessibility links

Қазақстандағы кибер-тыңшылық


Қазақстандық оппозициялық саясаткер және бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті күшейтілген күзетпен француз сотына әкеле жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.
Қазақстандық оппозициялық саясаткер және бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті күшейтілген күзетпен француз сотына әкеле жатыр. Лион, 17 қазан 2014 жыл.

Батыс баспасөзі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» еншілес компаниясынан миноритарлық акционерлердің үлестерін сатып алу жөніндегі ұсынысы қабылданбай қалғаны және елдегі белсенділер мен журналистерге жасалатын кибер-шабуылдар проблемасы жайлы жазған.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясы (ҚМГ) акциялары Лондон қор биржасында сатылатын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» (ҚМГ БӨ) еншілес компаниясына бақылауды күшейте алмады. ҚМГ екі компанияның өзара қатынасы туралы келісім-шартқа өзгеріс енгізіп, 1,3 миллиард доллар көлеміндегі сомаға миноритарлық акционерлердің үлесін сатып алуды көздеген болатын.

Осы аптада Астанада өткен кезектен тыс жиналыста дауысқа салынған бұл ұсынысты миноритарлық акционерлердің 75,7 пайызы құптамаған.

Ұлыбританияның Financial Times газетінің жазуынша, компанияның тәуелсіз директорлары мұны корпоративті басқарудың «беделін түсіретін» әрекет ретінде бағалап, бұл жоспарды қолдамай қойған.

Басылымының жазуынша, дауысқа салу нәтижесі совет заманынан қалған, қазір тозып бара жатқан кеніштерінің тиімділігін арттыруға тырысқан Қазақстандағы мұнай өндіруші үшінші ірі компанияның болашағын бұлыңғыр етеді. Бұған қоса бұл шешім бірер жылдан кейін акцияларын алғашқы жаппай сатылымға шығаруды жоспарлаған Қазақстандағы негізгі мұнай өндіруші ҚМГ-ның позициясына соққы болып тиеді.

Соған қарағанда, ҚМГ БӨ компаниясындағы үлесі 11 пайызды құрайтын әрі компанияның ең ірі миноритарлық акционері China Investment Corporation (CIC) тәуелсіз инвестициялық қоры мәмілеге қарсы дауыс берген сияқты. Financial Times басылымының жазуынша, мұның бәрі Орталық Азияның энергетика саласында Қытай ықпалының күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Қазір Қазақстандағы мұнай өндірісінің шамамен төрттен бірі Қытай компанияларының бақылауында.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫ» АРТЫҚ САНАУ

АҚШ-тың Stratfor сараптама орталығы ҚМГ компаниясының агрессиялық сипаттағы ұсынысын қолдау Қазақстанның бүкіл энергетика саласына ықпал етуі мүмкін еді деп санайды. Өйткені ҚМГ-ның негізгі мақсаты – ҚМГ БӨ компаниясы қаржысына толық бақылау орнату. Мұнай бағасы күрт арзандағаннан кейін еншілес компания қайта еңсесін көтерген әрі оның қарыздары аз. ҚМГ компаниясы өкілдері «ҚМГ БӨ өз ақшасын дұрыс пайдаланбайды әрі үлестерді сатып алсақ, екі фирма арасындағы бюрократиялық сергелдеңдер қысқарып, шығындар азаяр еді» деген уәж айтады.

«ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясының кенішінде жұмыс істеп жатқан адамдар. Қызылорда облысы. 21 қаңтар 2016 жыл.
«ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясының кенішінде жұмыс істеп жатқан адамдар. Қызылорда облысы. 21 қаңтар 2016 жыл.

Бірақ ҚМГ ұсынысын қолдау ҚМГ БӨ компаниясының қаржы қорын сарқуы мүмкін, ал бұл ақша еншілес компанияға 2020 жылға дейін энергия өндіру көлемін ұлғайту үшін әрі экономиканың баяулау зардаптарынан құтылу үшін қажет.

Stratfor сарапшыларының болжамынша, таяу жылдары Қазақстан үкіметі үшін ҚМН БӨ компаниясының мүддесі мен елдің инвестициялық тартымдылығынан гөрі ҚМГ компаниясының тұрақтылығы маңыздырақ. Ертеректе ҚМГ компаниясы ұстанатын бизнес жүргізудің агрессиялық тәсілдері кесірінен шетелдік кей фирмалар Қазақстаннан кетіп қалған, бірақ «тәуекелге бару – Қазақстанда бизнес жүргізудің бір бөлігі» деп санап қалғандар да бар.

БИЛІККЕ ЖАҚПАЙТЫНДАРДЫ АҢДУ КАМПАНИЯСЫ

International Business Times сайтының жазуынша, қазір Қазақстанда қуғындағы диссиденттердің заңгерлері мен серіктерінің компьютерлеріне тыңшылық бағдарламалар орнататын кибер-тыңшылық кампания жүріп жатқан тәрізді. Болжам бойынша, бұл кампания билікке жақпайтын адамдардың жүріс-тұрысын аңдып, оларға зорлық-зомбылық көрсету әрекеттерін қамтитын тыңшылық бағдарламасының бірі бөлігі болып саналады.

Сандық технологиялар әлеміндегі азаматтық құқық пен еркіндікті қорғаумен айналысатын Electronic Frontier Foundation (EFF) коммерциялық емес ұйымы жақында жариялаған баяндамасында келтірген деректерге сәйкес, жуырда бір топ зерттеуші сот шешімімен жабылған «Республика» оппозициялық газетінің басшылары Ирина Петрушева мен Александр Петрушевке, оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке жолданған электронды хаттарды зерттеген.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтының тінту жүріп жатқан кеңсесіне ешкімді кіргізбей тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Оппозициялық Nakanune.kz сайтының тінту жүріп жатқан кеңсесіне ешкімді кіргізбей тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Ұйым зерттеуі кей шабуылдардың сипаты үндістандық Appin Security Group компаниясы пайдаланатын тәсілдермен бірдей екенін көрсеткен. Кезінде бұл компания кей елдердің үкіметіне белсенділер мен журналистерге зиянды бағдарламалар жолдауға көмектеседі деген хабар тараған. Британдық басылым Register бұл жайлы «EFF Қазақстанды журналистер мен белсенділерге хакерлік шабуылдар жасайды деп айыптады» деген мақаласында жазған.

CircleID жаңалықтар басылымы EFF ұйымының халықаралық саясат жөніндегі сарапшысы әрі баяндама авторларының бірі Ева Гальпериннің «Режимдер коррупцияны әшкерелеп, адам құқықтарын бұзу фактілері жайлы жұртқа жариялауға тырысып жүрген жандарды аңдып, олардың мазасын алып, үндемеуге мәжбүрлеу үшін жасырын орнатылған зиянды бағдарламалардың көмегіне жүгінеді» деген сөздерін келтірген.

Register басылымының хабарлауынша, Ева Гальперин бұған қоса Астана журналистерді қаралау үшін қолданылатын бағдарламаларды пайдалану жағынан Вьетнам мен Сирия сияқты елдер қатарына қосылған» деп те айтқан.

Register веб-сайты Ева Гальпериннің «Біз қолымыздағы деректерге сүйене отырып, бұл кампания Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен жүргізілген деп есептейміз. Біздің зерттеуіміз коммерциялық тұрғыдан арзан тұратын мұндай зиянды бағдарламалар халықтың қорғансыз топтарына үлкен әсер етуі мүмкін екенін көрсетті» деген сөздерін келтірген.

«Шекарасыз тілшісіз» ұйымының дерегінше, әлемнің 180 елінің ішінде Қазақстан баспасөз еркіндігіне шабуылдар жасайтын елдер тізімінде 160-орында тұр.

XS
SM
MD
LG