Accessibility links

Қазіргі заманғы құлдық және Қазақстандағы гейлер құқығы


Сәлима деген лақап есімді қырғызстандық қыз Түркияда жезөкшелікпен айналысуға өзін қалай мәжбүрлегені туралы айтып отыр. (Видеодан скриншот.)

Сәлима деген лақап есімді қырғызстандық қыз Түркияда жезөкшелікпен айналысуға өзін қалай мәжбүрлегені туралы айтып отыр. (Видеодан скриншот.)

Батыс баспасөзі қарулы жанжал аймақтарында адам саудасы проблемасы артып отырғаны жайлы жазған. Дерек бойынша, бұл мәселеге Қазақстан азаматтарының қатысы бары да байқалған.

СОҒЫС ЖӘНЕ ҚҰЛДЫҚ

Американың KSDK телеарнасы сайты қарулы қақтығыс аймақтарында адам саудасы оқиғалары жиілеп кеткені жайлы жазған. Халықаралық заң нормалары қай жерде, қай уақытта болмасын құлдыққа үзілді-кесілді тыйым салады. Бірақ «қазір кемінде 45,8 миллион адам құлдықта жүр».

Қарулы топтар адамдарды жыныстық қызмет үшін құлдыққа салып, әскери қызметке, құрылыс, тазалық, ор қазу, шахталар мен ауыл шаруашылығы салаларындағы еріксіз еңбекке мәжбүрлейді. «Ислам мемлекеті» (ИМ) мен «Боко Харам» сияқты экстремистік ұйымдар «екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болып көрмеген көлемдегі құлдықты ашық қолдап, ұйымдастырады». Мысалы, ИМ ұйымы құлдығында бес мыңнан аса езид әйелдер мен ерлер, балалар жүр. KSDK сайтының хабарлауынша, ИМ ұйымы құлдар тізімін құрып, құл базарлар ашқан әрі ресми тұлғалар арқылы құлдықты қайта жаңғыртуды ашық шақырады,олар тіпті құлдық туралы оқулық та шығарған.

Сирияның Алеппо қаласындағы дала госпиталінде. 6 қыркүйек 2016 жыл.

Сирияның Алеппо қаласындағы дала госпиталінде. 6 қыркүйек 2016 жыл.

Мақалада ИМ ұйымының адам саудасына Қазақстан азаматтарының да қатысы бары жазылған. «[Ирак пен Сириядағы] қақтығыс сияқты құлдық та халықаралық проблемаға айналды. БҰҰ комиссиясының жуырдағы зерттеуі Алжир, Австралия, Бельгия, Египет, Ирак, Қазақстан, Ливия, Марокко, Сауд Арабиясы, Судан, Сирия, Тунис, Түркия және Өзбекстанда тұратын ер азаматтар адамдарды құлдыққа, ИМ ұйымының адам саудасына қатысты қылмыстарына мәжбүрлегенін анықтады» деп жазылған. Ақпаратқа қарағанда, әйелдерді құлдыққа Telegram, Facebook, WhatsApp, Surespot және Threema әлеуметтік желілері мен мобильдік қосымшалары арқылы сатады.

Мақала авторлары бұл құбылыспен күреске БҰҰ қауіпсіздік кеңесі мен жеке меншік компанияларды, әсіресе әлеуметтік желілер мен мобильдік қосымшалар провайдерлерін тартуды ұсынады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛГБТ

Американың NewNowNext Logo ЛГБТ телеарнасының сайтында Қазақстандағы ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдерінің жағдайы туралы мақала жарияланған. «Қазақстан 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге өтініш берген кезде Орталық Азия елінің үнемі кемсітушілік пен қысымға ұшырайтын ЛГБТ өкілдері бұл проблемаға назар аударылады деп үміттенген еді. Бірақ [Олимпиаданы өткізу құқығы өзге елге берілуімен] бірге Қазақстанды гомофобиясын тоқтатуға мәжбүрлей алатын халықаралық қысым перспективасы да тоқтады».

Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылдан бері қылмыс саналмайды, бірақ ЛГБТ өкілдері «әлі күнге дейін бұғып келеді. Полиция гейлерге топтасып шабуыл жасауды елемейді, ал дәрігердер құрбандарды емдеуден бас тартады». Транссексуалдардың жағдайы «тіпті мүшкіл, өйткені Қазақстан заңдары бойынша, ресми құжаттарда адамның жынысын өзгертіп жазу мүмкін емес» деп жазады NewNowNext Logo.

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ

Ұлыбританияның Guardian газетінің «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қош келдіңіз: Егер Шыңғысхан тірі болса, ол да қатысар еді» деген мақаласында Қырғызстандағы Ыстықкөл жағасында өткен екінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны туралы жазған. «Қырғызстанда жарқыраған шабандоздар, киіз үйлер тігіліп, құрметті мейман Стивен Сигал қатысқан ойында 40 мемлекет бүркітпен аң аулау, көкпар тартудан сайысып жатыр. Ойын Орталық Азия елдерінің көшпелі мұрасын жаңғырту мақсатында өткізілді деп жазады Guardian.

Голливуд киножұлдызы Стивен Сигал (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Голливуд киножұлдызы Стивен Сигал (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 3 қыркүйек 2016 жыл.

«Ойын аяқталар сәтке қарай шаштарын тықырлап алдырған қауіпсіздік қызметкерлері стадионның ортасындағы жұртты шетке тықсырып, даңғырлаған драмалық музыка аясында стадионға ежелгі қырғыз жауынгерінің сауытын киіп, атқа мінген Стивен Сигал шықты. Қырғыз шабандоздарының қолпаштауымен біраз жерге дейін желе-жортып барған оның түрі сәл ебедейсіздеу көрінді, бірақ жиналған халыққа ұнады» деп жазады Guardian.

Бұдан әрі мақалада актерде «жуырдан бері бұрынғы совет республикаларының әлдебір шараларына қатысу сияқты тосын әдет пайда болғаны» айтылған. Мысалы, Ресей президентінің «жақын достығынан» бөлек, ол Беларусь елінде де болып, президент Александр Лукашенко жүйектен жұлып берген сәбізден дәм татқан. Тағы бір мақаласында Guardian «Постсоветтік ел басшыларымен кездесу ұйымдастырылған тосындау турға неліктен бардыңыз?» деген сұраққа Сигал: «Путин, Лукашенко және Атамбаев тамаша адамдар екеніне сенімдімін» әрі «бейбітшілік миссиясын атқарып жүрмін» деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG