Accessibility links

Батыс жетекшілері Мәскеуге неге келмеді?


Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қызыл алаңдағы әскери парадты қарап отыр. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.

Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қызыл алаңдағы әскери парадты қарап отыр. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.

Мәскеуде екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге Батыс елдері басшылары қатыспады. Батыс баспасөзі мұның себептерін талқылап, әлемдік жүйедегі өзгерістерді сараптаған.

Ұлыбританияның Financial Times газеті «қырғи-қабақ» соғыс заманында екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті мерекелеу кезінде «тайталастан уақытша бас тартатын еді» деп еске алады. «АҚШ пен Совет одағы жылына зұлымдыққа бірігіп қарсы тұруға қабілетті екенін бір мәрте болсын көрсетуді парыз санайтын. Қазір Жеңіс мерейтойлары қызу талас, саяси демарштар мен жанжалға ұласатын болып барады» деп жазады басылым.

Мақала авторының жазуынша, кезінде екінші дүниежүзілік соғыс нәтижелері «әлемдік геосаясаттың институционалдық негізіне» айналып, «әскери-саяси балансты ғана сақтап қоймай, моральдық тұрғыдан да дұрыс бағаланатын». Қазір бұл баланстың жұрнағы да қалмаған, ал жеңіс нәтижелерін өз ыңғайына қарай бейімдеу әдеті қалыптасқан».

Financial Times газетінің жазуынша, «қазір әлемдік тәртіпті қайта қарау әрекеттері болып жатқанына қарамастан, Батыс мұны мойындамайды әрі Еуропада 1945 жылы орнаған нормалармен санаспайды деп Мәскеуді айыптайды. Ал Ресей «қырғи-қабақ соғыстан кейін де үйреншікті әдетіне басып, бұрынғы Югославия, Ирак және Ливия сияқты елдердегі «соғысқа килігіп, тәуелсіз елдердегі режимдерді революциялық жолмен ауыстыру үшін оларға саяси қысым көрсетіп, ішкі ісіне өрескел араласты» деп АҚШ-ты айыптайды».

Украинаның Донецк аймағындағы ресейшіл сепаратистер. 23 сәуір 2015 жыл.

Украинаның Донецк аймағындағы ресейшіл сепаратистер. 23 сәуір 2015 жыл.

Басылым Мәскеудегі биылғы Жеңіс парадын Ресейдің Азияға бет бұруы деп санайды. Бірақ, автор «жалпы үйлесімділік, тайталастан бас тарту және экономикалық кеңістікті саяси емес жолдармен кеңейтуді жақтайтынын айтатын Пекин әлемдік тәртіптің жаңа негізін ұсына алар ма екен» деген сауал тастайды.

Американың Wall Street Journal газеті сайтында жарияланған мақала Владимир Путинді «екінші дүниежүзілік соғыс естеліктерін Батыс пен көрші елдерге қарсы үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланды» деп айыптап, Украинадағы жағдайды екінші дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңындағы оқиғалармен салыстырған.

«Агрессордың дегеніне көну әлемге бейбітшілік пен қауіпсіздік әкелмейтінін өткеннің сабағы айқын көрсетті. Украинадағы қақтығыстың ушығып, өзге елдерге тарап кетуіне жол бермес үшін, Украинаның АҚШ пен Еуропадағы әріптестері оны қолдап қана қоймай, Кремльге қысымын күшейтуі тиіс» деп жазады Wall Street Journal.

Халықаралық Project Syndicate ұйымы сайтында жарияланған мақалада екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде орнаған идеологиялық өзгерістер талданған. Мақалада 1945 жылы Батыс Еуропада қол жеткен консенсустың бір бөлігі ретінде «әл-ауқатты солшыл, социал-демократиялық мемлекеттерге бетбұрыс басталды» деп жазылған.

Қырым аннексиясынан кейін Ресей президенті Владмир Путин (сол жақта) Германия канцлері Ангела Меркельмен әңгімелесіп тұр. Нормандия, 6 маусым 2014 жыл.

Қырым аннексиясынан кейін Ресей президенті Владмир Путин (сол жақта) Германия канцлері Ангела Меркельмен әңгімелесіп тұр. Нормандия, 6 маусым 2014 жыл.

«Альберт Эйнштейн сияқты көптеген белгілі адамдар Жер бетіндегі бейбітшілікті қамтамасыз ету бүкіләлемдік үкіметтің ғана қолынан келеді деген утопияға біразға дейін сеніп келді. Қырғи-қабақ соғыс әлемді бір-біріне жау екі блокқа бөлгеннен кейін бұл арман жоқ болды. Қазір, 70 жыл өткен соң 1945 жылы қол жеткен консенсустан ештеңе қалмады. БҰҰ айналасында ұйысуға құлшынатын елдер санаулы ғана қалды. Еуропа бірлігі арманы дағдарысқа ұшырады, ал соғыстан кейін құрылған социал-демократиялық мемлекет күн өткен сайын құрдымға кетіп барады» деп жазған Project Syndicate сайты.

Мақала авторлары бұрынғы идеологиялардың орнын неолиберализм, оңшыл популизм басып, америкалық неконсерватизм «бұрынғы солшылдардың интернационализмін ығыстырып, АҚШ-тың әскери күштің көмегімен демократиялық әлем орнату идеясын әкелді» деп санайды.

«Біз өткенге кері оңай орала алмаймыз. Өйткені әлемде көп нәрсе өзгерді. Бірақ, әлеуметтік және экономикалық теңдік пен халықаралық ынтымақтастық орнату үшін бізге жаңа құлшыныс аса қажет» деп жазады Project Syndicate.

Біз өткенге кері оңай орала алмаймыз. Өйткені әлемде көп нәрсе өзгерді.

Батыс елдері басшыларының Мәскеудегі Жеңіс парадына бойкот жариялауын Испания баспасөзі де талқылап жатыр. «Еске алу рәсімі Ресей президенті Владимир Путиннің жақтастары ғана қатысатын саяси актіге айналып кетті» деп жазады La Vanguardia газеті. Басылым Мәскеудегі биылғы мерекелік шара мен 2005 жылы АҚШ, Германия, Франция және Жапония президенттері қатысқан Жеңістің 60 жылдығы арасындағы контрас барын жазған.

ABC сайтындағы мақала авторы «Сталиннің тарихи рөлін қызғыштай қорып, Қызыл армия коммунистік режим орнатқан елдердің бастан кешкен қайғы-қасіретін елегісі келмеген әрі Украинаға қарсы риторикасымен мезі еткен Владимир Путиннің қылығынан кейін көршілес мемлекеттердің көбі мен Батыс елдерінің басым бөлігі Жеңіс күнін әлдебір милитаристік құбыжық сияқты көреді» деген пікір айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG