Accessibility links

Қырымнан соңғы Ресейлік БАҚ-тың Қазақстанға ықпалы


Теледидар көріп отырған адам. (Көрнекі сурет)

Теледидар көріп отырған адам. (Көрнекі сурет)

Азаттық ресейлік БАҚ-тың Қазақстандағы ықпалы туралы блиц-сауалнама жүргізді. Мұндай сауалнаманы редакция былтыр да жүргізген. Осы мерзім ішінде Қырым аннексияланды.

Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) Қырым аннексиясы мен Украинадағы дағдарыс туралы жалған ақпаратты әдейі әрі үзбей тарататынын Батыс баспасөзі талай мәрте әшкерелеген.

Жуырда Алматыда өткен медиақұрылтайда сарапшылар Ресей телеарналарының қазақстандықтарға ықпалының артуына қатты алаңдады. Солтүстік Қазақстанда «Қырым сценарийі» қайталануы мүмкін деген болжамдар «Қазақстан баспасөзі ресейлік БАҚ-қа ақпарат алаңын беріп қойды» деген күдікке ұласты.

ЖАҚСЫ ДЕГЕН НЕМЕНЕ? ЖАМАН ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

Алматылық тәуелсіз журналист Андрей Свиридов ресейлік БАҚ-тың ішіндегі путиншіл және антипутиндік басылымдарды айыра білу жөнінде кеңес береді. Оның айтуынша, ресейлік БАҚ арасында Қазақстан үшін мақсатты түрде арнайы хабар тарататын басылымдар жоқ, бірақ қазақстандықтардың көбі путиншіл өнімді «тұтынуға» мәжбүр.

Андрей Свиридов.

Андрей Свиридов.

- Қазақстанда ресейлік БАҚ-тың арасынан антипутиндік басылымдарды таңдайтын ойлы жандар бары қуантады, - дейді Андрей Свиридов.

Бірақ Андрей Свиридов «Путиншіл БАҚ-тың күші мен мүмкіндігіне қарамастан, қазір Қазақстанға төнген үлкен қауіп жоқ. Қазақстанды солтүстіктегі көршісімен тіл табысып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған кезде бұл жағдай өзгермейді» деп біледі.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚАЛҚАН БОЛА АЛА МА?

Андрей Свиридовтың кейбір тұжырымымен оппозициялық журналист Сергей Дуванов та келіседі. Бірақ Дуванов екі елдің ара қатынасы кенет өзгеріп кетсе, ресейлік БАҚ-тың Қазақстанға ықпалы аса үлкен қатерге айналуы мүмкін деп есептейді.

Оның үстіне, Сергей Дувановтың пікірінше, Ресейдің кремльшіл баспасөзінің Қазақстандағы ықпалы салдарынан белсенділігі әзірше төмен, бірақ қатары едәуір «бесінші колонна» қалыптасып қалған. Бірақ ресейлік БАҚ-тың ішіндегі оппозициялық басылымдардың өнімін «тұтынатын» қазақстандықтар да бар. Олар әдетте өздерін Путиннің қарсыластары санайды.

Сергей Дуванов.

Сергей Дуванов.

- Олардың бар екенін әлеуметтік желілерге сүйеніп айтуға болады. Путиннің әлеуметтік желілердегі жақтастары мен қарсыластары әсіресе Украинадағы жағдайға байланысты бір-бірімен қатты «қақтығысып» қалады. Ақпарат алу үшін интернетті емес, телевизияны пайдаланатын қазақстандықтардың арасында Путиннің жақтастары басым, ал әлеуметтік желілерде олардың саны аздау, - дейді Сергей Дуванов.

Оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев: «Әлеуметтік желілерде Путиннің қазақстандық жақтастары мен қарсыластары арасында кейде қызу тартыс болатыны рас. Алайда қанша айтысып-тартысса да, әлеуметтік желілердің көпшіліктің ой-санасын қалыптастырудағы ықпалын асыра бағалауға болмайды» дейді.

- Бірақ Ресей жазушысы Александр Проханов немесе еуразияшылдықты құлшына қорғап жүрген Александр Дугин сияқты көптеген ұлыдержавалық идеологтардың ықпалы саяси қақтығыстар болуы мүмкін келешекті айтпағанда, қазірдің өзінде Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, - деп ескертеді Төлеген Жүкеев.

ҚАТЕРДІ БАҒАЛАУ

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, ресейлік БАҚ-тың қауіпті ықпалы қазір Қазақстанда басқаша бағалана бастаған. Оның айтуынша, бұрын бұл туралы сарапшылар ғана айтса, енді мұның маңызды әрі өзекті тақырып екені жөнінде бизнесмендер мен медиа менеджерлер сияқты Қазақстан қоғамындағы өзге сала өкілдері де ойлана бастаған.

Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік БАҚ-тың Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне ықпалы қоғамды «Ресейдің сыртқы саясатының жақтастары мен қарсыластары» деген екі топқа жарған.

- Бұл қызу талас, айтыс-тартыс тудырды. Оның үстіне үгіт-насихат майданының ат қойып, айдар тағатын «бандерашылар», «фашистер», «колорадтар» сияқты штамп сөздері Қазақстанда да көп қолданыла бастағанын байқауға болады. Сондықтан ақпараттық соғыс Қазақстанға әлі келген жоқ деген пікірмен келіспеймін. Қазақстанға тікелей қатысы болмаса да, еліміз бұл соғысқа баяғыда араласып кеткен, - дейді Досым Сәтпаев.

БАТЫСТЫ ЖАМАНДАУДЫ ЖАҢҒЫРТУ

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтің пікірінше, биыл Ресейдің Украинадағы жағдайға арналған хабарларының мазмұны болмаса, басқа ештеңе өзгерген жоқ.

- Меніңше, тұтастай алғанда нарық өзгерген жоқ. Кабельді телевизия пакеттерінде бұрынғы арналар. Оның үстіне универсал пакеттердегі ресейлік арналардың кейбірі жоғалып кетті немесе элиталық пакеттерге ауыса бастады. Мұның саясатпен байланысы жоқ. Мысалы, саясатқа ешқандай қатысы жоқ комедиялық арна кетті. Универсал пакеттің көбінде ТРЦ арнасы жоқ, - дейді Эдуард Полетаев.

Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, бәрін «дәстүрлі құндылықтарды қорғап отырған» Ресейге қарсы әрекеттер деп көрсеткісі келетін ресейлік БАҚ совет заманындағы Батысты жамандауды жаңғыртып, «астыртын қастандық» теориясын пайдаланып отыр».

- Украинадағы жағдайға байланысты олар Ресей саясатына деген бүкіл қарым-қатынас психологиясын, оның ішінде қазақстандық азаматтардың да көзқарасын қалыптастырады. Ресейдің саясаты неоимпералистік әрі реваншистік пиғылдағы саясат екені анық, ал ресейлік БАҚ - осы саясаттың құралы, - дейді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, Ресей саясаты Қазақстан қауіпсіздігіне сөзсіз қатер төндіреді, өйткені Кремль айналасындағы постсоветтік кеңістікті өз мүдделерін іске асыру аясы ретінде қарастырады. Жовтистің айтуынша, СССР-дің күйреуін геосаяси трагедия деп бағалайтын президент Владимир Путин - Ресейдің неоимпералистік және реваншистік саясатының бейнесі. Оның үстіне өткен аптаның аяғында Путин 2018 жылы президент сайлауына тағы қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG