Accessibility links

Каддафиге шетелдік қорғаныс компаниялары қару сатқан


Ливия басшысы Муаммар Каддафи TRT түрік телеарнасына сұқбат беріп отыр. Триполи, 8 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ливия басшысы Муаммар Каддафи TRT түрік телеарнасына сұқбат беріп отыр. Триполи, 8 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Reuters тапқан кей құжаттар General Dynamics атты ұлыбританиялық ірі қорғаныс компаниясы ливиялық «Хамис» қауіпсіздік бригадасының әскери техникасын жаңартуға көмектескенін көрсетеді.


General Dynamics «Хамис» бригадасының қару-жарағын толығымен жаңартпағанын, бұл оқиға 2008 жылы британдық еншісіндегі компаниямен жасалған келісім-шартпен байланысты екенін айтады.

Ол келісім-шарт терроризмді қолдағаны үшін шет елдердің қырын қабағына іліккен Каддафи жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартқан кезде, 2003 жылы жасалған.

Батыс компанияларынан қару алған «Хамис» - Ливиядағы ең озық жабдықталған әскери бригада. Ол Мисрата мен Триполи сияқты қалалардағы көтерілістерді басуға қатысқан деп жазады Reuters.

«ДИКТАТОРЛАРҒА ҚАРУ САТУ – ҰЯТ»

Human Rights Watch ұйымының өкілі Петр Букерттің айтуынша, Ливияның элиталық бригадалары Батыс елдерінен сатып алған қару-жарақтың арқасында зор күшке ие болып отыр. «Диктаторларға қару сатудың ұятқа батыратын нәрсе екендігі сөзсіз» дейді Петр Букерт.

Ұлыританиялық General Dynamics компаниясының басқарушысы Саймон Кирхемнің Ливияның қорғаныс министрлігіне жазған хаты осы аптада «Хамис» бригадасының Триполи маңындағы кеңсесінен табылды. Хат 25 қаңтарда, яғни Тунистегі билік құлап, Египетте үкіметке қарсы толқулар басталған кезде жазылған.

Хат пен оған қосымша арабша құжатта 40 танк, 8 артиллериялық зеңбірек, 4 бронетранспортер, 10 әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері сөз болады.

General Dynamics компаниясының өкілі Роб Дулитл «қарулар еншілес компания мен Ливия 2008 жылы жасасқан келісім-шартқа қосылған шығар» дейді. Кезінде бұл келісім-шарт «Ұлыбритания мен Ливия арасындағы экономика, білім және қорғаныс байланыстарын жақсарту мақсатымен» жасалған екен.

Дулитлдің мәлімдеуінше, компания ол шартты әлі толығымен орындаған жоқ, «Компаниямен әріптес болған кішігірім ұлыбританиялық мекеме Ливиядан ақпан айының басында шығарылған» дейді General Dynamics компаниясының өкілі Роб Дулитл.

КАДДАФИГЕ АДАЛ «ХАМИС»

Құқық қорғаушылар мен сарапшылардың айтуынша, Муаммар Каддафидің ұлы Хамис басқаратын «Хамис» бригадасы азаматтық соғыста маңызды роль атқарды, билікке қарсы күрескен ереуілшілермен аяусыз соғысып,
Хамис Каддафи. 9 тамыз 2011 жыл. (Теледидар экранынан түсірілген сурет)

қатыгездік көрсетті.

Reuters бұл бригаданың «режимді қорғаушы тиімді топ» екенін, қатал тәртібі мен Каддафиге адалдығын айтады.

«Ұлыбритания мен басқа елдердегі лаңкестік әрекеттерге қатысы бар» деген күдікке ілінген Каддафи үкіметі талай жыл «қара тізімде» тұрған еді. Ал құқық қорғаушылар Каддафиді «өзгеше ойлайтындарды жаныштап жатыр» деп айыптайтын.

Reuters тапқан құжаттарда британдық General Dynamics компаниясының жұмысы толқудан бір күн бұрын басталуға жоспарланғаны жазылған. Ал Human Rights Watch тапқан құжаттар бригаданың басқа да елдер (Ресей, Оңтүстік Африка, Бельгия) мен компаниялардан қару-жарақ алғандығын көрсетеді.

«Каддафидің бұл қару-жарақты өз халқына қарсы қолданғаны біреуді таң қалдыра ма?» дейді Human Rights Watch ұйымының өкілі Букерт.
XS
SM
MD
LG