Accessibility links

Ресейдің жұмбақ медалі


Перевальное елді мекенінде жүрген ресейшіл солдаттар. Қырым, 14 наурыз 2014 жыл.

Перевальное елді мекенінде жүрген ресейшіл солдаттар. Қырым, 14 наурыз 2014 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігінің «Қырымды қайтарғаны үшін» медалі назар аудара қоятын дүние емес. Бірақ оған жазылған сөз түрлі сауал тудырды.

Украинаның Луганск облысында тұратын тарихшы әрі журналист Владимир Просин Facebook парақшасына медальдің екінші жағы деп, суреттер жариялады. Онда «Қырымды қайтарғаны үшін: 20 ақпан 2014 - 18 наурыз 2014» деп жазылған.

Соңғы дата – «18 наурыз» түсінікті. Ресей президенті Владимир Путин осы күні түбекті аннексиялау туралы құжатқа қол қойды.

Алайда «20 ақпан» қайдан шықты? Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович ол кезде әлі билікте отырған. Ресей әскері Қара теңіз флотында ғана тұрған еді. Бірақ дәл сол күні Киевте «Януковичке бағынды» дейтін снайперлер 60-тан астам «Еуромайдан» шерушісін атып өлтірді.

Ал Путиннің айтуынша, Қырымда референдум өткізу туралы шешім ақпанның 22-сінен кейін, Киевте жаңа билік жасақталғаннан соң барып қабылданған. Ресей президенті шешім шығарылмас бұрын құпия сауалнама жүргізіліп, «орыс тілді азаматтарға қауіп төнгені анықталғанын» айтады.

Азаттық бұл суреттердің шын-өтірігін тексере алмады, әрі әдетте интернеттегі лақаптарға назар аудармайды. Бірақ медаль төңірегінде туған күдіктер пен болжамдарды елеусіз қалдыра алмады.

Ресейлік танымал блогер әрі фотограф Рустем Адагамовтың айтуынша, Қырымда наурыздың 25-і күні тапсырылған бұл медальдардың суреттері Ресей қорғаныс министрлігі сайтына да жарияланған. Бірақ онда медальдің бет жағының ғана фотографиясы болған. Алайда суреттер ол жерден сол жарияланған күні-ақ алынып тасталған.

«Русская лента» компаниясы сайтында бұл медальдардың бауын жасауға шұғыл тапсырыс берілгенін салтанатты түрде хабарлаған еді.

Орыс тілінде шығатын Rolling Stone басылымының журналисі Евгений Левкович Facebook парақшасында «Русская лента» компаниясының бас директоры Вера Ёлкинамен сөйлескенімде ол «20 ақпан» деген жазуы бар медальдарға тапсырысты Ресей қорғаныс министрлігі бергенін айтты» деп жазды.

Азаттыққа берген сұхбатында Ёлкина компаниясының «Ресей қорғаныс министрлігіне медаль бауларын дайындағанын» растады. Бірақ ол «медальдың өзін көргенім жоқ» дейді. Ёлкина «медальді тек интернеттен көрген».

Аты-жөнін жарияламауды өтінген Ресей қорғаныс министрлігі шенеунігінің айтуынша, «ондай медальдар болған емес».

- Қырымға қатысты ешқандай медаль болған жоқ. Референдум болды, халық шешім қабылдады, - дейді ол.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Рахат Мамырбек)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG