Accessibility links

«Мына ордадан кету керек»


Алтай өңірі Рубцовск қаласындағы ИК-5 түзету мекемесіне келген Анастасия Зотова.
Алтай өңірі Рубцовск қаласындағы ИК-5 түзету мекемесіне келген Анастасия Зотова.

Ақпанның 26-сы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15.45-те (Мәскеу уақытымен – сағат 11.45) белсенді Ильдар Дадин Алтай өлкесінің Рубцовск қаласындағы ИК-5 түрмесінен бостандыққа шықты. Ол Ресей жоғарғы сотының бұрынғы үкімнің күшін жойып, Дадинді дереу босату жайлы шешімінен кейін төрт күннен соң босады. Колония қақпасы алдында журналистерге жауап берген Дадин «Путин режимімен» күресе беру үшін Ресейде қалатынын мәлімдеді.

Дадин түрмеден босағаннан кейін «жұрттың олардың бостандығы үшін күрескеніне қарамастан, өзге саяси тұтқындардың түрмеден шыққаннан кейін саяси қызметін доғаратын ойларынан көңілі қалғанын» мәлімдеді. Дадин «мен олай ете алмаймын» деген, бірақ «тым болмаса бір ай тыныққысы келетінін» айтқан.

Дадин ИК-5 колониясы жайлы жағымды пікірін білдіріп, Карелиядағы тұтқындарды азаптайтын ИК-7 түрмесіндегі жағдайдан «мүлде өзгеше» деді. Дадин тиісті өтемақыны өндіріп беруді сөзсіз талап ететінін, бірақ ең басты мақсаты - өзінің колониядағы азаптаулар жайлы хатынан өршіген жанжалдан кейін, 2016 жылғы қарашада қызметінен кеткен ИК-7 колониясының бұрынғы бастығы Сергей Коссиев сияқты заң бұзғандарды жазаға тартқызу екенін мәлімдеді.

Дадин о намерении "продолжать борьбу с путинским режимом"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

... Алтай өлкесінің Барнауыл қаласынан 300 километр, Ресей-Қазақстан шекарасынан 30 километр жердегі Рубцовск қаласындағы Ленин даңғылындағы арт-кафе. Қалың қасат қардың астында қалған сталиндік үйлер, 1945 жылы Сталинград трактор зауыты сияқты көрінетін Алтай трактор зауыты, бірі – ИК-5 түрмесінде Ильдар Дадин отырған төрт колония.

Оның келіншегі - журналистер «Настя» деп атап кеткен Анастасия Зотова сәл еңкейіп әрі ойларын жинақтау үшін төмен қарап, бірақ арасында көздерін көтеріп, жылы жымиып қойып бірқалыпты сөйлеп отыр. Оның қалтқысыз шынайылығы адамды тез баурап алады, ол үшін ең бастысы - камера арқалаған қаптаған адам, колониялардағы тұтқындарды азаптау жайлы толассыз ағылған хаттар емес, қарапайым бойжеткенмін, мен үшін отбасы, күйеуімнің жақсы адам болғаны, жақсы ақша төлейтін жұмыс болғаны - басты нәрселер едідеген сөздеріне қалтқысыз сенесің. Қым-қуыт оқиғалардың кесірінен ол 25 ақпан - Ильдар екеуінің үйленген күндері екенін де ұмытып кеткен.

Настя Мәскеуде путч болған 1991 жылғы тамыздың 19-ы күні дүниеге келген. Оның айтуынша, анасы Третьяков көшесіндегі пәтерінің терезесінен қараған кезде, танкілерді көріп, шошынып қалып, Настяны мерзімінен ерте босанған. Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітіріп, аспирантураға түскен, «Радио России», newsru.com сайты және «Новые известия» газетінің жаңалықтар бөлімінде журналист болған, кейін Мария Баранованың сайлауалды штабында, «әлдебір компанияның» баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Ильдар Дадинмен 2014 жылғы тамызда танысып, ғашық болып қалған, сол жылғы желтоқсанда екеуі бірге тұра бастаған, бірақ 2015 жылғы қаңтарда Дадиннің үстінен қылмыстық кодекстің 212.1 бабы бойынша («Митинг өткізу тәртібін бірнеше рет бұзу») қылмыстық іс қозғалған. Ақпанның 3-і күні оны үй қамағына алып, желтоқсанның 3-інде абақтыға қамаған, ал ақпанның 7-сі күні үш жылға соттап, жазасын жалпы режимде өтеуге кескен. 2016 жылғы наурыздың 31-інде апелляциялық сот үкімді 2,5 жылға дейін азайтып, Дадинді Карелиядағы ИК-7 колониясына этаппен жіберген, ал қарашаның 1-і күні Настя одан колониядағы азаптауларды сипаттап жазған хат алған. Аспирантурадағы оқуы мен жұмысына бұрылуға мұршасы келмей, Ильдарды босату үшін жанталасқан, енді ол босап шыққаннан кейін Настя «дені дұрыс» өмірге қайта оралғысы келеді, бірақ бұған өзі де онша сенбейтін тәрізді.

БОСАП ШЫҒУ

Ильдар Дадин мен Анастасия Зотова
Ильдар Дадин мен Анастасия Зотова

(Ақпанның 25-і күні Алтай өлкесінің қоғамдық бақылау комиссиясы қызметкерлері ИК-5 колониясына барды. Олардың журналистерге айтуынша, Дадин сот үкімі оқылған соң бірден босап шығуы керек еді, бірақ жоғарғы сот Ильдарды босату туралы үкімін жариялаған сәтте федералдық жаза орындау қызметкерлері колониядағы видеобайланыс бөлмесінде болмаған. Олардың шығып кетуін «ойларын дұрыстап жинақтау үшін» Дадиннің өзі сұраған. Енді колония басшылығы герб бейнеленген көк мөр басылған қағазды күтіп отыр. - Азаттық).

– Олардың «бөлмеде қызметкерлердің ешқайсысы болған жоқ» дегені - сандырақ. Адвокаттарға телефон соғып сұрап едім, олардың айтуынша, сотта Ильдар адвокаттармен ақылдасып алуға мұрсат беруді сұраған, сондықтан олар видеобайланысы бар арнайы бөлмеге кеткен әрі құпиялылықты сақтау үшін ФСИН қызметкерінің камерадан шыға тұруын өтінген. Яғни колонияның әлгі қызметкерлері үнемі бөлмеде болған, оларды тіпті адвокаттардың қууына тура келген. Үкім жарияланған кезде өздері шығып кеткен, ал енді Ильдар өтінген соң шықтық деп ақталады. Оларды адвокаттармен кеңескен кезде ғана шығарып жіберген. Негізі, шешімді видеобайланыс арқылы жариялаған кезде шешім факспен бірден келеді. Факс арқылы келген шешім олардың қолында болуы тиіс! Дүйсенбі күні тергеу комитеті мен [түзеу мекемелерін] қадағалайтын прокуратураға барып, заңсыз ұстап отырғаны үшін [колония] бастығының үстінен шағым түсіремін. Олар Ильдарды Немцовтың еске алу маршына қатыстырмау үшін шығарғысы келмеген сияқты немесе әдейі жүйкені жұқартып отыр,- дейді ол.

ИК-5
ИК-5

Анастасия Зотова бұдар ары әңгімесін былай жалғастырды:

«Оны Батыста үлкен шу шыққаннан кейін босатып отыр. Өйткені Павленскийді, Савченконы неге босаттыңдар деген уәждер айтылды ғой. Сенцов жайлы айта берсе, оны да босатады. Мен, мысалы, ЕО өкілдігіне барып, дипломаттармен сөйлестім, олар кейін маған телефон соғып, «Бүгін біздің дипломаттар ресейлік дипломаттармен жолығып, Дадиннің мәслесін көтердік» деді. Бұған қоса, мен Москалькова (Татьяна Москалькова – РФ адам құқығы уәкілі. - Азаттық) қатысқан баспасөз мәслихатына бардым, ол кісіге «Дадин неге отыр?» деп әр үшінші адам айта берді.

Кейін мені БҰҰ саммитіне шақырды, ол жақта қарақұрым халық болды, мен тіпті кімнің кім екенін де білмеймін, өңкей дөкей ағайлар, ал мен ешкім емеспін. Бәрі Ильдардың жағдайына қатты алаңдаушылық білдірді. Ол Батысқа танылып, Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты адвокаттарының шағымдарын тез қабылдап отырды, шетелдік дипломаттар төрт ай бойы ресейлік дипломаттарғамаза бермеді, сондықтан әбден ығыр болып, ақыры оны босатуды ұйғарды.

"ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ"

Бұдан былай журналист болып істей алмаймын, сана-сезімім өзгеріп кетті. Ильдар екеуміз Гоаға кетіп қалсақ, интернет арқылы жаңалықтар журналисі болып жұмыс істейтін шығарын деп ойлағанмын. Ол жақта маған «Канадада қоқиқаз аяғына протез салдырғаны туралы жаңалық жаз» дейтін шығар . Мұндай жаңалықтарды жаза алмайтынымды түсінемін, «оу, жарандар, естеріңнен ауыстыңдар ма, одан да азаптау жайлы жазайық! Әлгі азаптаулардан басқа ештеңені ойлай алмаймын» дейтін шығармын.

Бұрын сағат 9-да келіп, сағат 6-да кететін жап-жақсы жұмысым болған. Кешкісін боссың, қалаған нәрсеңмен айналысасың. Ал енді таңнан кешке дейін азаптау туралы ғана естимін. Үйге барсам, түнгі сағат 12-де, сосын таңғы 7-де әлдебір түрмеден телефон соғады.

Құқық қорғаушы болу өте қиын, өйткені бұл мүлде ешкімге керек емес. Жұртқа айта бастасаң, «жоқ, бұл бізге қатысы жоқ нәрсе» дейді. Адам өз басына түспей білмейді. Менің де дені дұрыс бизнес құрылымда жұмыс істеп, ақша тапқым келеді. Ал мына құқық қорғау... Құқық қорғаушы болғым келмейді. Азаптауларды ойымнан қалай шығарып тастайтынымды білмеймін.

Азаптауға душар болған адам көмек сұрап жүгінеді. Оған көмектесесің, жағдайы түзеледі, сонымен бітті. Баспасөз хатшысы болып жүргенде жалақым жақсы – 100 мың болатын. Ақша жинағанмын, ал қазір карточкамда 20 мың ғана жатыр. Біз ақшаны фандрайзинг жасап, сосын мен карточкамнан адвокаттарға аудардым. Енді алдында Сегежаға барған үш адвокатқа ақша аударғаным жоқ, оларға 50-60 мың беруім керек, ал менің карточкамда 20 мың ғана жатыр! Азаптауға қарсы күресетін адамдардың ешкімге керегі жоқ, оларды ешкім елемейді, одан ақша таппайсың. Ильдар сотталғаннан бері бірнеше рет мүлде ақшасыз қалған кезім болды. [Былтырғы] тамыздың 19-ы - туған күнімде еңіреп тұрып жыладым, өйткені Ильдармен кездесуге рұқсат алып, абақтыда алты сағат күтіп отырдым, әуелі сағат екіде кіресің деген, ал сосын шығып, «Сізді кездестірмейміз» дейді. Әлгі жерден шыққаннан кейін карточкамда бар-жоғы 300 рубль жатқанын, оның үстіне туған күнімде кездестірмей қойғанын, қалай өмір сүремін, тамақты қайтем деп ойлап еңіреп тұрып жыладым.

Егер баспасөз хатшысы болып жұмысқа қайта кірсем, ал Ильдар құқық қорғаумен айналысса, оған жалақымның жартысын беріп тұрар едім.

Ақшаң жоқ болса құқық қорғаумен қалай айналысуға болатынын білмеймін. Егер баспасөз хатшысы болып жұмысқа қайта кірсем, ал Ильдар құқық қорғаумен айналысса, оған жалақымның жартысын беріп тұрар едім.

Каляпин (Игорь Каляпин, "Азаптауға жол бермеу комитеті төрағасы " – Азаттық) «Карелияда комитет жұмыс істемейді, егер Карелиядағы азаптауға қарсы күрескің келсе, Карелияға барып, өз комитетіңді құр» дейді. Ильдарды босатып, соттылығын алғаннан кейін оның қоғамдық бақылау комиссиясына сайлануына болады, ал көктемде Карелияда комиссия мүшелерін сайлау өтеді, сол жаққа барып, өзімізді ұсынып көрсек деген идеямыз бар.

– Бұл шетелге кетсек деген жоспарға қайшы ғой...

- Мен жоспары күн сайын құбылатын қыз емеспін бе. Бүгін Гоаға кетіп жаңалықтар журналисі болуды жоспарласам, ертең Прагаға кетіп, Азаттық радиосында, ал бүрсікүні Финляндияға кетіп, ол жақта құқық қорғау ұйымын құрып, фандрайзингпен айналысып, ресейлік құқық қорғау ұйымдарына көмектесуді, ал сосын Карелияға барып, ҚБК сайлауға түсуді, оның арғы күні Мәскеуде қалғым келеді... Адвокаттың оқуын оқып, адвокат болсақ деген де идея бар. Мұны Петрозаводскде де іске асыруға болады.

– Шешімді екеуіңіздің қайсыңыз қабылдайсыздар?

– Ұл бала (Күледі). Қазір Ильдар екеуіміз не кездесе, не телефон арқылы сөйлесе алмаймыз. Ол әуелі шықсын, сосын талқылаймыз.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ «ТУСОВКА»

– Ильдардың сотталғаны жұртқа бәрібір болғанына ренжимін. «Көмектесейікші, Ильдарға хат жазайық, пикет ұйымдастырайық» деп бәріне жаздым. Ешкім мойын бұрмады. Жазған хатымды оқығанын көріп отырамын, ал жауап жазбайды. Ильдарға Наталья Пелевина ашық хат жазды, Николай Кавказский жазды, ал Сергей Митрохин пикет өткізуге шақырғанда келді. Желтоқсанда (2015 жылғы желтоқсанда. - Азаттық) митингті үш досым және мен өткіздік. Екінші митингіні өткізуге «Солидарность» қозғалысы көмектесті, олар сахна сүйреп әкелді, колонкалар орнатты, сөз сөйлейтін адамдарды ұйымдастырды. Бірақ көп қолдау болған жоқ. Оны тұтқындаған кезде көмектесе алатындар бар ма, митинг өткізу жолын кім біледі деп сұрап, достарымның бәріне жаза бастадым. Митинг өткізіп жүргенін білетін 30 адамға жаздым, олардың төртеуі ғана қолдау көрсетті. Дадин - Навальный, Касьянов емес екенін, оған ешкімнің мән бермейтінін сол кезде сезіндім. Сосын апелляция болды, көп адам жинадық, [Дмитрий] Гудков келді, апелляция үкімнің күшін жоятын шығар деп ойладым. Сосын күні бойы жыладым, апелляциядан кейін не істерімді білмей ұнжырғам түсіп кетті. Ильдар екеуміздің ортақ досымыз «Тағы бір митинг өткізсек қайтеді» деді. Мен «Көмектесетін әлдебір партия немесе қозғалыс болмаса, екеуіміз ғана митинг өткізе алмаймыз ғой» дедім.

Ильдарды қолдау үшін митинг ұйымдастырғымыз келеді деп «Ашық Ресей» ұйымына, [Лев] Пономарёвке, «Солидарность» қозғалысына, [Алексей] Навальныйға, «Яблоко», «Парнас» партияларына жаздық. Олардан мүлде жауап келген жоқ немесе «ұйымдастырыңдар, біз рұқсат береміз, бұл - жақсы идея» деген сарындағы жауаптар болды. Ал ешқайсысы көмектесе қояйық деп құлшынған жоқ.

Сондықтан мұның бәрі ешкімге қажеті жоқ, мен өз алдыма, әлгі тусовка өз алдына, Ильдар шығатын кезді күтіп, жұмысымды істеп жүре берейін деп ойлап жүргенде азаптау жайлы хат келді. Бәрі жақсы болғанын қанша қаласам да жақсы болмайтынын сол кезде түсіндім.

Сондықтан мұның бәрі ешкімге қажеті жоқ, мен өз алдыма, әлгі тусовка өз алдына, Ильдар шығатын кезді күтіп, жұмысымды істеп жүре берейін деп ойлап жүргенде азаптау жайлы хат келді. Бәрі жақсы болғанын қанша қаласам да жақсы болмайтынын сол кезде түсіндім. Жұмыстан шығарып жіберді, олардыкі де жөн, өйткені күн сайын біреулерге қоңырау соғып, бір жаққа жүгіремін де жүремін, ФСИН-нің қабылдауына өтініш жазамын, сосын Прагаға, одан Карелияға кеттім. Мүмкін, енді жұмысыма қайта алатын шығар, өйткені азаптауларға қатысты шаруалардың бәрімен енді Ильдар айналысады.

Жұрттың бәрін жазғыру - оппозицияның ерекше қасиеті. Мысалы, Москалькованы алайық. Ол кісі негізі жақсы адам, өзі жұмыс істейтін құрылым аясында қолынан келген нәрсенің бәрін жасап жүр. Ал бәрі «ой, ол менттерге жалтақтайды» деп шығады. Адам құқығы жөніндегі уәкіл. Не үшін ренжітетінін түсінбеймін. Біріншіден, ол кісі [Карелияға] барды. Егер ол кісі бармаса, мұнша шу болмас еді.

Екіншіден, ол кісі ол жақтағы видеожазбалардың бәрін алып келді. Ол жазбалар бар, бірақ қиып тастаған дейді. Ол қазір осы проблемамен айналысып, жан-жаққа жазып жатыр. Сондықтан қазір Карелия прокуратурасы Дадинді, Мамаевты, Габзаевты және Гелисхановты азаптауға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулының күшін жойды, мұның бәрі Москалькованың арқасы екенін дереккөздерім айтты. Ильдардың адвокаттары (Ксения Костромина және Алексей Липцер. – Азаттық) тегін жұмыс істеп жүр. Олар тіпті Карелия мен Алтай өлкесіне билетті өз ақшасына сатып алып барып келді. Ал оппозициялық тусовкадағы біреулер «ой, Дадиннің адвокаттары анау-мынау» дейді. Ондай ақылды болсаңдар, адвокаттарды өздері тапсын. Ильдардың үстінен қылмыстық іс қозғаған кезде Понамарев қана қолдау көрсетті. Қоғамдық бақылау комиссиясының Ильдарға барып келген мүшелерінің фотосуретін жарияласам, Facebook-тегі парақшамда оларды да менттерге жалтақтайды деп комментарий жазыпты. Оларға хабарласқан да жоқпын, олардың өздері таңғы сағат бестен тұрып, өз бастамаларымен Барнауылдан Рубцовскіге барып, Ильдармен сөйлесіп, оған «келіншегің мен қарындасың сені күтіп отыр, егер колониядан түнде босатса, мына мекенжайға кел» деп айту үшін әлгі колонияда екі сағат болып қайтты. Олар қолынан келгенін істеп жатыр, ал біреулер Мәскеуде диванда отырып алып, «менттерге жалтақтайды» деп жазады.

Анастасия Зотова
Анастасия Зотова

Маған тіпті «нашар әйелсің» деп те жазғандар бар. Ильдарды Питерге этаппен жөнелтуге тырысқан кезде (2016 жылғы қыркүйекте) мені оның артынан Питерге барып, кездесуді күтіп отырмадың деп сөккен. Ал пәтердің ақысын кім төлеп береді, тамақты кім сатып әпереді? «Жұмысыңды күйеуіңнен артық көресің» деп жазды. Олар - мәскеулік белсенділер, «болотниктер». Тіпті Facebook-тен қарындасы Лиляны [Лилия Дадина] тауып алып, «Настя ағаңа әйел болуға онша жарамайтын сияқты» деп жазыпты. Лиля жағасын ұстаған болатын.

"ОЛ КЕРЕМЕТ ЖІГІТ"

– Ильдар сүйкімді жігіт. Ол - әлемді өзгерткісі келетін идеалист жан. Маған сонысы қатты ұнады... Бұған қоса, дене бітімі де келісті. Өзі ақылды. Екі рет [ЖОО-на] оқуға түсіп, екеуін де бітірмеді. Мен қызыл дипломмен бітіргенмін, көп кітап оқыдым, бірақ онымен бірдеңе жайлы сөйлесе бастасам, менен әлдеқайда ақылды екенін түсінемін. Ол маған өлеңдерден үзінділер оқып береді, гитарамен ән айтады, өзі сондай романтик.

Бұл 2014 жылғы желтоқсан болатын. Оны 2015 жылғы қаңтарда тұтқындады. Екеуіміз енді ғана кездесіп жүргенбіз, бірақ оны тастай алмайтынымды түсінген кез болатын, сондықтан оны үй қамағына алған кезде тамақ апарып тұрамын дедім. Сұмдық қиын болды.

Екеуіміз мен журналист ретінде наразылық акцияларын видеоға, фотоға түсіріп жүргенде танысып, Facebook-те достасып кеттік, ол әуелі маған акцияларға сілтемелер салып жүрді. Кейін сөйлесе бастадық, оны ұнатып қалып, емеурін білдіре бастадым, сосын «менің үйіме түнеуге кел» деген сарында ашық емеурін жасадым. Келмейтін шығар деп ойладым, бірақ келді, содан бастап кездесе бастадық. Бұл 2014 жылғы желтоқсан болатын. Оны 2015 жылғы қаңтарда тұтқындады. Екеуіміз енді ғана кездесіп жүргенбіз, бірақ оны тастай алмайтынымды түсінген кез болатын, сондықтан оны үй қамағына алған кезде тамақ апарып тұрамын дедім. Сұмдық қиын болды. Жұмысымнан кеш шығамын да, Мәскеуде тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенге кіріп, сөмкелерімді арқалап электричкамен Железнодорожныйға барамын, ал мен жеткенше ол жақта автобустар тоқтап қалады. Әлгі сөмкелерімді арқалап жаяу кетемін, оның үстіне қыс, күн суық. Ильдар екеуміз енді кездесіп жүргенде «енді дүкеннен сөмке тасымайтын болдым, жанымда жігіт бар» деп қатты қуанып едім, жолда келе жатып «енді екеумізге тамақ тасып жүрмін» деп ойладым. Ал кейін «ең жақсы жігіт - үй қамағында отырған жігіт, өйткені оның қайда екенін үнемі біліп отырамын» деп күлгенбіз.

Ол мен үшін жайлы адам екенін дәл сол кезде түсіндім. Әйелдерге арналған журналдарда бала туып, борщ пісіріп бергің келетін адамды жолықтырасың деп жазады ғой... Жиен қарындасы екеуіміз жүгіріп жүргенде аяғымды қайырып алып, жүре алмай қалған кезде ол мені көтеріп жүретін. Ешқашан арақ ішіп, темекі шеккен емес әрі мұны мүлде жақтырмайтын, сондай адам бір қорап сигаретті шығарып, «мә, темекі тарт, мүмкін жеңілдеп қаласың» деп тұр. Ол - бүкіл өмірімді бірге өткізгім келетін адам...

Ол тамақ ішіп болған соң ыдыс-аяқты раковинаға қойып жатсам, «Ыдыс-аяқты жуайын ба? Тамақ ішкеннен кейін ыдысты жуу керек» дейтін адамдар санатынан. Жуып болып, ыдысты қойып жатсам, «Үлкен табақтарды оң жаққа, кішілерін сол жаққа қою керек» дейтін. Ол өте ұқыпты. Дүкенге барса, қанша ақша жұмсағанын жазып қояды, қанша тамақ жеуге болатынын [калориясын], тамаққа қанша ақша жұмсау керек екенін алдын ала жоспарлайды.

Қамауға дейін ол күзетші де, инкассатор да болып жұмыс істеді, сосын ағасы екеуі дүкенге жұмысқа кірді, қазір ағасының қызметі жалақысы жақсы аймақтық менеджерге дейін өсті, ал Ильдар кей жағдайларға байланысты өсе алмады. Жалақысы жақсы болатын. Пәтерде тұрған техниканың бәрін сол сатып алған. Ағасы әлдебір қиындықтарға ұрынып, 300 мың рубль несие алып, оның бәрін өзі жапқан. Ол кезде 21-де болған, қарындасы Лиля мектепте оқыған, сондықтан Лиляны да асырады.

Балалы болуды онша қаламадым, өйткені оларды қалай тәрбиелеймін деп қорқамын, оның үстіне, өзім әлі баламын. Бірақ Ильдар екеуміз жиендерімен ойнаған кезде «құдайым-ау, өзі сондай жақсы әке болады» деп ойлағанмын. Жай балалы болмай, Ильдардан бала сүйгім келеді. Ол сондай жақсы... Қысқасы, бала туамын.

Ал әлгі кездесуге барған кезде біреуді «Қарашы, қандай сука!» деп айтты. «Құдайым, мынаны қара, Ильдар боқтай бастапты!» деп ойладым. Сол кезде оның өзгергенін көріп шошығанмын, екеуміз бір жарым жыл бір-бірімізді көргеніміз жоқ қой.

Ол өзгеріп кете ме деп қана қорқамын. Тамыз айында кездесуге бардым. [Сотқа дейін] бірге тұрған кезде ол ешқашан боқтамайтын, дөрекі сөздер айтпайтын. Ең дөрекі сөздері - «оңбаған», «жексұрын» болатын. Ал әлгі кездесуге барған кезде біреуді «Қарашы, қандай сука!» деп айтты. «Құдайым, мынаны қара, Ильдар боқтай бастапты!» деп ойладым. Сол кезде оның өзгергенін көріп шошығанмын, екеуміз бір жарым жыл бір-бірімізді көргеніміз жоқ қой.

Ол заңды орындамауды оның бетіне түкіргенмен бірдей қабылдайтын адам. Жұрт сияқты алаңсыз өмір сүріп жүрген, сосын сайлау әділ өтпегенін естіп (2011 жылғы парламент сайлауы. - Азаттық), тексеруді ұйғарып, өзі тұратын қаладағы сайлау учаскесіне бақылаушы болып барған (2012 жылғы президент сайлауында Дадин Железнодорожный қаласындағы №530 сайлау учаскесінде бақылаушы болған. Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерімен жанжал шығып, комиссия төрағасы бақылаушыларды шығарып жіберген, олар шағым жазу үшін территориялық сайлау учаскесіне барған. Территориялық сайлау учаскесі ғимаратына кіргізбей, Дадин және өзге бақылаушылардың сөзінше, оларды соққыға жығып әрі көлікке күштеп отырғызып, қала сыртына апарып тастаған. Мәскеу облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Ирек Вильданов соққыға жығу фактісін жоққа шығарған. - Азаттық).

Сол кез өтпелі кезең болды. Саған дұрыс қоғамда өмір сүріп жатқандай көрініп жүреді, сосын әлгі жағдай болып, шын мәнінде тозақта тұрып жатқанымызды түсінесің. Мысалы, менде де бәрі жақсы болды ғой, алаңсыз жұмыс істеп жүргенмін, аяқ астынан күйеуім сотталып, әлдебір тозаққа түскендей болдым. Ешқандай қылмыс құрамы жоқ, мұны бүкіл видеожазбалар растаса, тіпті Ильдарды соттауға дәйек болатын құжаттар да болмаған. Бірақ судья оны бәрібір соттады, адамды есінен адастыратын нәрсе.

Біздің [елде] ештеңе жоғын сол кезде көрдім. Кез келген адамды қорғауы тиіс полиция жоқ, «қазір мені өлтіреді» деп полицияны шақырсаң, «өлтірген кезде келеміз» дейді. Дені дұрыс медицина да жоқ, тамағымнан қан ағып, жедел жәрдем шақырған кезде дәрігер «Не істерімді білмеймін, ертең ақылы емханаға барыңыз» деген болатын. Бізде дені дұрыс білім де бермейді, тіпті Мәскеу мемлекеттік университетінің өзінде былық. Ол жаққа аспирант болып бардым, жасым 22-де, ал маған «барып сабақ оқыт» дейді. Оларға қалай сабақ беремін? Мен 22-де, студенттер 18-де. Сабақ беруге тырыстым, бірақ меніңше, бұл онша дұрыс емес. Бізде әділ сот жоқ, өйткені сотта прокурор айыптау үкімі жазылған флешканы судьяға береді, судья оны қағазға шығарып оқып береді. Бізде мүлде мемлекеттік институттар жоқ, іс жүзінде мемлекет жоқ. Мұнда [Рубцовск] келіп, жергілікті тұрғындарға заң жайлы айтсақ, олар «біз заң емес, түсінік бойынша өмір сүреміз» деп жауап береді. Ресейдің көп бөлігі заң емес, менттермен қалай келісуге болады, кімге пара беру керек деген сияқты түсініктермен өмір сүреді.

Дені түзу адамдардың бәріне Ресейден кету керек, өйткені бұл жақта мемлекет жоқ, әлдебір орда сияқты бірдеңе ғана. Саған ойларына келгенін істеуі мүмкін екенін Дадиннің соты кезінде ұқтым. Аялдамада тұрған кез келген адамды ұстап алып, автобус аялдамасында рұқсат етілмеген митинг өткізіп тұрсың деп айыптауы мүмкін. Немесе «Болотный ісіндегі» сияқты полицей әлдебір адамның жанына барып «сен маған соқтықтың» деуі мүмкін. Оның айтқаны жөн болып шығады, өйткені судья әлгі адамға емес, ментке сенеді. Билік өкілі, қолында қаруы бар, бейдж таққан кез келген адам ойына келгенін істей алады, ал сен оған ештеңе істей алмайсың, ал бұл өте қорқынышты.

Азаттық тілшісі Сергей Хазов-Кассианың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG