Accessibility links

Ажырасар алдындағы түн


Владимир Путиннің Ресей премьер-министрі болып тұрған кезіндегі әйелі Людмиламен түскен суреті. 2009 жыл.
Владимир Путиннің Ресей премьер-министрі болып тұрған кезіндегі әйелі Людмиламен түскен суреті. 2009 жыл.

Владимир Путиннің жеке өмірі мемлекеттік құпия саналады. Оның үйленіп алуы, тіпті кішкентай балалары болуы да мүмкін. Бұрынғы әйелі тағы тұрмысқа шыққан сияқты. Кремль жұрт қиялына ерік беріп, бұл тақырыпқа қатысты ешқандай түсінік таратпай отыр.

Жазушы Ольга Кучкина «Стюардесса түні» («Ночь стюардессы») деген жаңа кітабын Владимир Путин мен Людмила Шкребневаның алғаш танысқан кезден бастап некедегі жылдары мен ажырасуына арнаған. Кучкина көп жыл «Комсомольская правда» газетінің шолушысы болып жұмыс істеген, бірақ жуырда редакциядан кеткен. «Газеттің менің ұстанымыма қайшы саясатымен келісу қиын болды» дейді ол. Ольга Кучкина - саясаткерлердің жеке өмірін зерттеп жүрген жазушы. «Ажал құштырған махаббат» және «Апалы-сіңлілі махаббат пен өмір» ("Смертельная любовь" және"Любовь и жизнь как сестры") деген кітаптарында ол Ленин, Сталин және Горбачевтің өмірінде болған әйелдер туралы жазған.

«Стюардесса түні» - журналистік зерттеу емес, кіріспесінде «жақсы хабардар қазіргі заман адамы» жазған деп көрсетілген, авторы «прозаның елесі» деп атаған деректі роман. Бірақ бұл кітап инсайдерлік ақпаратқа негізделген кітап дегенді білдірмейді. Ольга Кучкина ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған, көп тұстарын өз ойынан аяқтаған, кейіпкерлерінің есімі жоқ. Кейіпкер әйелдің есімі – Дружочек (шынымен, Путин әйелін осылай атайтын), кейіпкер ер адамның есімі – Джоконда.

Екеуінің некесі бұған дейін көркем шығармаға арқау болып, 2002 жылы Путинді актер Андрей Панин, ал әйелінің рөлін Дарья Михайлова ойнаған «Поцелуй не для прессы» деген фильм түсірілген. Әлгі фильм алты жыл бойы прокатқа шықпай, 2008 жылы ғана DVD дискімен шыққан. Фильм Кремльдің наразылығын тудырды деген болжам айтылады. «Стюардесса түні» кітабының тағдыры да соған ұқсайды, Ольга Кучкинаның өзге кітаптарын шығарып жүрген әдеби журналдар да, баспалар да Кремльдің қаһарынан қауіптеніп қолжазбаны қабылдамай қойған. Кітап интернет-дүкендерде ғана бар.

Дружочек пен Джоконда енді бірге отаса алмаймыз деп ұйғарады. Ажырасу қарсаңындағы түні екеуі ұзақ әңгімелеседі, әйел кейіпкер ұзақ жылдарға созылып, осылай қайғылы аяқталған некесі туралы ойлайды...

Владимир Путин мен оның әйелі Людмила.
Владимир Путин мен оның әйелі Людмила.

Ольга Кучкинаның кітап идеясы туралы айтқандары:

– Бұл мүлде ғажайып жағдай. Тұрмысқа шығып, ерімен 33 жыл отасқан келіншек кенет бәрі бітті деп мәлімдейді. Әлдебір бағдарламаны орындап біткен зауыт сияқты екеуі де өз бағдарламасын аяқтап, айырылысады.

– Әр бес минут сайын бұзылып жатқан мұндай некелер көп қой.

– Бірақ екеуі камераның алдына бұлай шығып, бәрі ойластырылған, күлімсіреп, айтылуы тиіс сөздері әбден екшелген мұндай жағдай күнде бола бермейді. Екеуі бәрібір ерекше жұп, ол - мемлекет басшысы.

– Ресей тарихында шынымен мұндай жағдай болмапты.

– Путин билікке келген кезде жақын таныс бір кісі, физиогномист маман маған «мына мырзадан көресінді көреміз әлі» деген еді. Содан әлгі мырзаның өмірін бақылай бастадым, ол жазушы ретінде қызығушылығымды оятты. Ол - қазір де қызығушылық тудыратын кейіпкер. Оны бақылай бастадым, ал сосын оған қатысты бүкіл тақырыптар жазылыпты, бірақ махаббатқа қатысты өмірін ешкім қозғамапты деп ойладым. Бұл тақырыпты қозғағаным үшін сыбағамды алдым - кітабымды ешкім шығарғысы келмейді.

– Бұл деректі болғанымен, жанры роман болғандықтан, оқырман шыны қайсы, ойдан шығарылғаны қайсы анықтап алуы тиіс. Кітапта, мысалы Путин мэрияда Собчактың жанында жұмыс істеп жүріп, қымбат үй салады, бірақ өрт шығып, әлгі үйден бір шабадан толы долларды алып шыға алмай қалады. Бұл қиялдан туған ба әлде факті ме?

– Бұл - факт. Негізі, бұл кітапта кейбір нақты оқиғалар ойдан құрастырылған сюжетпен араласып кеткен. Ал әлгі оқиға - таза шындық. Ал Людмила Путина 8 наурыз мерекесі құрметіне қонақасы бергені ойдан шығарылған. Ал Путинмен ұрсысып жүрген кезінде Людмила Путинаға қырындауға тырысқан жігіттің болғаны - шындық, кейін ол мүмкін мұны арандату арқылы адамдарды тексеруді жақсы көретін Путин әдейі ұйымдастырған шығар деп ойлайды.

– Ал күйеуінің КГБ-да жұмыс істейтінін Путина білмегені, күйеуі оған қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс істеймін деп айтқанына сенгені шындық па?

– Бұл - шындық.

– Сіз, әрине әйел жағындасыз, кейіпкеріңіз білімді, сүйкімді, жас кезінде көрікті болған, оның ойлау стилі – ер адамдарға тән қисынмен әрі қатал деп жазасыз.

– Иә, бірақ оны ойдан шығардым. Негізі, кейіпкерлерді, олардың өмірі туралыойдан шығару - қызық нәрсе. Кітапта әйел кейіпкер өз тағдыры жайлы әңгімелейтін бірнеше тарау бар. Бұл кейіпкердің мінезін терең тануға көмектесетін жазушы Набоковтың тәсілі.

Оның қолындағы билігі күшейді. Оның әйелі елде тарап жатқан өтірікті әйтеу бір күні сезе бастауы тиіс еді. Меніңше, кейіпкерім бұған осындай реакция танытты.

– Сіз ажырасу - оның емес, әйелінің бастамасы деп жазасыз...

– Менде ажырасуды әйелі ұсынған деген мәлімет бар.

– Ал себептері қандай?

– Өйткені әйелінің төзімі таусылды, онымен ары қарай бірге бола алмайтын болды. Бұл жайлы өте аз айтамын. Ол жерде өзге әйел туралы айтылатын үш тұс қана бар. Сарыжағал басылымдардың тәсіліне ұрынғым келмеді.

– Бірақ Ленин туралы жазған кезде оның көңілдесі Инесса Армандқа көп көңіл бөліп едіңіз ғой.

– Жазғандарымның ішінде Сталин мен Надежда Аллилуева екеуінің тағдырына көп мән бердім. Оны жазу оңайырақ болды, өйткені олар - о дүниелік болып кеткен кісілер, ал мына кітапта көзі тірі адамдар туралы жазамын. Сондықтан қиын, бірақ қызығып істеген жұмыс болды.

– Сіз Путиндер отбасы Дрезденнен кеткен кезде неміс құрбысы Людмилаға «Ұлы тұлғалар жанында болған дарынды әйелдер» ( "Одаренные женщины в тени великих мужчин") деген кітапты сыйға тартқан деп жазасыз. Ол дұрыс сыйлық таңдаған ба? Людмиланы дарынды, Путинді ұлы тұлға деуге бола ма?

Владимир Путин мен Людмила, 1999 жыл.
Владимир Путин мен Людмила, 1999 жыл.

– Путин - бақылауға, сипаттауға тұратын тұлға. Людмила Путинаға келсек, оның бейнесін ойдан құрастырдым, ол - зерттелмеген, ойдан шығарылған бейне. Оның қандай жан екенін білмеймін. Оны көрудің сәті бір-ақ рет түсті. Оны Горбачев қоры өткізген конференцияда көрдім, үзіліс кезінде келді. Маған таяу жерде отырды, мен оны сыртынан бақылап отырдым. Біздің мамандық иелері әлдебір болмашы нәрседен, әлдебір айтылған сөзден, бет-әлпетінің қимылы сияқты бөліктерден тұтас нәрсе құрастыра алады. Мұндайда қатты қателесуге, өтірікке жол беретін, дөп баспай қалатын кездер болады. Бірақ бірнеше тіл білетіні сияқты нақты детальдар да көп. Кітапта ол «жауын» деген сөздің испанша, французша аудармасын ермек етеді. Ол кісі бұрын нашар киінетін, әуелгіде талғамы нашар болып, кейін жөнделді әрі бұл - шындық. Оның мінезін осындай ұсақ-түйектен құрастырдым. Мен Путингетойтарыс беруге қабілетті әйелдің жасық болғанын қаламадым, бұл қате болар еді. Шын мәнінде, ол мінезді әйел. Мұны апатқа ұшыраған кезде өзін қалай ұстағанынан, үй шаруасымен қалай айналысқанынан байқауға болады, Путинмен отасуды ол қызмет ету деп қабылдағаны да шындық шығар. Бұл бейне осылай там-тұмдап жинақталды.

– Әйелі онымен тайталасты дейсіз. Екеуінің кейінгі жылдардағы некедегі қарым-қатынасын тартыс деуге бола ма?

– Меніңше, болады. Ал ажырасу- мұның дәлелі.

– Екеуінің арасына қашан сызат түсті?

– Айту қиын, мұны білмеймін.

– Сіз күйеуі билікке мастанып кетпесін деп құдайға сыйынды деп жазасыз.

– Оның қолындағы билігі күшейді. Оның әйелі елде тарап жатқан өтірікті әйтеу бір күні сезе бастауы тиіс еді. Меніңше, кейіпкерім бұған осындай реакция танытты. Меніңше, бұл шындыққа жанасады. Өйткені оның өмірінде пайда болған әйелдерден бөлек, «Курск» сүңгуір қайығы апаты, Бесландағы оқиға сияқты жағдайлар да бар. Оны бұл жайттар мазалағаны анық.

– Сіз ол күйеуінің қылығын құптамады деп ойлайсыз ба?

– Менің кейіпкерім құптаған жоқ.

– Путинді неліктен Джоконда деп атадыңыз?

– Джоконданың портретіне мұқият қарасаңыз, Путиннің жымиысына ұқсайтынын байқайсыз, екеуі қатты ұқсайды. Кітаптың аяғына қарай Стендаль синдромы дегеннің не екені түсіндіріледі. Бұл - өте қорқынышты, адамның қанын соратын вампир. Меніңше, бұл отбасында да солай болған сияқты. Джокондаға ұқсастығы мені осы мінезді ашсам деген ойға жетеледі. Бұл адамда вампирлік қасиет бар. Бір қызығы, мен Путинмен де бір рет кездестім, бұл премьер-министр болып билікке енді келген кезі болатын. Ол орыс ПЕН-орталығына келіп, жазушылармен кездескен. Әлгі кездесуді диктофонға жазып алып, сол кезде жұмыс істеген «Комсомолка» газеті жариялаған болатын. Оның сөздері тыңдап отырғанда маған өте қызық, өте мағыналы сияқты көрінген, бірақ жазғанымды оқып шыққанда мүлде көңілім толмаған.

Өйткені әлдебір ұсақ-түйек дүниелерді айтыпты. Мен оның бойында өзге кемшіліктерін бүркемелеп тұратын әлдебір сүйкімділік бар деп ойлағанмын. Меніңше, ол бірге жұмыс істеп, араласатын, бірге тұратын кейіпкерлерді де осылай еліктіреді.

– Ельцин оны мұрагері деп жарияламақ дегенді әйелінен жасырғаны шындық па?

– Шындық.

– Бәрін жасыратынын қайран қалдырады. Ол өміріндегі ең маңызды жайттрды - әйелінен, ал отбасына қатысты нәрселерді қоғамнан жасырады. Бұл қылығын КГБ-да жұмыс істегендіктен деп түсіндіруге болады, бірақ оның күдікшілдігі туған қызын мойындаудан бас тартқанға дейін жеткен. Отбасына қатысты жайттарды ол не себепті жасырады?

– Мұның екі себебі бар: бірі – мінезінің ерекшелігі, бірі - мамандығының әсері. Екеуі енді ғана танысып, кездесе бастағанда ол немен айналысатынын сұрағанда «Түске дейін ұстаймыз, түстен кейін босатамыз» деп жауап берген. Бұл оның қалжыңдаған түрі. Ол - бәрін құпия ұстайтын жан.

– Ол сізге билік құмар адам сияқты болып көріне ме?

– Меніңше, ол өте ақылды, өте терең адам. Әлгі кітапты жазып біткен соң оны жақын адамдарымның кейбіріне оқуға бергенмін. Белгілі журналист құрбым «Қазір сайлау болса ол кісіге ондаған мың дауыс қосып беретіндей кітап жазыпсың» деген болатын. Ол кітапты қатты сынады. Ал Путинді білетін тағы бір таныс әйел «мына кітапты оқыса, ол асылып қалады» деді. Демек оның жүрегінің түкпірінде біз білмейтін, сол күйі білмей кететін кісілік қасиет жасырулы. Оның жаттықтырушысы қайтыс болған эпизод есіңізде ме...

Ол әлдебір ғимараттың жанымен жалғыз келе жатыр, жанында ешкім жоқ. Мен бұл жарнама үшін жасалған фокус емес, шын жүректен шыққан әрекет деп ойлаймын. Бұған қоса, оның Гандиден өзге әңгімелесетін ешкім жоқ дегені де шындық, мұны кітапта жаздым . Өйткені оның жалғыздығын Бродский тартқан жалғыздықтың азабымен ғана салыстыра аламын.

– Ольга, Путинді Бродскиймен салыстырған мына сөзіңізді кешпейді.

– Шын айтамын. Меніңше, ол қатты жалғызсырайды. Әлдебір кейіпкер туралы, тіпті жағымсыз кейіпкер болсын, жаза бастағанда оған еріксіз жаның аши бастайды. Мен оның сөйлеген сөздерін, мысалы Владимир кнәзға Қызыл алаң жанына қойылған ескерткішке қатысты айтқанын естіген кезде жек көріп кетемін. Путиннің саясатына қатысты пікірім бұрынғысынша қалады, көзқарасымды өзгертпеймін. Бірақ саясат бір бөлек, ал адам бір бөлек, мен адам туралы жаздым.

– Оның бейнесі онша сүйкімді емес болып шыққан деген екінші құрбыңызға қосыламын. Егер ол оқыса, асылып қалмаса да, кітап көңіл-күйін бұзар еді.

Ольга Кучкина.
Ольга Кучкина.

– Солай шығар. Сондықтан оны баспадан шығарудан, басшымыздың көңіл-күйін бұзудан қорқады. Достасып кеткен баспалардың өзі кітапты шығаруға қорқамыз деп маған ашық айтты.

– Иә, оның паранойяға бейім жан екенін, кекшіл мінезін ескергенде...

Ал ең бастысы, қазір кек алу оңай болып кетті – құр түрмеге қамап қоймайды, одан да жаман бірдеңе істеуі мүмкін, бұл да оның «еңбегі». Адам өмірі түкке тұрғысыз болып қалды ғой.

– Қастандық жасайды деп қорықпайсыз ба?

– Қазір ештеңеден қорықпаймын. Бірақ қорқатын шығармын... Кітаптағы мына эпизодқа көңіл аудардыңыз ба, білмеймін - олар Германияда тұрған кезде қайта құру басталған, сондықтан олардың компаниясының ортасында көп нәрселер айтылған.

– Тіпті советке қарсы сөздер айтқан.

– Иә. Ол «Совет Одағында заң жоқ, мінсіз қоғамдық жүйе құрылған АҚШ-тан үлгі алу керек» деген. Мұны оқыған кезде адам қалай өзгереді деп ойладым.

– Сіз ол кезде де, қазір де оған өзге адамдарға әмірін құпия жүргізу ұнайтын деп жазасыз.Міне, осы өзгеріссіз қалған.

– Иә, бұл - әр адамның кім екенін көрсететін жеке қасиет.

Дмитрий Волчектің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG