Accessibility links

Ресей араб толқуын Орталық Азияда болдырмаудың амалын іздей бастады


Ресей мемлекеттік думасының отырысы, 23 наурыз 2011 жыл

Ресей мемлекеттік думасының отырысы, 23 наурыз 2011 жыл

Мемлекеттік дума Орталық Азиядағы саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың кенже қалуы араб әлеміндегідей толқуға ұласса, ең бірінші Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төнеді деп санайды.


Сәуірдің 13-і Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері мен отандастар бойынша комитеті «Орталық Азия аймағы: стратегиялық әріптестік және қауіпсіздік мәселелері» деген атпен парламенттік тыңдау өткізді деп хабарлайды заң шығарушы орынның ресми вебсайты.
Орталық Азияда Ресейдің қатысуынсыз қандай да бір балама қорғаныс жүйесінің құрылуына жол бермеу керек.

Дума және федерация кеңесі депутаттары, президент әкімшілігінің, қауіпсіздік кеңесі мен аймақтық атқарушы билік орындарының өкілдері қатысқан жиынға дума төрағасының орынбасары Надежда Герасимова басшылық жасады. Герасимованың айтуынша Орталық Азия аймағында Ресейдің мүддесін қорғау сыртқы саясаттың негізгі бағыты. «Орталық Азияда Ресейдің қатысуынсыз қандай да бір балама қорғаныс жүйесінің құрылуына жол бермеу керек» деп салды дума төрағасының орынбасары.

ТМД істері мен отандастар комитетінің төрағасы Алексей Островский Орталық Азияда қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдай нашарлап кетті деп мәлімдеді. Әлеуметтік жіктелу, кланға бөліну, жемқорлық пен жұмыссыздық белең алды деп санайды ол.
Алексей Островский, Ресей думасының депутаты, ТМД істері мен отандастар комитетінің төрағасы. 1 сәуір 2008 жыл

Орталық Азиядағы саяси жүйелердің ауысу табиғатын сипаттай келе Островский Орталық Азияны Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға теңеді. Оның келтірген деректері бойынша бұл аймақта халық саны тез өсіп келеді. 2015 жылы Орталық Азиядағы халық саны 65 миллионға жетпек. Өсу қарқыны Египетпен парапар. Тәжікстан мен Қырғызстандағы елдің 70-80 пайызы тақыр кедейдің күйін кешіп отыр. Сондықтан да «ары қарай әлеуметтік шиеленіс күшейе беретін болса болашақ қақтығыстарға түрткі болмақ» деді Островский.

Оның сөзі бойынша Орталық Азия елдері ішкі әлеуметтік шиеленісті еңбек күшін Ресейге экспорттау арқылы бәсеңдетуге тырысып отыр. Ресейге келіп жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлердің өз еліне жіберген ақша көлемі Қырғызстан мен Тәжікстанның жалпы ішкі өнімінің жартысына, Өзбекстанның ЖІӨ-нің бестен біріне тең. Островскийдің айтуынша аймақтың ірі мәселелері – халықаралық терроризммен күрес, есірткі қылмысын ауыздықтау және су дефицитін шешу.
Мектепке бара жатқан тәжік қыз. Айни ауданы, 20 мамыр 2009 жыл

Осыларды тізбелей келіп ТМД істері мен отандастар бойынша дума комитетінің төрағасы үлкен жиырмалық елдерінің бас қосуында осы мәселелерді аймақ елдерінің басшылығымен талқылауға және Еуропа Одағы мен БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде Орталық Азия бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды.

- Орталық Азиядағы кез-келген негативті сценарийдің алдын алуға, қажеттілік туған жағдайда болдырмай тастауға тиіспіз. Өйткені мұндай жағдай Ресей мен бүкіл әлемдегі геосаяси жағдайды тепе-теңдіктен шығарады.... Орталық Азияда бейберекеттік пен тәртіпсіздік... [орнаса], мұның бәрі Ресей тұрмақ Еуропа құрлығының шекарасынан ары өтіп кетуі мүмкін, - деген Алексей Островский.
Орталық Азиядағы кез-келген негативті сценарийдің алдын алуға, қажеттілік туған жағдайда болдырмай тастауға тиіспіз.

Жиынға Ресей үкіметінің өкілі ретінде қатысқан Григорий Карасин аймақтағы жағдайды тұрақты деп бағалағанымен, қауіпсіздігіне қатер төніп тұр деген ой айтты.

Ресей думасының мүшесі, ЛДПР партиясының жеткешісі Владимир Жириновскийдің сөзі думаның интернет сайты мен партияның ресми сайтында екі түрлі мазмұнда берілген. Дума сайтының жазуынша Жириновский «Орталық Азияға ешқандай модернизацияның керегі жоқ. Жағдайды іштен білетіндерге құлақ асайық» деп мәлімдеген.
Владимир Жириновский, ресейлік ЛДПР партиясының жетекшісі. Мәскеу, 14 қазан 2009 жыл

Ал ЛДПР партиясының ресми сайтында «В.В.Жириновский: «Солтүстік Африка – бұл біздің Орта Азиямыз» деген мақала ілініп тұр. Онда партия жетекшісінің жоғарыда айтылған жиында сөйлеген сөздері толығырақ жазылған: «Солтүстік Африка – бұл біздің Орта Азиямыз («Орталық» емес – ред.). [Мұндағы] басшылар да 20-30 жылдан билік басында отыр. Кландық қарым-қатынас, отбасылық бірігу, жемқорлық. Ақша жеткілікті, бірақ халқына жетпейді. Отбасылық кландар байиды, осындан барып қақтығыс туады».

Ары қарай ЛДПР-дің сайтында Жириновскийдің Орталық Азияның жағдайымен танысу үшін Ресейден кімді жіберу керек деген «кеңесі» келтірілген. «Этносоцпсихоаналитиктерді дайындау керек. Шенеуніктер бәрін кабинетте отырып шешуге үйренген, не болып жатқанын білмейді. Аймаққа барса да, қонақ үйден басқа ештеңе көрмейді. Орта Азияға жауапты адамдар мәселені жақсы білетін мамандардың сөзіне құлақ асуы тиіс» депті Владимир Жириновский.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG