Accessibility links

Ресейдегі футболшы қазақ


Ресейдің "Оренбург" командасының сапында футбол ойнап жүрген Самат Сәрсенов. (Алдыңғы қатардағы көк формада) Сурет футболшының жеке мұрағатынан алынды.

Ресейдің "Оренбург" командасының сапында футбол ойнап жүрген Самат Сәрсенов. (Алдыңғы қатардағы көк формада) Сурет футболшының жеке мұрағатынан алынды.

20 жастағы Самат Сәрсенов «Оренбург» футбол командасының жастар құрамасында ойнайды. Орынбор қазағы Азаттыққа футболдағы карьерасы мен болашақ жоспарлары жайлы айтып берді.

Самат Сәрсенов Орынбор облысы Новотроицк қаласында дүниеге келген. Бала кезінен футболға әуес болған ол жеті жасында осы қаладағы спорт мектебіне қабылданған.

- Барлық балалар сияқты бала кезден аулада футбол ойнайтынмын. Ал жеті жасымда досыммен бірге спорт мектебіне тапсырып, оқуға қабылдандым. Футбол класында оқыдық. 16 жасымда осы мектепті бітіріп, Троицк қаласының «Норд» футбол командасымен келісім-шартқа қол қойдым, – деді ол.

АЙЛЫҚ 480 ДОЛЛАР ШАМАСЫНДА

Шабуылшы Самат Сәрсенов 2013-2014 жылдары Ресейдің екінші лигадағы «Норд» командасында ойнаған. «Норд» клубында нәтижелі ойынымен көзге түскен футболшы 2015 жылы Ресей ұлттық лигасында ойнайтын «Оренбург» командасынан шақырту алған.

- Ұлттық лига – Ресейде премьер-лигадан кейінгі деңгейі жағынан екінші жарыс. Ұлттық лигада жеңген команда премьер-лигаға жолдама алады. Сондықтан «Оренбург» клубынан шақырту алғанда бірден қабылдадым. Қазір осы команданың 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында ойнаймын, – дейді футболшы.

«Оренбург» командасы 2015 жылы Ресей ұлттық лигасында жеңіске жетіп, қазір Ресей премьер-лигасында ойнайды. Ал Сәрсенов «Оренбургтың» жастар құрамасы сапында Ресейдің жастар арасындағы чемпионатта ойнап жүр. Команда капитандарының біріСамат Сәрсенов биылғы маусымда сегіз рет алаңға шығып, үш гол салған. «Оренбург» жастар құрамасы қазір жастар арасындағы чемпионатта тоғыз турдан кейін 16 команда арасында 10-орында тұр. Ал «Оренбургтың» негізгі командасы Ресей премьер-лигасында тоғыз ойынның төртеуінде тең ойнап, бесеуінде жеңіліп, соңғы 16-орында келеді.

Гол соққан Самат Сәрсеновті (ортада) командаластары құттықтап жатқан сәт (Сурет футболшының жеке мұрағатынан алынды).

Гол соққан Самат Сәрсеновті (ортада) командаластары құттықтап жатқан сәт (Сурет футболшының жеке мұрағатынан алынды).

- «Оренбург» жастар командасында айында 30 мың рубль шамасында (480 доллар шамасында – ред) айлық аламын. Орынбордағы базада күніне екі уақыт жаттығамыз. 2015 жылы жастар командасынан «Оренбургтың» негізгі құрамына екі рет шақырту алып, Ұлттық лиганың кубогында ойнадым. Сол жылы «Оренбург» кубокты иеленді, – дейді ол.

Футболшы басты жанкүйерлері ретінде Новотроицкіде тұратын әке-шешесі мен ағасын атайды.

Сәрсеновтің ағасы Марат Сәрсенов те футболшы. Ол Қазақстандағы «Бәйтерек» (Астана) және «Ақтөбе» командасында ойнаған. Бірақ Қазақстан футбол командаларында шетелдік ойыншылардың санына шектеу болғандықтан Ресей азаматы Марат Сәрсенов «Ақтөбемен» келісім-шарты біткен соң Орынборға қайтқан.

- Қазір ағам еш командада ойнамайды. Бірақ футболдан алыстаған жоқ. Қазір ол Орынборда балаларды жаттықтырады, – дейді Самат Сәрсенов.

Өзі Қазақстан клубтарынан шақырту ала қоймағанын айтқан футболшы «шақырып жатса, қарастыруға болады» дейді.

Сәрсенов пен «Оренбург» командасы арасындағы келісім-шарт 2017 жылы мамырда аяқталады. Футболшы команда жаңа келісім-шарт ұсынса оны да қарастыруға дайын. Ол Еуропа және әлем чемпионатында ойнағысы келеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG