Accessibility links

Ресей әскерінің Қазақстан іргесіндегі тағы бір жаттығуы


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскери жаттығуды бақылап отыр. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскери жаттығуды бақылап отыр. (Көрнекі сурет)

Қыркүйекте Қазақстан шекарасына таяу жерде Ресей зымыран әскерінің жаттығуы өтпек. Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері жуырда «Арктикадағы іс-қимылдарын пысықтау үшін» Қазақстан шекарасына жақын маңда тағы бір жаттығу өткізген еді.

Ресей қарулы күштерінің Алтайдағы ауқымды жаттығулары қыркүйекте өтпек. Бірақ жаттығу өтетін күн әлі хабарланған жоқ. Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерінің жаттығуына 4 мыңнан аса адам мен 400-дей техника қатысады деген мәлімет бар.

Мұндай ауқымды командалық-штабтық жаттығуларда «МиГ-31» жойғыш-тосқауыл ұшақтары, «Су-24МР» барлау ұшағы сияқты соғыс авиациясы құралдарын көп пайдалану жоспарланған. Әскер «диверсанттар мен дәл көздеп ататын қаруға қарсы іс-қимыл жоспарын жетілдіріп, радиоэлектронды байланысты тұншықтыру жағдайында жауынгерлік міндеттерді орындау әдістерін меңгермек».

АРКТИКАДА КҮШЕЮ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН ІРГЕСІНДЕ ЖАТТЫҒУ

Ресей әскері Қазақстан шекарасы түбінде бұрын да мұндай әзірлік шараларын өткізген. Қыркүйектің басында Ресей әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Астрахань облысындағы Ашулық және Капустин Яр полигондарында, Каспий теңізінде Каспий флоты кемелерінің қатысуымен жаттығу жасады.

Астрахань облысындағы әскери жаттығуда Ресей жауынгерлері С-300ПС зенит кешенінен зымыран атып жатыр. Ресей, 2014 жылдың тамызы.

Астрахань облысындағы әскери жаттығуда Ресей жауынгерлері С-300ПС зенит кешенінен зымыран атып жатыр. Ресей, 2014 жылдың тамызы.

Ол кезде әскер шартты қарсыластың әуеден және зымыранмен жасайтын тұтқиыл шабуылдарына тойтарыс беру әрекеттерін пысықтап, «Триумф» С-400 зенитті-зымыран кешендерін қолданды деген ақпарат тарады. Жаттығу нысаналарын көздеп атуда «Панцирь-С1» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі, «Бук-М1» зениттік-зымыран кешендері, «Тор-М1» жүйесі мен «Тунгуска» қондырғылары қолданылған. Шартты қарсыластың авиациясын барлау үшін «Су-27», «Су-24М», «Су-25», «Ми-28Н», «Ми-35», «Ми-8» сияқты ұшақтар мен тікұшақтар пайдаланылған.

Шілде айында Украина аспанында апатқа ұшыраған Малайзияның жолаушылар лайнеріне «Бук» қондырғысынан атылған зымыран тиген деген болжам жасалған, бірақ ресми тексеру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Ресейдің Ашулық және Капустин Яр әскери полигондары Қазақстан шекарасынан 30 шақырымдай жерде орналасқан.

Астрахань облысындағы полигонда әскери жаттығулар тамыз айының басында да өткен. Оған 6 мың 500 әскер, 800 техника және 100-ден аса ұшу аппараттары, оның ішінде 40-тан аса жаңа ұшақ пен тікұшақ қатысқан.

Ресейдің МиГ-29 жойғыш ұшағы Каспий теңізі маңындағы Ашулық полигонында ұшып жүр. 12 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің МиГ-29 жойғыш ұшағы Каспий теңізі маңындағы Ашулық полигонында ұшып жүр. 12 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаттығуға «Су-27» және «МиГ-31» жойғыштары, «Су-24» және «Су-34» бомбалаушы ұшақтары, «Ми-8» және «Ми-24» тікұшақтарымен бірге С-300 зымыран кешендері де қатысқан.

Бұл жаттығулар да Қазақстан шекарасына жақын жерде өтті. Жаттығуға жетекшілік еткен Ресей әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Виктор Бондарев «жаттығудың негізгі мақсаты - Арктикадағы іс-қимылдарды жетілдіру» деп мәлімдеді.

Әлемдегі ең ұзын шекараның бірі саналатын Ресей-Қазақстан шекарасының көп бөлігі құрлықта жатыр. Оның ұзындығы 7 мың 500 шақырымнан асады.

ЖАТТЫҒУ КЕСТЕСІ

Жыл басында Ресей қорғаныс министрлігі 2014 жылы 60-тан аса әскери жаттығу және 40-тан аса түрлі әскери жиын өткізуді жоспарлағанын мәлімдеген. Соңғы айларда елдің түрлі аймақтарында Ресей қарулы күштерінің бірнеше оқу-жаттығуы өтті.

Әлем жұртшылығының назары әсіресе Ресей-Украина шекарасы түбінде өткен жаттығуларға ауды. Кейінірек Украина билігі елдің оңтүстік-шығысына жаттығуға жіберілген, бірақ «адасып кеткен» Ресей әскери қызметшілерінің ұсталғаны туралы хабарлады. Ақпарат құралдарында Украина территориясында жасырын түрде соғысқан Ресей солдаттарының қаза тапқаны туралы хабар тарады.

Қырымды басып алған Ресей әскері. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырымды басып алған Ресей әскері. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей Қырымды бөліп алған соң Украинаның Луганск және Донецк облыстарында сепаратистер пайда болды. Бұдан кейін СССР-дің бұрынғы республикаларының кейбірінде «Қырым сценарийі» қайталануы мүмкін деп қауіптенетіндер көбейді.

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің биыл жазда «бұл территориялар Ресейдікі» деген кезекті мәлімдемесінен тіксінген кейбір сарапшылар «Ресей Қазақстанның солтүстік облыстарын даулай бастауы мүмкін» деген болжам айтады. Жириновскийдің мәлімдемесі Қазақстанда әлеуметтің де, парламенттің де наразылығын туғызды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG