Accessibility links

Фукуяма: «Путин екіжүзді саяси ойын бастады»


Америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма. Тбилиси, 3 қыркүейк 2014 жыл.
Америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма. Тбилиси, 3 қыркүейк 2014 жыл.

Америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма «Ресей президенті Владимир Путиннің Шығыс Украинадағы басқыншылығына Батыс қалай жауап беруі керек?» деген сауалға қатысты пікірін білдірді.

Танымал саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма 1989 жылы жазған «Тарихтың соңы ма?» деген туындысында қырғиқабақ соғыс біткеннің арқасында әлемде адамзат дамуының ең соңғы үлгісі ретінде либералдық демократия жеңіске жетеді деп жорамалдаған еді.

Қазір Стэнфорд университеті жанындағы демократия, даму және заң үстемдігі мәселелері бойынша орталықтың аға қызметкері болып істейтін Фукуяма қырғи-қабақ соғыстың өрбуі туралы айтты. Ол Азаттықтың Грузин қызметіне сұхбат беріп, Ресей, Украина және НАТО туралы пікірлерімен бөлісті.

Азаттық: – Батыс 2008 жылдан кейінгі (Ресей мен Грузия соғысынан соңғы) уақытты бұдан да тиімді етіп пайдаланса болатын ба еді? Еуропа Ресейдің әсер ету тетіктеріне төтеп бере алатын жағдайға жетті ме?

Фрэнсис Фукуяма: – Ресейдің қолындағы ең басты әсер ету тетігі газ екені анық. (Еуропа) балама құбыр табу және газды ары-бері өткізуді қамтамасыз ету үшін тырысып жатыр. Қазір Украина бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Ресейдің газ құбырын жауып тастауына қатты тәуелді емес.

Ресей президенті Владимир Путин Қытайға газ жөнелтетін "Сібір күші" құбырының бірінші бөлігі қосылуы шарасында. Якутск 1 қыркүйек 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Қытайға газ жөнелтетін "Сібір күші" құбырының бірінші бөлігі қосылуы шарасында. Якутск 1 қыркүйек 2014 жыл.

Бірақ ғаламдық газ нарығына келсек, көп шаруа атқару керек. АҚШ ірі табиғи газ өндірушіге айналды және онда сұйытылған табиғи газға толықтай тәуелді нарық жоқ. Ресей газ құбырын жауып тастағанда Батыс Еуропаның жапа шекпеуі үшін жасалған әрекеттер бұрын басталған. Украинадағы жағдай мүдделер мен осы саладағы инвестицияларды одан әрі ынталандырды.

Менің ойымша, НАТО шын мәнінде әскери одаққа айналуға тиіс. Ол соңғы ондаған жылдардағыдай демократиялық клуб немесе демократияға үндейтін ұйым болмауға тиіс. Елді сыртқы басқыншылықтан сақтау үшін көп жұмыс істеу керек.

Азаттық: – Енді Украина мен Ресейдің арасын қандай болмақ? Басқа көршілер ше? Осы бағытта болжам жасай аласыз ба?

Фрэнсис Фукуяма: – Ресей президенті Владимир Путин екіжүзді саяси ойын бастады. Оның басқыншылық әрекеті басқалардың назарын аудармайтындай, Батыс кедергі жасай алмайтындай дәрежеде елеусіз өтіп жатыр – бұл тұрғыда ол сәтті қимылдады. Ол енді мүмкіндікті қолдан жібермейді, сондықтан жағдайдың ушығып кетуіне дайын болуымыз керек. Себебі ол енді кері шегіне алмайтындай шектен өтіп кетті.

Ресейшіл сепаратистер иеленген маңға келген украин әскері. Мариуполь, 5 қыркүейк 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратистер иеленген маңға келген украин әскері. Мариуполь, 5 қыркүейк 2014 жыл.

Қазір жұрт «Мәселенің бәрі Шығыс Украинада болып жатыр, мысалы, Қырымға баратын дәлізді қорғау керек» деп ойлайды. Ол бұдан да арыға баруы мүмкін. Ол Еуропа комиссия басшысы Жозе Мануэль Баррозуге жасаған мәлімдемесінде «Киевті екі апта ішінде алуға қауқарым жетеді» деді. Ол сөзге ешкім жете мән бермеді. Бұл жайында ойлануымыз керек.

Азаттық: – НАТО тарапынан көп жұмыс істелуге тиіс деп ойлайсыз ба?

Фрэнсис Фукуяма: – Украинаны әскери техникамен жабдықтап, оқу-жаттығу шараларын өткізетін кез келді. Германия оған ынталы емес, сондықтан баяу қимылдап жатыр. Өкінішке қарай, АҚШ та асықпайды. Бірақ осындай әрекетке көшетін кез расымен келді.

Азаттық: – Венгрия премьер-министрі Орбан америкалық журналист Фарид Рафик Закария ойлап тапқан «бейлиберал демократия» деген терминді қолдана бастады. Путиннің «тәуелсіз демократиясымен» салыстырсақ, ол да қауіп тудырады. Путин идеологиялық демеуге зәру кезде ол өзі қаламаса да қолдау жасай ма деп деген қауіп туды. Венгрия үкіметінің осы әрекеті көңіл аударарлық па, Батыс оған алаңдауға тиіс пе?

Фрэнсис Фукуяма: – Менің ойымша, Орбан сұмдық мәлімдеме жасады. Венгрия – Еуропа Одағына (ЕО) мүше ел, ЕО ұстанатын либералды демократия стандарттарына қол қойған. Ол аяқ астынан либералды демократияның «еркін» бөлігі қажет емес деді. Бұл өте маңызды, сондықтан Германия, әсіресе канцлер Ангела Меркель Венгрияны дұрыс бағытқа қарай икемдеп келеді. Себебі олар Еуропа парламентіндегі оңшыл-орталық бағыттағы партиялар коалициясын ренжіткісі келмейді.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан. Будапешт, 6 сәуір 2014 жыл.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан. Будапешт, 6 сәуір 2014 жыл.

Бірақ осы ұйым мүшесі болса да, оның қағидаларын ұстанбайтынын айтқан Венгрия сияқты елдерді тәртіпке шақыратын тетік ЕО-да болуы керек.

Азаттық: – Венгр тілінде жарияланған, Magyar Narancs басылымына берген сұхбатыңызда «премьер-министр Орбан бейлибералды жүйе туралы ашық айтса, осы идеяны іштей ойлап жүрген басшылар да болуы мүмкін» дедіңіз. Неліктен премьер-министр Орбан пікірін ашық айтты?

Фрэнсис Фукуяма: – «Фидес» партиясы бірнеше жыл бұрын билікке келген соң Орбан басқарған Венгрия осы бағытта әрекет етіп келеді. Парламентте олардың саны көп, сондықтан олар билікті демократиялық жүйеде болатын қарама-қарсы күштерсіз жүргізгісі келеді. Ол өзінің осы билігін ақтайтын идеологияны жамылып отыр. Өкінішке қарай, іштей осыны көздейтін басқа да демократиялық басшылары бар деп қорқамын.

Венгрияның бұндай ұстанымы бізді қатты қапа қылады. Ұзақ уақыт бойы Еуропаға қосыла алмай жүрген Венгрияның оралғаны, замануани Еуропа құндылықтарын қабылдағаны ең сәтті өзгерістің бірі болған еді. Бірақ анығында олай болмаған сияқты.

Азаттық тілшісі Марина Вашакмадзенің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG