Accessibility links

Путин ант қабылдағанда ОМОН жұртты қамап жатты


Полиция демонстранттарды күшпен әкетіп барады. Мәскеу, 7 мамыр 2012 жыл
Полиция демонстранттарды күшпен әкетіп барады. Мәскеу, 7 мамыр 2012 жыл

Мәскеудің Үлкен Кремль сарайында Ресейдің жаңадан сайланған президенті Владимир Путиннің инаугурациясы өтіп, ант қабылдады. Инаугурацияға үш мың адам шақырылған. Олардың арасында үкімет мүшелері, мемлекеттік думаның депутаттары, конституциялық соттың судьялары, Путиннің сайлауалды кампаниясына қатысқандар, дипломаттар, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері бар.


"Справедливая Россия" партиясынан сайланған мемлекеттік дума депутаты Илья Пономарев пен мәдени қайраткер Марат Гельман инаугурацияға қатыспайтындарын мәлімдеді. Марат Гельман бұған жексенбіде Болотный алаңында болған митингіден соң жолдасы, продюссер Александр Чепарухинді полицияның ұрып кеткені себеп болды дейді.

Инаугурация басталмай тұрып, Мәскеудің орталығында сайлаулар әділетсіз өтті деп, наразылық танытқан ондаған оппозиция белсендісі ұсталды. Олардың арасында оппозициялық саясаткер Борис Немцов бар. Хабарларға қарағанда, полиция көп адамның арасынан тек ақ лента таққандарды ғана ұстаған. Ақ лентаны Ресей опозициясы әділетті сайлаудың белгісі деп қабылдайды.
Путинді ұлықтау күнінде Мәскеу полициясы көшелерді шерушілерден "тазартып" жүр. 7 мамыр 2012 жыл.
Путинді ұлықтау күнінде Мәскеу полициясы көшелерді шерушілерден "тазартып" жүр. 7 мамыр 2012 жыл.

Кейбір хабарларға қарағанда, демонстранттарды ұстау үшін көзден жас ағызатын газ қолданылған.

6 мамырда Ресейдің астанасы мен бірқатар аймақтарындағы ірі қалаларында соңғы президенттік сайлаудың нәтижесіне және Владимир Путиннің инаугурациясына қарсылық көрсету шаралары болды. Наразылық шараларында қоғамдық белсенділердің кейбіреуі қамауға алынды.

Бүгін, мамырдың 7-сі Азаттық радиосының орыс қызметінің тілшісі құқық қорғаушы Лев Пономаревке хабарласқан еді. Ол да 200-дей адаммен бірге, ақ лента байлап жүргені үшін ұсталған. Ол азаттық тілшісіне:

– Владимира Путинді ұлықтау күнінде нацистік режим орнатқаны үшін менің атымнан құттықтаңыздар, – деді.

Лев Пономаревтің айтуынша, ОМОН ақ лента байлаған ба, байламаған ба - ештеңеге қарамай Путинді ұлықтау рәсіміне наразылық білдіргісі келген барлық адамдарды тұтқындап жатыр. Бірақ Кремльді жақтайтын ұйымдардың мүшелеріне тиіспеген.
"Миллиондар шеруінде" Мәскеу тұрғындары көтеріп шыққан плакат. 06 мамыр 2012 жыл.
"Миллиондар шеруінде" Мәскеу тұрғындары көтеріп шыққан плакат. 06 мамыр 2012 жыл.

Тұтқындалған Борис Немцов та Азаттық радиосына интервью беріп, былай деді:

- Мен қазір жолдастарыммен бірге автозакта (полиция көлігі - ред.) отырмын. Ауа жоқ, су жоқ, ештеңе жоқ. Бізді "Басманный" деп аталатын полиция бөліміне алып келді. Полицейлер мені қолдарындағы дойырмен ұрып, киімімді жыртып тастады. Менімен бірге ұсталғандардың бәрін де ұрды. Бізді "Жан Жак" кафесінің маңында тұтқындады. Еліріп алған ОМОН стол-орындықтарды лақтырып, кафеде отырған адамдарды автозакка сүйреп апарып отырғызды.

Мамырдың 6-сы өткен "Миллиондар шеруінің" Youtube сайтында жарияланған видео-үзіндісін мына жерден көре аласыз:



Владимир Путин 2000-2008 жылдары екі рет Ресей президенті болды.
XS
SM
MD
LG