Accessibility links

Тәжік мэрі қызметкерлерін қайтадан партаға отырғызды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарамағындағы шенеуніктердің грамматикалық және орфографиялық қателерін түзетуден шаршаған тәжікстандық қала басшысы оларды қайтадан оқытып жатыр.

Қателері өріп жүрген хатты көз алдыңызға елестетіңіз. Ол жергілікті басқарманың ресми бланкісіне жазылған болса ше? Тәжікстанның оңтүстігіндегі Кулоб қаласының мэрі Хайрулло Аманулло бағыныштыларының қатеден көз сүрінетін жазбаларын жиі оқиды.

Мәселені шешу үшін қала мэрі қызметкерлерін қайтадан партаға отырғызды. Аманулло жас шенеуніктердің есеп хаттары мен өтініштерін оқыған кезде қатенің көптігіне таң қалғанын айтады.

«Бірінші сыныпты оқытқан мұғалім сияқты болдым. Жазғандарын қызыл сиямен түзетіп, қайта тексеруге жіберсе болады» дейді Аманулло. Қаланы екі жылдай басқарған соң мэр мұндай әдіспен мәселені шеше алмайтынын түсінеді.

Солайша қызметкерлерге арналған оқу жоспарын жасатып, кеңседегі 20-30 қызметкердің грамматикалық қателерін жойып, жазу дағдыларын жетілдіруге тырысады. «Күнде сабақ өтеміз. Оны менің екі орынбасарым өткізеді» дейді Аманулло.

Сабақ осы жылдың басында басталды, шамамен бір айға созылады, бұдан соң мэр әр «оқушының» жетістігін тексермек. Аманулло үлгерімі оңалмаған қызметкерлерге қандай шара қолданатынын айтпады.

Грамматика мен орфографияға қоса, курста тұрғындардың шағымы мен өтінішіне жауап беру жолдары, ресми хат пен құжат жазу әдістері, жиналыс хаттамаларын толтыру үйретіледі. Кулобтың мәдениет бөлімінің басшысы Рамазон Мирзоев курста үтір сияқты тыныс белгілеріне дейін тәптіштеп өтетіндерін айтты.

ЖАСТАРДЫҢ САУАТСЫЗДЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Әлемнің көптеген еліндегі тәрізді Тәжікстанның егде азаматтары жастардың білімі төмен екенін жиі айтады. Оған 1992-1997 жылдардағы азаматтық соғысты айыптайтындар бар, сол кездегі мектеп оқушылары тиісінше білім алмаған. Басқалары «университетте білім сапасы күрт төмендеп кеткен, студенттер емтиханнан өту үшін пара береді» деседі.

2015 жылы мемлекеттік университеттерде сауаттылық деңгейі төмен деген шағым түскенде мемлекеттік тіл жөніндегі комитет ел астанасы Душанбедегі ЖОО-ның 500 студентінің білімін тексерді. Комитет дерегі бойынша, студенттердің 80 пайызы тесттен өтпеген. Бұған мектептерде тәжік тілі сабақтарын екі есеге азайтқан білім басшылығы айыпты десті.

«Бағыныштылардың біразы екі жоғарғы білімі бар екенін айтады» дейді Кулоб мэрі. Бірақ ол «қатесіз хат жаза алмайтын» адамның академиялық жетістігіне күмән келтіреді.

Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігіне бұрын да сын айтылған. 2004 жылы мемлекеттегі ұлттық телевидение және радио басшысы Абдужаббор Рахмонзода журналистерге эссе жазғызып, емтихан тапсыртты. Рахмонзода сол кезде сынақ арқылы «олардың білім деңгейін анықтауды» көздейтіндерін айтқан болатын.

Фарангис Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG