Accessibility links

Түркия Қырым мен Ресейдің қайсысын таңдарын білмейді


Ресейдің Қырымдағы әрекеттеріне қарсылық акциясында бір әйел "Кеше - Сталин, бүгін - Путин" деген плакат ұстап тұр. Стамбул, 8 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің Қырымдағы әрекеттеріне қарсылық акциясында бір әйел "Кеше - Сталин, бүгін - Путин" деген плакат ұстап тұр. Стамбул, 8 наурыз 2014 жыл.

Қырымның ресейшіл басшылары түбекті Украинадан бөліп әкетуге тырысып жатқанда, Қырым татарларының жетекшілері Түркиядан қолдау сұрады.

Түркияда Қырым татарларының үлкен диаспорасы бар. Бірақ оларды қолдап шықса, Ресейден газ алып отырған Түркия экономикалық шығынға ұшырайды.

«ТҮРКИЯ ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫНА КӨМЕКТЕССІН!»

Серкан Саваның ата-бабалары 150 жыл бұрын болған Қырым соғысы кезінде Түркияға кетіп қалған. Ол жолы Осман империясы мен Ресей қақтығысқан еді. Бірақ Осман империясы осыдан кейін әлсірей бастады, ал бірінші дүниежүзілік соғыстан соң мүлдем ыдырап кетті.

Наразылық акциясында түрған Серкан Сава. Стамбул, 8 наурыз 2014 жыл.

Наразылық акциясында түрған Серкан Сава. Стамбул, 8 наурыз 2014 жыл.

35 жастағы IT-кеңесшінің ата-әжесі Осман империясының орнында пайда болған Түркия Республикасына тұрақтап қалған. Олар бір ғасырдан соң советтік диктатор Иосиф Сталиннің 1944 жылы жүздеген мың қырымдық татарды Орталық Азияға жер аударғанын, олардың көбінің жол азабына шыдамай, қырылғанын естиді.

Наурыздың 8-і күні Сава жаңбырға қарамастан, басқа 250 түркиялық татарлармен бірге Стамбулдағы Ресей консулдығы алдында наразылық білдірді. Мәскеудің қол астында болған кезде Қырым татарларының зардап шеккенін айтқан Сава «Түркия түбектің Ресейге қосылмай, Украинаның бір бөлігі болып қалуына ықпал етуі тиіс» дейді.

Қырымды ресейлік әскерилер басып алды, түбектегі ресейшіл парламент Ресей Федерациясына қосылуды қолдап, наурыздың 16-сы күні референдум өткізбек. Қырым татарлары «тағы да Мәскеуге бағынамыз ба» деп қауіптенеді.

«МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫҢ ЫҚПАЛЫ»

Қырым татарлары Мәскеуге қараған күндерін күйзеліспен еске алады, ал түріктер Мәскеумен қарым-қатынасын бұзып алудан сақтанатын сияқты. Түркия тарихтағы Ресей әскерінен жеңілген сәттерін ұмытқан жоқ, оның үстіне Қара теңіз арқылы шектесетін Ресейден табиғи газ қорының жартысын алып отыр. Ауқымды сауда байланыстарын да орнатқан.

Вашингтон зерттеу институтының Түркия бағдарламасы директоры Сонер Чагаптай «Түркияның тарихи әрі заманауи себептерге орай сескенетін жалғыз көршісі - Ресей» дейді. «Түркияның өрлеуі: 21-ғасырдағы алғашқы мұсылман билігі» кітабының авторы «Тарихтан сабақ алған түріктер орыс аюын оятып алудан қорқады» деген пікір айтады.

Түркияда тұратын миллиондаған этникалық түркілер және қырым татарлары Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның «саяси бейнесіне» сәйкес келіп-ақ тұр. Оның ислам дінін қолдайтын «Әділет және даму» партиясы өзін мұсылмандардың қорғаушысы етіп көрсетеді.

Ердоған «Мұсылман бауырлар» ұйымының жетекшісі және Египет президенті болған Мухаммед Мурси биліктен кеткенде оны орнынан тайдырған күштерді қатты сынады. Ердоған мұсылман көтерілісшілерге қарсы соғысып жатқан Сириядағы Башар Асад режиміне әскери шабуыл жасауға да шақырған.

Украинадағы саяси шиеленістер ушығып тұрғанда Түркияның сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу бұл елдің жаңа үкіметімен кездесуге барды.

​Ал Ердоған «Қырым татарларын қиындықта қалдырмаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ ыңғайы келгенде өзге ел басшыларымен шекісе кететін ол Ресей президенті Владимир Путинмен қарым-қатынасты жан-жақты саралап отырған сияқты. Сондықтан оның Анкара мен Мәскеудің байланысын қатерге тігетін әрекетке баруы неғайбіл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия премьері Тежеп Тайып Ердоған. Стамбул, 3 желтоқсан 2012 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия премьері Тежеп Тайып Ердоған. Стамбул, 3 желтоқсан 2012 жыл.

- Ердоғанның саяси стилін айтсақ, басқалармен сөзге келіп қала беретін ол Ресей мен Иран басшыларымен шекісіп көрген емес. Ол бұл екі елді ерекше жақсы көргендіктен ұрыспай жүрген жоқ, Түркия мұнай мен газдың төрттен үшін Иран мен Ресейден алады, - дейді Чагаптай.

Оның айтуынша, Осман империясы мен Ресейдің ткарихтағы қарым-қатынасы да Ердоғанға әсер еткен. Зерттеуші жақында жарық көрген еңбегінде Осман империясының 400 жыл бойы Ресеймен соғысып, 17 ұрыс өткізгенін, соның бәрінде жеңілгенін жазады.

Оның үстіне 1936 жылы бекітілген Монтре конвенциясына сай, Түркия Қара теңіз бен Жерорта теңізін байланыстыратын бұғаздарды бақылайды. Келісімге сәйкес Қара теңіздің жағалауында орналаспаған елдердің әскери кемелерін бұл бұғаздар арқылы өткізуге шектеу қойылған.

ЕРДОҒАННЫҢ СЫНАҒЫ

Түркия НАТО-дағы әріптестерінің ыңғайына жығылып, Қара теңіздің жағалауында орналаспаған елдердің әскери кемелеріне бұғаздан өтуге рұқсат етсе, 1936 жылы жасалған конвенция бұзылады.

Бірақ Түркиядағы Қырым татарлары қауымдастығының президенті Желал Ичтен «Анкараның Украинадағы дағдарысқа араласуына Түркияның өз ішіндегі саяси оқиғалар да кедергі келтірді» дейді.

Бірнеше айдан бері басы жемқорлық дауына іліккен Ердоған билігін сақтау үшін күресіп жатыр. Наурыздың соңында өтетін муниципиалдық сайлау кезінде ол басқаратын «Әділеттілік пен даму партиясының» шама-шарқы белгілі болады. Ичтеннің айтуынша, «қазіргі жағдайды ескерсек, Ердоған мен Түркия президенті президент Абдулла Гүл Қырымға қатысты қолынан келгенін істеп жатыр».

- Түркияда саяси жағдай асқынып тұр, сондықтан президент пен премьердің Қырым татарларына білдірген қолдауы басқа оқиғалардың астарында қалды. Бірақ олар татарларды қолдайтынын айтып, Батыс елдерімен байланысты жалғастырады, - дейді ол.

Чагаптай Түркияның Ресейге шектеулі санкция салуды ұсынып отырған Еуропамен байланысын үзбейтінін айтады. Ол «бірақ Қырым татарларына жәбір көрсетіліп жатса, ашық қарсылық танытуы екіталай» дейді. Сондықтан «басына қауіп төнген татарларды қорғауды сұраған» Сава сияқты жандарды жұбату оңайға түспейтін сияқты.

Ресейдің Қырымдағы әрекеттеріне қарсы Стамбулда өткен акцияның YouTube-тегі видеосы:



Мәскеу Украинаның жаңа үкіметін мойындаудан бас тартып, оларды «этникалық орыстарға қауіп төндірген фашистер» деп атады, Қырымдағы татарлардың үйіне ресейшіл күштер «Х» деген белгі салып кеткен. Стамбулдағы шерушілер «Түркия, бауырларыңа жәрдемдес!», «Жауға қарсы тұру үшін бірігеміз!» деп айғайлады.

Қырым татарларының эмблемасын таққан 47 жастағы Еругрул Токсай менеджер болып істейді. Оның пікірінше, Ердоған «түбектегі халықтың 12 пайызы болып отырған Қырым татарларына көмектесу үшін ештеңе істеген жоқ».

IT-кеңесші болып істейтін Сава әрекетсіз отырудың қауіпті екенін ескертіп, Уинстон Черчилльдің сөзі мысалға келтіреді: «Әркім қолтырауынды жақсылап тамақтандырсам, ол мені ең соңынан жейтін шығар деп үміттенеді».

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG