Accessibility links

«Екі түрлі Ресей»


Ресей президенті Путиннің сайлаудағы жеңісіне қуанған жұрт ұстап шыққан ту. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл.
Ресей президенті Путиннің сайлаудағы жеңісіне қуанған жұрт ұстап шыққан ту. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл.

International Herald Tribune (IHT) басылымы қазіргі Ресейді екі түрге бөліп сипаттаған сараптау мақала басты. Автор екі түрлі Ресеймен де сәтті дипломатия орнату арқылы біршама проблеманы оңымен шешуге болады дейді.

Басылымның пайымдауынша, бірінші Ресей еркіндік пен дамуға ұмтылса, екінші Ресей патриотизм мен популизмге ұрынған.

Бірінші Ресейде халық шетелдерге саяхаттап, қалаған үйлерін алып-сатып, қаржыларын сенімді банктерде сақтай алады.

Екінші Ресейде президент Владимир Путин диссиденттерге қысым жасайды, «НАТО-ның қорғаныс күштері Ресейге қауіп төндіріп тұр» деп ойлайды, Кремль бұрын Совет Одағы құрамында болған көрші елдерді Еуразиялық одаққа кіруге мәжбүрлегісі келеді.

IHT Батыс екі түрлі Ресеймен байланыс жасағанда қазір билік басында «патриоттардың» отырғанын ескеріп, олардың әрқайсысымен әртүрлі стратегия ұстану керек деген пікір айтады.

«ЖАҢАРҒАН РЕСЕЙ»

IHT зерттеуінше, бірінші Ресей қазір жаңарып жатыр. Ресей 2011 жылы тауар тұтыну жағынан әлемде алтыншы орынға көтерілген. Жалпы ұлттық табыс жан басына шаққанда 20 мың долларға жеткен. Бақуатты ресейліктер шетел тауарларын тұтынғанды жақсы көреді және балаларын шетелдерде оқытады. Кейбір мәселеде Ресей Батыспен әріптес болудан қашпайды. Ресейдің әскери
Ресейдің S-300 қорғаныс жүйесі. 20 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейдің S-300 қорғаныс жүйесі. 20 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
базалары Ауғанстандағы НАТО әскеріне жәрдемдеседі, Ресей Иранның ядролық қару жасауына қарсы салынған санкцияны қолдайды, халықаралық ғарыш станцияларына зымырандар ұшырады. Оған қоса Ресей АҚШ-пен жаңа стратегиялық әскери келісімге қол қойды.

IHT-дің жазуынша, Ресейдің жаңарған элитасы дамыған экономика мен әлемдік байланыстардың нығайғанын жоғары бағалайды. Батыс осындай тиімді қадамдарымен Ресейді әлемдік сауда ұйымына кіруге қызықтыруы керек. Әрі бұл ұйымға кіру Ресей экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырар еді.

Мақала авторы Ресейдің жаңарын дәлелдейтін мынадай айғақтарды алға тартады. Таяуда ғана АҚШ пен Ресейдің интеллектуалдық меншік құқығына қатысты жасасқан келісім-шарттары Ресей үшін өте тиімді. Осы келісімнің негізінде Ресейдің жоғарғы технологиялық саласы мол пайда таба алады. Арктикалық кеңесте де Мәскеу қоршаған ортаны қорғай отырып, өзінің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруды көздейді. Әйтсе де, кейінгі кезде үкіметтің араласуының кесірінен Ресейдің энергетика саласындағы бәсекелестік қабілеті әлсіріген. Ресей үкіметі игерілуі қиын кені орындарын игеру үшін батыстық технология мен инвестицияға көп жеңілдіктер беру арқылы энергетика экспортын күшейткісі келеді.

«КЕРІ КЕТКЕН РЕСЕЙ»

IHT екінші Ресейді кері кеткен ел ретінде сипаттайды. Ресей өзінің өткен дәуірдегі заң саласы мен азаматтық еркіндік мәселесінде артта қалып қойса да, әлемде беделі мен қуаты күшті болған бір кездегі тоқырау заманына оралып жатыр. СССР қайтадан құрылмайды, бірақ сонда да Ресейдегі демократиялық топтарға биліктің
Оппозиция жақтастарының жиыны, Мәскеу, 13 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Оппозиция жақтастарының жиыны, Мәскеу, 13 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
тарапынан қысым күшті. Диссиденттерді әлі де жындыханаға қамайды. Сот билігі саясаттың құралына айналды. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының дерегінше Ресей баспасөз бостандығы жөнінен 179 елдің ішінде 142-орында болып тұр.

Мақала авторларының пікірінше, Батыс екінші Ресеймен қатынас жасағанда ол елдің ішінде ұзаққа созылатын либерализация мен барлық адамға тең қарайтын процестің орнығуын қадағалап отыруы тиіс. Батыс бір заманда СССР-ден адам құқықтарына қатысты талап ететін, репрессияға ашық қарсылық білдіретін, жоғарғы деңгейдегі жеке тұлғаларға қатысты әділетсіз жайттарды сынайтын қағидаларын жандандыруы тиіс. Мақала авторы «Солтүстік Кавказда тапталып жатқан адам құқықтарына Батыстың көз жұмып келгені дұрыс емес» дейді.

IHT-тің жазуынша, сырттан бақылаушылардың ресейліктермен қоян-қолтық араласып не ашық интернет байланысын орнатпайынша, Ресейдегі реформалардың жүзеге асуына септігі тиюі неғайбыл. Ресей үшін қазір «Еуропа Одағы-Ресей» азаматтық қоғам форумы тиімді болып тұрса да, Кремль «АҚШ халықаралық дамыту» бағдарламасын тоқтатқан. Шетел қаржыландыратын «Голос» сияқты сайлау барысын бақылайтын тәуелсіз ұйымдар қысымға ұшырап, ядролық қауіпсіздік салысы бойынша бірлесіп жасалатын жобалар жабылды. Мәскеу таяуда Нанн–Лугар бағдарламасынан бас тартты.
Шығыс Азия аймағындағы елдердің даму қарқыны Ресейден озып бара жатса да, бұл ел әлі де өзін халықаралық аренада қуатты держава ретінде көрсеткісі келеді.

Мақала авторларының ойынша, Шығыс Азия аймағындағы елдердің даму қарқыны Ресейден озып бара жатса да, бұл ел әлі де өзін халықаралық аренада қуатты держава ретінде көрсеткісі келеді. «Сириядағы Асад режимін қолдауы Ресейдің беделін құлдыратты. Ресей көршілеріне күш көрсете бергендіктен қазір одақтастары мен достары қалмады» деп жазады IHT.

Шетелдік басылымның айтуынша, Батыс Ресейдің кері кету процессін тоқтатуға тырысып жатыр. 2012 жылдың желтоқсан айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон «Ресейдің көршілерін Еуразиялық одаққа күштеп кіргізбек әрекеті мен Совет Одағын қайта құру жоспарына қарсы тұратынын» ескертті. Батыс сонымен қатар Ресейдің 2008 жылы Грузияға басып кіруіне қарсы болса да, қазір Грузияның Ресеймен қатынас орнатуын қолдайды. Батыс Каспий теңізінде энергия өндіретін елдердің Түркия, Қара теңіз және Қытай арқылы мұнай өнімдерін тысқа тасымалдауына да көмектесіп жатыр.

«Екі жақты прагматикалық әрі мықты принциптерге негізделген дипломатиялық қадамдар Ресеймен ортақ мүддеге бірігіп жұмыс істеуге жол ашады, әрі демократия мен адам құқықтарының жақсаруын қалайтын топтарға да жігер береді» деп түйіндейді мақала авторлары Денис Корбой (Лондон Корольдік колледжінің ғылыми қызметкері; Еурокомиссияның Армения мен Грузиядағы өкілі болған адам), Уильям Кортни (АҚШ-тың Қазақстан мен Грузиядағы елшісі болған адам) және Кеннет Яловиц (АҚШ-тың Беларусь пен Грузиядағы елшісі болған адам).
XS
SM
MD
LG