Accessibility links

БҰҰ «Қыздар күнін» белгіледі


Қыз алып қашу. (Қырғызстандағы Қыздарды қорғау институты қоғамдық ұйымының көрнекі суреті).

Қыз алып қашу. (Қырғызстандағы Қыздарды қорғау институты қоғамдық ұйымының көрнекі суреті).

Бүгін (11 қазан) - Халықаралық қыздар күні. Әлемде 20-24 жастағы әрбір үшінші келіншек тұрмысқа еркінен тыс шыққан. Ал қазақстандық мамандар еріксіз үйленгендер көбіне ажырасып кетеді дейді.

Еркеназ - үйдің кенжесі. Анасы өмірден өткеннен кейін, әкесіне сүйеніш болмақ ниетпен қаладағы оқуын тастап ауылға келген. Алайда 21 жастағы бойжеткен әкесінің жанында ұзақ бола алмаған.

«БАҚЫТТЫ БОЛЫП КЕТЕСІҢ, ЖАҚСЫ ЖЕРГЕ КЕЛДІҢ»

- Әдеттегідей үйдің шаруасымен кіріп-шығып жүргенімде үйдің маңына бір көлік келіп тоқтады. Ішінен бір жігіт шығып, ауыл тұрғындарының бірінің үйін көрсетіп жіберуімді сұрады. Жақындап көрсетпек болып едім, екі жағымнан екі жігіт қолтықтап машинаға бар-ақ тықты. Менің айқайым мен арпалысқаныма қарамады, - деді Еркеназ осыдан 5 жыл бұрын болған оқиғаны еске алып..

Еркеназ қатты үрейленгенімен, «алып қашып барады» деп ойламаған.
Қыздар көгершіндерге жем шашып отыр. Семей, 29 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қыздар көгершіндерге жем шашып отыр. Семей, 29 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


- Ой деген жүйрік қой, неше түрлі жаман ойлар келді. Біраз жүргеннен кейін танымайтын бір үйге алып келді. Бір топ үлкен әжелер күтіп алды. Сонда ғана өзімді алып қашып кеткенін түсіндім, - дейді ол.

Еркеназ қанша жылап, жалынса да, «үйдегі үлкендер құлақ аспаған». Керісінше «бақытты болып кетесің, жақсы жерге келдің» деп, бойжеткеннің көне қоймағанын түсінген соң «теріс батамызды береміз, қайтып оралғаныңда ауыл не дейді, әкең мен бауырларыңды ойласаңшы» деп үгіттеуге кіріскен.

- Ақыры көнуге тура келді. Осылайша мен өзімнен тоғыз жас үлкен, мүлдем танымайтын, алыстағы ауылдың бір жігітіне жар болып қала бердім. Қазір, Аллаға шүкір, екі қызымыз бар. Отбасымыз жаман емес. Кейін білдім, мені туысқан жеңгем сыртымнан таныстырып, алып қашуды жоспарлаған екен. Себебі дәл сол уақытта мен анамнан айырылдым, тұрмысқа шығу туралы ойлаған да емеспін. Ал жігітімнің құда түсуге мүмкіндігі болмаған. Дегенмен мен секілді бақытты болып кетіп жатқандар санаулы. Өйткені менің алып қашып, отбасылы болған көпшілік құрбыларым бақытсыз, - дейді Еркеназ.

АТА-АНАНЫҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ

Қазақстанда қыз алып қашу - жиі болатын оқиға. Оны көпшілік «салт-дәстүр» деп ойлайды. Ал мамандар «Қыз алып қашу - қылмыс. Егер қыз кәмелет жасқа толмаса, бұл - өте ауыр қылмыс» дейді.

Азаттыққа сұхбат берген «Шығармашылық бастамашыл әйелдер лигасының» президенті Әсия Хайруллина:

- 2012 жылдың алғашқы үш айының өзінде Оңтүстік Қазақстан облысында 18 жасқа толмаған қызды алып қашудың алты оқиғасы тіркелді. Бірақ бірде-бір іс қозғалған жоқ. Мұндай жайттар құқықтық немесе психологиялық көмекпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарда тіркеледі. Әдетте полицияға жетпейді. Жеткен күннің өзінде «екі жақ мәмілеге келіп», жылы жабылып жатады, - деді.
Мұндай жайттар...әдетте полицияға жетпейді. Жеткен күннің өзінде «екі жақ мәмілеге келіп», жылы жабылып жатады.

Оның айтуынша, «қыз алып қашу» қылмысының жабық күйінде қалып жатқанына ата-аналар айыпты.

– Шешімді үлкендер – ата-аналар қабылдайды. Олар өзара келісіп, полицияға түскен арызын қайта алып жатады. Ал қыздың, оның ішінде жасөспірімнің пікірімен ешкім санаспайды. Бізде заң бар. Бірақ ата-аналар өздері белгілі бір стереотиптердің жетегінде жүреді, қоғам я көпшілік алдында ұятқа қаламын деген қорқыныш басым. Осы қорқыныштан көп ата-ана баласын «құрбандыққа» шалуға дайын. Бұдан бөлек, қызынан қалың мал арқылы пайда көріп қалуды көздейтіндер де кездеседі, - деді маман.

Әсия Хайруллина алып қашудың құрбаны негізінен 16 мен 18 жас аралығындағы қыздар екенін айтты.

МЕНТАЛИТЕТ

Мамандар «Қыз алып қашуға бір жақты қарауға да болмайды» дейді. Мәселен 20 жастан асып, әлеуметтік жағдайы, әке-шешелерінің пікірі мен өздерінің діни көзқарастарын ескерген екі жас өзара келісіп, «алып қашуды» саналы түрде ұйымдастырады. Бұлай болмаған жағдайда адам құқығы бұзылады.

«Сана-сезім» құқықтық орталығының психологы Вера Закутняя еріне еріксіз тиген қыздардың көбінесе ажырасып кететінін айтты.
Алматыдағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)


- Біздің орталыққа тұрмысқа шыққан, екі-үш баласы бар әйелдер жиі келеді. Олар отбасындағы зорлыққа, күйеуінен немесе ата-енесінен көрген қысымға шағым айтады. Мәселені зерттей келгенде, өзара сүйіспеншілік пен махаббаттың жоқтығы негізгі себеп екені анықталады. Жапа шеккен әйелдерді көбінше кезінде алып қашқан немесе күштеп, қалауынсыз тұрмысқа берген. Әрине, мұндай отбасылар аяғында ажырасып тынады, - деді маман.

Оның айтуынша, Қазақстанда қыз алып қашу барлық аймақта бар, әсіресе оңтүстік өңірде көп кездеседі.

- Оңтүстік өңірде салт-дәстүрді мықты ұстанады, оның үстіне менталитет деген де бар. Ел арасында қыз бала бөтен үйге бір түн қонып шықса, арасында жыныстық қатынас болсын-болмасын, үйіне қайтып оралу ұят болып саналады. Біздің тәжірибемізде «жоғалып кетті», «ұрлап кетті», «зорлады» деп арыз жазып, тіпті сот-медициналық сараптама да жасалған жайттар болған. Аяғында екі жақ өзара мәмілеге келіп, іс тоқтап қалады. Өйткені қыздың әке-шешесі «масқара» болып қалудан қашады, - дейді Вера Закутняя.

ӘЛЕМ «ТӘЖІРИБЕСІ»

«Қыз алып қашу» әлемнің көптеген елдерінде бар құбылыс. Сол себепті де Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) 11 қазанды «Халықаралық қыздар күні» деп белгілеп отыр.

БҰҰ балалар қорының мәліметі бойынша, әлемде 20-24 жастағы әрбір үшінші келіншек жас күнінде зорлықпен тұрмысқа берілген. Олардың 23 миллионы 15 жасқа дейін күйеуге тиюге мәжбүр болған.

Ал 20-49 жас аралығындағы келіншектердің 41 пайызы (немесе 400 миллион адам) 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан.
Күйеуі ұрып-соққан соң ауруханаға түскен, кәмелетке толмаған ауған келіншек Гүл Сика. Кабул, 10 маусым 2012 жыл.

Күйеуі ұрып-соққан соң ауруханаға түскен, кәмелетке толмаған ауған келіншек Гүл Сика. Кабул, 10 маусым 2012 жыл.


БҰҰ мәліметі бойынша, мұндай оқиғалар көбінше Оңтүстік Азияда (46 пайыз), Африка елдерінде (37 пайыз), Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде орналасқан мемлекеттерде (29 пайыз) және Еуропа Одағы пен ТМД елдерінде (11 пайыз) кездеседі.

Әлемнің 103 елінде 18 жасқа толмай үйленуге заңмен тыйым салынған. Бірақ жыл сайын 10 миллион қыз кәмелетке толмай тұрмысқа шығып жатады.

«Қыздар өмірінің соңына дейін үй шаруашылығы мен жыныстық қатынастың қызметші-күңіне айналады. Олардың медицина жетістіктерін пайдалану және білім алу құқығы бұзылып, моральдық және физикалық бостандығы шектеледі» деп жазылған БҰҰ балалар қорының таратқан мәлімдемесінде.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG