Accessibility links

АҚШ-тың Қытайдағы адам құқығы мен юань бағамына көңілі толмайды


2011 жылғы АҚШ-Қытай стратегиялық-экономикалық диалогына қатысушы екі ел үкіметінің мүшелері. Вашингтон, 9 мамыр 2011 жыл

2011 жылғы АҚШ-Қытай стратегиялық-экономикалық диалогына қатысушы екі ел үкіметінің мүшелері. Вашингтон, 9 мамыр 2011 жыл

АҚШ пен Қытайдың ресми өкілдері екі күннен бері Вашингтонда экономикалық мәселелерге, адам құқығы жағдайы мен сыртқы саясатқа қатысты келіссөздер өткізіп жатыр.


АҚШ президенті Барак Обама ортақ мүдделеріне жету үшін Қытаймен әріптес болуға уәде берді. Ал екі елдің ресми өкілдері өзара байланыстардағы тұралап қалған мәселелерді қарастырды.

АҚШ ЮАНЬ БАҒАМЫН ӨСІРУДІ СҰРАДЫ

АҚШ мемлекеттік хатшысы келіссөздерді бастай келе, Вашингтон мен Бейжің қақтығыстан гөрі ынтымақтастықтан көбірек ұтатынын айтты.

– Біздің елде кейбіреулер Қытайдың прогресін елге төнген қауіп ретінде қарастырады, Қытайдағы жұрт Американы Қытайдың өсімін шектеп қоюды көздейді деп алаңдайды. Біз мұндай көзқарастарды қабылдамаймыз, – деді ол.
АҚШ қаржы министрі Тимоти Гайтнер (сол жақта) АҚШ-Қытай стратегилық және экономикалық келіссөзінде сөйлеп тұр. Вашингтон, 9 мамыр 2011 жыл
Қытайдың ұлттық валютасы – юань бағамын әдейі төмендетіп ұстап отырған саясаты Вашингтонның Бейжіңмен сауда-саттық ісінде айтарлықтай дефицит тудырғаны да айтылды.

Бірақ АҚШ-тың қаржы жөніндегі хатшысы Тимоти Гайтнер мен федералдық қор басшысы Бен Бернанке америкалық өндірушілер айтып келе жатқан юаньнің бағамына қатысты туып отырған әділетсіз сауда тәжірибесіне қатысты Бейжіңге қысым жасап көрмекші.

АҚШ оған қоса ядролық қауіп төндірген Солтүстік Корея мен Иранға қатысты Қытайдың қолдауын алуға тырыспақ.

ҚЫТАЙДЫҢ ӨТІНІШІ – САУДАНЫ САЯСИЛАНДЫРМАУ

Қытайдың соңғы жылдары юаньді төменгі бағамда ұстауы америкалық өндірушілерге кері әсер етіп, АҚШ экономикасының дамуын белгілі бір межеде тежеп келеді. «Қытай валютасы әлі де 40 пайызға төмен бағаланды» деген АҚШ кәсіпкерлері егер тезірек өзгеріс болмаса, Конгрестен Бейжіңге қарсы экономикалық жазалау шараларын енгізуді сұрап отыр.

АҚШ өкілдері қаңтар айында Вашингтонға барған Қытай президентінің орындауға уәде берген экономикалық міндеттемелері орындалғанын қалайды. Ол уәделердің қатарында компьютерлік бағдарламаларды қарақшылық жолмен жасауға қарсы күрес, Қытай үкіметінің жобаларына АҚШ компанияларының қатысу мүмкіндігін шектеу саясатын өзгерту болған.
АҚШ доллары мен Қытай юані. Көрнекі сурет

Қытай делегациясының жетекшісі, Қытай экономикалық саясатын құрушы вице-премьер Ванг Цишань алдағы экономикалық өзгерістер бір күнде бола қоймайды деп, Вашингтонды сауданы саясиландырмауға шақырды.

2010 жылы АҚШ-тың Қытаймен арадағы сауда дефициті рекордттық көрсеткішке жетіп, 273 миллиард долларды құрады.

Қытай – АҚШ-тың шетелдегі ең ірі кредиторы, сол себепті Бейжің Вашингтонның 1,2 триллион доллар пайыздық өсімді төлей алатындай мүмкіндігін сақтап тұруына кепілдік алғысы келеді.

ЭКОНОМИКАДАН КЕЙІН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ

Вашингтон Бейжің делегациясының назарын экономикалық мәселелермен қатар Қытайдағы адам құқықтарының бұзылып жатқанына да аударуға тырысты.

Дүйсенбі күні АҚШ вице-президенті Джо Байден «Вашингтон Қытайдағы адам құқықтары жағдайымен келіспейді. әрі бұл елде қамалып жатқан белсенділер, адам құқын қорғаушылар, суретшілер мен журналистер. блогшылар мәселесін көтере береді» деді.

Адам құқын қорғаушылар мен америкалық заң шығарушылар Обама әкімшілігін Қытаймен байланыстарында басымдықты адам құқы мәселесіне, әсіресе Ху Цзиньтаоның жақында ғана өз оппоненттеріне қарсы қудалауды күшейте түскен жағдайға арнауға шақырды.

Олардың айтуынша, Бейжің соңғы кезде Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегідей халықтық толқуларды Қытайда болдырмау үшін еркін ойлы азаматтарды қатаң қыса бастады. Қытай соңғы айларда бірнеше диссидентті қамауға алды. Билікті сынаушы белгілі суретші Ай Вейвей де қамауда отыр.

Жай киім киген Қытай полициясының қызметкері шетелдік адам құғығн қорғаушылардың Тяньаньмэнь алаңында суретке түсуіне кедергі келтіріп тұр. Бейжің, 22 қараша 2010 жыл
– Біз адамдардың, оның ішінде қоғамдық белсенді заңгер, жазушы, суретші және басқа адамдардың қамалып, не жоғалып жатқаны жайлы хабарларды көріп отырмыз. Біз ұзақтан бергі тарихтан білетініміздей, адам құқықтарын сыйлаған қоғам көбірек өркендеп, тұрақтылық пен жетістікке жете алады, - дегенді айтты АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон бұл мәселеге байланысты.

Бірақ Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі «адам құқықтары мәселесінде ешбір ел керемет болып отырған жоқ» деді.

– Мен ешқандай да ел адам құқықтары жағдайында мінсіз болып отырған жоқ деп білемін. Ол мәселеде барлық елге сәйкес келетін бір саясат немесе үлгі жоқ. Себебі екі елдің өз айырмашылықтары бар. Қытай мен АҚШ-тың адам құқы мәселесінде өзіндік ерекшеліктері болады. Біз диалог арқылы өзара сенімімізді күшейтіп, ұстанымдарымыз анықтай аламыз, – деген Қытай өкілі, – Қытай АҚШ-пен келіссөздерінің өзара құрмет пен теңдік жағдайында болғанын қалайды, – деп қосып қойды.

Ал Қытай мемлекеттік кеңесшісі Дай Бингуо «Бейжің құқық мәселесінде алға басып жатыр» деп, АҚШ азаматтарын Қытайға келіп, нағыз қытай халқының достық қарым-қатынасын көруге шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG