Accessibility links

Мирзияевтің телефоны реформалар басы ма, көзбояушылық па?


Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстандағы президент сайлауы қарсаңында елдің президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, жұрт проблемаларын айту үшін телефон желісін ашып қойды.

Өзбекстанда президент сайлауы желтоқсанның 4-і күні өтеді. Сайлауға түсіп жатқан Мирзияевтің бұл әрекеті халықтың жаңа билікке деген үмітін күшейтті. Бірақ сарапшылар мұның шынайы реформаға бастайтынына күмәнданады.

Сайлау алдында ықпалын күшейтуге тырысқан Шавкат Мирзияев халықтың түрлі проблемаларын шешу үшін тегін телефон желісін ашты. Одан бөлек шағымдануға арналған пошта жәшігі бар.

БЮРОКРАТИЯ МЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАУ

Елді ұзақ уақыт билеген автократ басшы Ислам Каримовтің тұсында бюрократия мен жемқорлықтан жапа шеккен өзбектер енді бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Қарапайым тұрғындар сынған ұялы телефоннан бастап газ тапшылығына дейін мәлімдеп, ірілі-ұсақты мәселелер бойынша көмек сұрайды.

2003 жылдан бері премьер-министр болған, алдағы сайлауда жеңіске оңай жетеді деп болжанып отырған Шавкат Мирзияевпен тікелей байланыс орнатуға арналған жедел желі сайлау науқанының бір бөлігі тәрізді.

Өзбек және орыс тілінде хабар жіберуге болатын, Мирзияевтің суреті салынған pm.gov.uz сайтында «Шешілмеген мәселе, петиция, шағым немесе ұсынысыңыз бар ма? Оларды Өзбекстан премьер-министріне жіберіңіз» деп жазылған. Мұның сыртында, тұрғындар 1000 немесе 0-800-210-00-00 тегін нөмірлері арқылы қоңырау шала алады.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің табытын көтерісіп келе жатқан премьер-министр Шавкат Мирзияев. 2016 жылдың қыркүйегі.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің табытын көтерісіп келе жатқан премьер-министр Шавкат Мирзияев. 2016 жылдың қыркүйегі.

Қазанның 22-сі күнгі ақпарат бойынша, онлайн поштаға 70 мыңнан астам хат түскен, олардың ондаған мыңы әлі сонда жатыр. Бұл бастама әміршіл үкімет пен барлық жерді жаулап алған бюрократиядан мезі болған халықтың жүрегіне үміт ұялатты.

Бірақ бұның бәрі өмір сүруді жақсартып, адам құқығын қорғайтын шынайы реформа емес, сайлау алдында Мирзиявті қолдауға арналған популистік қадам деушілер де бар. Ташкенттік сарапшы Алмардон Аннаев: «Премьер-министрдің әрбір ұсақ мәселемен айналысамын дегені - далбаса. Тұтас жүйемен жұмыс істеуі керек» дейді.

1991 жылы Өзбекстан тәуелсіздік алған соң елді уысынан шығармай басқарған Каримовтің өлімінен кейін реформа болатын шығар деген үміт күшейді. Алайда Мирзияевтің Каримовке адал қызмет еткені, облыс әкімі болғанда қаталдығымен көзге түскені белгілі.

Бірақ премьердің жергілікті бюрократтарға қысым жасаймын дегені қазір халыққа ұнап тұр. Тікелей желі орнату арқылы ол Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетін қайталаған тәрізді, ресейліктер жылына бір рет президентке тікелей хабарласып, шағымдана алады, оның бәрі теледидардан көрсетіледі.

КӘСІПКЕРЛЕР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ШЕШІМ

Өзбекстан тұрғындарының көбі банкте қолма-қол ақшаның болмауы, ауызсу тапшылығы, ауылды жерлердегі электр мен су мәселесі, жаңа көлік сатып алу кезегін ұзақ күту сияқты көптеген нақты мәселерді айтып хабарласқан. Бұл туралы Азаттыққа шенеуніктердің бірі айтты.

Мирзиявтің Facebook парақшасында жедел желі арқылы мәселесі шешілген азаматтардың алғысы толып тұр. Оның бірінде ер адам дүкеннен ұялы телефон сатып алғанын, бірақ оның сынық екенін анықтаған кезде сатушының ақшаны қайтарудан бас тартқаны баяндалыпты. Мұнан соң ол қазанның 28-і күні «барлық талабым орындалды» деп қайыра хат жазған. Сатушы телефонды алып, ақшасын қайтарыпты.

Мирзияевтің Facebook парақшасында жұмысында қателік жіберген шенеуніктерге қарсы қабылданған шаралар туралы да жазылған. Мәселен, Ташкенттегі Тoshissiqlikquvvati жылыту компаниясының Мирабад ауданындағы филиал басшысы жылумен қамту мәселесін дұрыс шеше алмағаны үшін жұмыстан қуылғаны айтылған.

Жылуды қосу, лифтіні жұмыс істету сияқты мәселелер шешілсе де, азаматтық еркіндікке байланысты шағымдар елеусіз қалып жатыр.

Өзбекстан тұрғындары «мемлекеттік мекемелерді тамыр-таныстық пен жемқорлық жайлаған» дейді, билік оны да реттеуге тырысқан көрінеді. Мирзияев қазанның 27-сі күні «мемлекеттік мекеме басшылары күніне үш сағат уақыт бөліп, азаматтар мен бизнес қожайындарын қабылдап, мәселелерін шешсін» деген бұйрық берді.

Осының арқасында адамдар реніш пен наразылықтарын айта бастады. Мысалы, қазанның 28-і күні 5000-ға жуық бизнесмен мен кәсіпкерлер Ташкенттің «Истиклол» театрына жиналды. Қатысушыларға мемлекеттік мекемелерге жазбаша сұрақ жолдаңыздар деді, бірақ жиналғандар микрофон сұрады.

Бір қызығы, оларға расымен де микрофон берді, ондаған адам кезекке тұрып бюрократия, салық саясаты және басқа мәселелерге қатысты шағымдарын айтты. YouTube арқылы Мирзияевке тікелей бейнебаян жолдағандар да бар.

Қазанның 10-ы күні жарияланып, 500 мың адам қараған бейнебаянда ташкенттік кәсіпкер Олим Сулаймонов бас прокуратураның қаржылық қылмыспен күрес бөлімінің Юнусабад филиалы қызметкерлерінің үстінен шағымданған. Сулаймонов мемлекеттік телеарнадан өтетін бағдарламаға шақырылғанын және соттың оны айыппұл төлеуге мәжбүрлеген шешімін өзгерткенін Азаттыққа айтты. «Мирзияев маған ғана емес, Өзбекстанның барлық кәсіпкерлеріне көмектесті. Бұған дейін мүлдем жұмыс істей алмаған едік» дейді ол.

«МҰНЫҢ БӘРІ - КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ»

Өзбектердің біразы өтінішіне құлақ асатын билік табылғанына қуанып жүрсе, басқалары премьер-министрдің бұйрығы шықса да, мемлекеттік мекемелердің өздерін қабылдамай жатқанын айтады. Бастаманы сынаушылар «Өзбекстанға мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға арналған ауқымды реформа керек, 30 миллион тұрғыны бар елде әр мәселені жеке қарау өте тиімсіз» дейді.

Сарапшы Аннаев «Мыңдаған мәселені «қолмен шешу» үшін мыңдаған қол керек. Шынайы өмірде ол мүмкін емес. Мұның бәрін жүйе реттеуі керек» деді. Ал белсенділер «жылуды қосу, лифтіні жұмыс істету сияқты мәселелер шешілсе де, азаматтық еркіндікке байланысты шағымдар елеусіз қалып жатыр» дейді.

Өзбекстанға мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға арналған ауқымды реформа керек, 30 миллион тұрғыны бар елде әр мәселені жеке қарау өте тиімсіз.

Өзбекстан астанасы Ташкенттегі адам құқығын қорғаушылар альянсының өкілі Шухрат Рустамов бастаманы «көзбояушылық» санайды. «Билік адам құқығы мен демократиялық реформаларға қатысты ауқымды мәселелерді шешуі қажет. Біз интернет арқылы бірнеше хат жолдадық, бірақ ешқашан жауап алған емеспіз» дейді ол.

Ширек ғасыр билікте отырған Каримов оппозицияны тұншықтырды, билікті сынайтын БАҚ-тың үнін өшіріп, басқаша ойлайтындардан құтылу үшін қауіпсіздік күштерін пайдаланды. Оның билікті ұзарту әдісін Батыс елдері «демократиялық емес» деп сынады.

Мирзияев Каримовтің өлімінен соң билігін күшейтуге тырысып жатыр. Ол үкіметтегі басты қызметтерге өз одақтастарын қойды, бірақ елдегі саяси ортада еш өзгеріс байқалмайды.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG