Accessibility links

Өзбекстан мәжбүрлеп мақта тергізуді қашан тоқтатады?


Өзбекстанда жыл сайын мақта теруге бір миллионға жуық адам шығады.
Өзбекстанда жыл сайын мақта теруге бір миллионға жуық адам шығады.

Өзбекстанда жыл сайынғы мақта жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 550 мың тонна мақта мен дайын мата сатуға шарттар жасалып, келісімдердің құны 1 миллиард доллардан асқан. Алайда Өзбекстан халықты мәжбүрлеп мақта тергізуін тоқтатпай келеді.

Мақта жәрмеңкесі қазанның 12-сі мен 13-і күндері Ташкентте өткен. Жәрмеңкеде жасалған дайын тоқыма өнімдерін сату келісім-шарттарының жалпы құны 1 миллиард 32 миллион доллар болғаны хабарланды.

Өткен жылы Өзбекстан 700 мың тонна мақта мен дайын мата сатып, 800 миллион доллардан астам қаржы тапқанын ескерсек, биылғы пайданың одан көбірек екенін байқаймыз.

Бірақ Өзбекстан мақта бизнесін дамыту үшін тұрғындарын егістікке апарып, мәжбүрлеп жұмыс істетеді. Елдегі жүздеген мың азамат жыл сайын алқаптарға шықпаса, мақта жиналмайды. Мақта алқаптарында ондаған, кейде тіпті одан да көп адам аяқ астынан қаза тауып жатады.

Өткен аптада Азаттық Өзбекстан мен Орталық Азияның басқа елдеріндегі мақта жинау науқаны жөнінде дөңгелек үстел өткізді. Жиынды Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізді.

Германиядан бұл талқылауға өзбек белсендісі, тәуелсіз журналист және адам құқығы бойынша өзбек-неміс форумының негізін қалаушы Умида Ниязова қатысты. Орталық Азиядағы адам еңбегін мәжбүрлі қолдануға қарсы коалиция – «Мақта кампаниясының» үйлестірушісі Кирилл Бойченко дөңгелек үстелге Вашингтондағы Халықаралық еңбек құқығы форумы атынан қатысты. Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов та пікірін білдірді.

Өзбекстандағы мақта терімі.
Өзбекстандағы мақта терімі.

Ниязованың айтуынша, терімшілердің көбі - мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бірақ мақта алқаптарына студенттер, ұйым жетекшілері, әртүрлі кәсіби сала мамандары да барады. «Бұдан бөлек, әлеуметтік жәрдемақы алатын топтар, негізінен әйелдер мен балалар да мақта теруге қатысады» дейді ол.

Талқылау кезінде «Өзбекстанда қанша адам мақта жинау науқанына жұмылдырылады?» деген сұрақ та қойылды. Сауалға жауап берген Ниязова «Біздің дерек бойынша, (ең аз дегенде) бір миллион адам жыл сайын мақта теруге шығады» деп жауап берді.

Ал Свердлов «тұрғындарды осылай жаппай жұмылдыруды әскери жағдаймен салыстыруға болады» дейді.

Мақта алқабында жүрген адам үшін уақыт өтпейді. Көп адамдар таң атқаннан күн батқанша мақта жинайды. Қыркүйектің басында терім науқаны басталған кезде кейбір аймақтарда ауа температурасы 40 градустан асады.

Орындауға тиісті жоспар бар, мөлшерді шығара алмай жатқандарды жергілікті шенеуніктер жәбірлеп, күш қолдануға дейін барады. Қазіргі кезде Өзбекстан президенті міндетін уақытша атқарып отырған Шавкат Мирзияев та одан қалыс қалмапты.

«Мирзияевтің өзі де дәл солай істеген. 2000 жылы ол Жизақ облысының әкімі қызметін атқарғанда оқушылар мақтаны баяу терді деп математика мұғаліміне қол көтерген» дейді Свердлов.

Мақта терімі кезінде алқапта жүргендер ғана жапа шегіп қоймайды. Свердлов жақында болған қайғылы жағдайды еске түсірді. «Бірнеше күн бұрын жүкті әйел толғағы келіп ауруханаға барғанда дәрігерлер болмаған, жаңа туған сәби шетінеп кеткен» деді ол.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлері мақта теруге кеткен перзентханада бала шетінеді

Ниязова мақта терімі кезінде мектептердің де қаңырап қалатынын айтады. «Мұғалімдердің 80 пайызы мақта теруге кетіп, балалардың қасында бірнеше мұғалім ғана қалған мектептерді де көрдік» дейді ол.

Бойченко Түркіменстандағы жағдайдың да осыған ұқсас екенін айтты. «Мемлекеттік мекеме қызметкерлері жаппай жұмылдырылады. Тәуелсіз бақылаушылар мақта алқаптарына балалардың да барғанын хабарлады» дейді ол.

Әрине, жұмыс істегісі келмеген адам амалын табады. Ниязова «Мақта жинаудан құтылу үшін еркіндікті сатып аласыз. 20 күнге шамамен 100 долларға жуық ақша бересіз» дейді. Бойченконың айтуынша, Түркіменстанда да тура сондай жағдай. Оны қостаған Ниязова да бұл елдерде «мақта терімінен босау үшін ақша беру керек» деді.

Ниязова фермерлердің мақта өсіруге тиіс екенін, бірақ одан пайда көрмейтіндерін ескертті. «Мақтаны сатып алу бағасын үкімет белгілейді, фермерлер мақтаны тек үкіметке сатуға міндетті» дейді ол.

Мәжіліс қонақтарының барлығы Өзбекстандағы мақта науқанында жұртқа күштеп жұмыс істетуге қарсы күресіп келеді. Бірақ ол - ауыр міндет.

«Адамдарды мақтаға топтап апару советтік кезеңнен қалған» дейді Ниязова. Өзбекстан билігі мақта жинауды «ұлтқа қызмет ету» деп әспеттесе, мақтаның өзін «ақ алтынға» теңейді.

Өзбекстанның мақта теріп жүрген футболшылары. (Көрнекі сурет)
Өзбекстанның мақта теріп жүрген футболшылары. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан алқаптарындағы мәжбүрлеп мақта тергізу науқанына қарсы әрекеттер кейде табысты болып жатады. «Мақта кампаниясы» қозғалысы өкілдері жұртты мәжбүрлі еңбекке жегу тоқтамайынша, өзбек мақтасын сатып алмауға Батыс елдеріндегі бірқатар компанияларды көндірді. Осындай қысымнан соң өзбек билігі халықаралық бақылаушылардың мақта жинау кезінде елге келуіне рұқсат берді, бірақ баруға болатын облыстарды белгілеп берді.

Осындай қысымнан кейін Өзбекстанның мақта алқаптарында балалар еңбегін пайдалану да азайды. Бірақ енді олардың орнын мұғалімдер, дәрігерлер мен ата-аналар басты.

«2011 жылы Еуропарламент өте маңызды қадам жасап, өзбек мақтасын Еуропаға импорттау тарифін кемітуден бас тартты» дейді Свердлов. Ал Бойченко «өзбек үкіметі мәжбүрлі еңбекке қарсы санкция елге түсетін пайданы азайтатынын ұқса ғана жағдайды өзгертуі мүмкін» дейді.

Батыс мемлекеттері мен ұйымдарының қысымы арқасында Өзбекстанның мақта саясаты сәл де болса өзгерді. Бірақ Өзбекстан мақтасын сатып алушылардың көбі Батыс елдері емес.

2015 жылы Ташкентте өткен мақта жәрмеңкесінде өнімнің көбін Бангладеш, Қытай, Түркия, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Вьетнам, Польша, БАӘ, Чехия, Ұлыбритания, Иран мен Ресей сатып алған.

Ниязова жиынды «Мәжбүрлеп жұмыс істету мемлекеттік саясат болып саналатын басқа ешқандай ел жоқ, демек Өзбекстан жұртты күшпен еңбекке жегуді тоқтатуы керек және өзбек билігі адамдарды мақта алқаптарына мәжбүрлеп апармауы керек» деп қорытындылады. Мәжіліс Орталық Азиядағы осы және басқа да тақырыптарды жан-жақты талқылады.

Majlis Podcast: Uzbekistan And The State Cotton Plantation
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:35 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG