Accessibility links

Вашингтон Орталық Азияға жаңа жол іздейді


АҚШ мемлекет хатшысы Джон Керридің Астанаға сапарынан көрініс. Көрнекі сурет
АҚШ мемлекет хатшысы Джон Керридің Астанаға сапарынан көрініс. Көрнекі сурет

АҚШ-тың мемлекет хатшысы Джон Керри Орталық Азияның бес мемлекетінен келген сыртқы істер министрлерін Вашингтонда қарсы алып, C5+ 1 аталып кеткен жиын өткізіп жатыр.

Саяси-әскери ойыншы ретінде Ауғанстандағы рөлі азая бастаған шақта АҚШ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын қайта құруға талпынды. Вашингтон Орталық Азиямен сауда қатынасын жаңаша жандандырмақ. АҚШ-тың соңғы он шақты жыл ішінде бұл аймақта қалыптасып қалған Қытайдың экономикалық ықпалымен бәсекеге түсуі қиындау.

АҚШ Орталық Азия елдеріне адам құқықтарын құрметтеу қажеттілігі туралы әсерлірек ескерту жасап, демократиялық институттар құруға шақырады. Вашингтон Орталық Азия үкіметтерін демократиялық реформа жасауға 1990 жылдапры белсендірек шақырған. Бірақ 2001 жылғы қыркүйектің 11-і АҚШ-қа жасалған террорлық шабуылдан соң бұл аймаққа көршілес Ауғанстандағы контр-терроризм шараларына баса мән беруге мәжбүр болған. Кейбір сыншылар АҚШ-тың саясатын бұлай өзгертуі Орталық Азия елдерінің үкіметтері мен белсенділеріне ұнамай қалып, Вашингтонға қатысты көзқарасын өзгертті деп санайды.

Бұл жолы Джон Керри Орталық Азиядан келген бес сыртқы істер министрін аймақтық интеграция мен ынтымақтастықты күшейтуге үндейді. Бірақ Орталық Азиядағы шынайы ахуал мүлдем басқаша. Бұл бес мемлекет 1991 жылы Совет Одағы құлағалы бері бір-бірінен алшақтап барады. Сол себепті Вашингтон бес мемлекеттің әрқайсысымен жеке-жеке қарым-қатынас орнату жолын таңдауы да мүмкін.

ҚЫРҒЫЗСТАН

АҚШ бастаған көптеген Батыс үкіметтері үшін Қырғызстан әлі де Орталық Азиядағы демократия тамырлануы мүмкін ел болып көрінеді. Бұл елде келесі жылы президент сайлауы өтеді. Қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев бірнеше рет конституцияға сәйкес бір мерзімін атқарған соң қайта сайлауға түспейтінін мәлімдеген. Вашингтон барлық Орталық Азия елдерінде биліктің бейбіт түрде ауысуы мен конституциялық нормалардың сақталуын қалайды. Сол себепті Вашингтондағы кездесуде АҚШ өкілдері Қырғызстанның сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаевпен ұзақ келіссөз өткізуі ықтимал.

Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті

Жиын кезінде Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы болған қақтығыс кезінде этникалық азшылықтар құқығын қорғап жүріп сотталған белсенді журналист Азимджон Аскаровтың мәселесі де көтерілуі мүмкін. 2015 жылы АҚШ журналистің сотталғанын сөгіп, оған Адам құқықтары сыйлығын сырттай табыстаған. Бұған жауап ретінде Бішкек екі ел арасында 1993 жылы жасалған ынтымақтастық келісімін жарамсыз деп тапқан.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен болатын жеке кездесулерде негізінен экономикалық байланыс жайы талқыланатын сияқты. АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең ірі инвестициясы - Chevron компаниясының Теңіз кенішін игеруге қатысуы. "Теңіз-Шевройл" жобасы АҚШ пен Қазақстанның байланысына соңғы 20 шақты жыл бойы ұстын болып тұр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп отыр. Көрнекі сурет
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп отыр. Көрнекі сурет

Бірақ Қазақстан соңғы жылдары демократиялық реформа жасауда кері кетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өле-өлгенше билік басында қала беретіндей болып заңдарға түзетулер кіргізді. Мерзімінен бұрын өткен соңғы парламент сайлауына шынайы оппозициялық партиялар қатыстырылмады да, президентке бағынышты құрам қайта бекітілді. 76-ға толған Назарбаевтың анық мұрагері жоқ. Қазақстанның қазіргі жүйесінде жалпы көпшілік жаппай қолдап келесі президент етіп сайлайтындай тұлға және көрінбейді.

"АУҒАН ФАКТОРЫ"

Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанның сыртқы істер министрлерімен жеке-жеке жүздесулер басқа сипатта өтетіндей. Өйткені бұл үш мемлекетте тоңмойын басшы мен репрессиялық саяси жүйе орныққан. Үшеуінің де қауіпсіздігіне Ауғанстандағы тұрақсыздықтан қатер төніп тұр. Бұл үшеуі де АҚШ-тың Ауғанстанды біржола тастап шықпауына мүдделі.

Вашингтон біраз уақыт бұл үш елге Ауғанстандағы жағдай бойынша ақыл-кеңес беріп, әскери және инфрақұрылымдық көмек қылып келді. АҚШ Өзбекстанға 2015 жылы Ауғанстанмен шекарасын қорғау үшін минаға төтеп бергіш 300 әскери көлік берді.

Ислам Каримов, Өзбекстан президенті
Ислам Каримов, Өзбекстан президенті

Вашингтон бұл үш елдің үкіметтері түптің түбінде саяси реформаға ден қояды деген үмітіне негіз боларлық нышан көруге тырысады. Бірақ бұл үміттің ақталмауы мүмкін, өйткені үш елді де биліктен кетпеуге бекінген, саяси жүйені өзгертуге, оппозицияны қабылдауға ықылассыз басшылар билеп отыр.

Вашингтонда билік өкілдері Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Комиловпен америкалық GM компаниясының өзбек тарабымен бірлесіп машина жасау жоспарын талқыламақ. Бұл жобаға Өзбекстан тарабынан болған миллиондаған долларлық жемқорлық дауы көлеңке түсірген. Дауға қалған бірнеше өзбекстандық лауазымды тұлға сотқа тартылып жатыр. Бұл оқиға АҚШ компанияларының Өзбекстанға инвестиция салу ынтасын кеміте түсті.

АҚШ билігі құрсаулап тастаған Өзбекстанның 800 миллион долларлық активтері де әлі шешілмеген мәселе болып тұр. Бұл қаржыға Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың қатысы бар деп айтылады. Гүлнараның өзі бірнеше Еуропа елінде қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағылғасын Ташкентте үйқамақта отыр.

Әзірше Орталық Азияда қауіпсіздік бойынша Ресей, экономика бойынша Қытай басты әріптес саналады. Енді Вашингтон қауіпсіздік және сауда әріптестігі бойынша Орталық Азия елдеріне Мәскеу мен Пекиндікінен де тиімді шарттар ұсыну жайын ойлап жатыр.

XS
SM
MD
LG