Accessibility links

Анчески Қазақстанның Еуразиядағы орны туралы


Назарбаев пен Путин қол алысып турған фото плакат ілінген Төретамға кіре беріс жол. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Назарбаев пен Путин қол алысып турған фото плакат ілінген Төретамға кіре беріс жол. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Глазго университетінің зерттеушісі Лука Анчески Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанның сыртқы саясатына нео-еуразия идеологиясының ықпал етуі туралы айтты.

Глазго университетінің дәріскері, Орталық Азия бойынша сарапшы Лука Анчески нео-еуразияшылдық үдерісін зерттеу үшін Қазақстанға келген еді. Оның пікірінше, Украинаға қатысты оқиға кезінде Қазақстанның Ресейге күрт бұрылғаны байқалды. Ал интернетте Қазақстанның Ресей мен Беларусь кіретін Еуразия экономикалық одағына (ЕЭО) қосылу келісімшартын тоқтатуды талап ететін петицияға қол жинау басталды. Алматыдағы азаматтық белсенділер сәуірдің 12-і күні Еуразия Одағына қарсы форум өткізбек.

Азаттық: - Қазақстанның сыртқы саясатына нео-еуразияшылдық идеологиясының ықпалын зерттейтін ғылыми-зерттеу жобасына қатысып жатырсыз. Бұл ықпал Қазақстанның халықаралық деңгейдегі іс-әрекетінен қалай байқалады?

Лука Анчески: - Жаңа Еуразия Одағы, яғни қазіргі Қазақстан үкіметінің түсінігіндегі ұйым, постсоветтік Қазақстанды Еуразия маңындағы және оның ішіндегі жан-жақты интеграциялардың бір түйініне әкелген сыртқы саясаттағы құбылыс болды. Оны «көпвекторлық» сөзінің синонимі ретінде жиі қолданады, солайша сыртқы саясаттың нақты бір державаға байланысты емес екенін көрсеткісі келеді. Немесе ол екі жақты қарым-қатынасқа негізделген, бірақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орнына байланысты басқа аймақтарды да қамтиды дегенді білдіреді.
Лука Анчески, Глазго университетінің зерттеушісі. Алматы, 7 сәуір 2014 жыл
Лука Анчески, Глазго университетінің зерттеушісі. Алматы, 7 сәуір 2014 жыл


Оның ықпалын Астанадағы үкіметтің сөзінен байқаймыз, ол жақта үгіт-насихат күшті жүріп жатыр. Мысалы, Қазақстанды "Еуропа мен Азияның арасындағы көпір" дейді, Астананың суретін Еуразияның орталығы ретінде салады. Қазақстандағы нео-еуразияшылдықтың мәнін айқындайтын көпірме сөзді түсіну қиын. Сондықтан қазақстандық сыртқы саясат нақты еуразияшылдықты ұстана ма, әлде басшылық ұсынған прагматикалық мүддені көздей ме, нақты айту қиын.

Азаттық: - Экономикалық және мәдени ынтымақтастық үлгісі ретінде Еуразия Одағын құру идеясын алғаш рет 1990 жылдары президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Оны соңғы 10 жылда Ресей президенті Владимир Путин белсенді түрде қолдап келеді. Назарбаев Еуразия елдеріндегі экономикалық интеграцияға екпін жасайды, ал Путин идеяның саяси мәніне қызығатынын жасырмайды. Сіздің ойыңызша, Путиннің риторикасы Назарбаевтың осы идеяға қатысты көзқарасын қалай өзгертті?

Лука Анчески: Мен өзгертті деп ойламаймын. Мүмкін Қырымдағы оқиға Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) сияқты бастамаларға сынмен қарайтын тұрғындардың күдігін ұлғайтқан шығар. Бірақ Қазақстан үкіметі еуразиялық бағытын түбегейлі өзгертеді деп санамаймын.

ЕурАзЭҚ аясында функционалистік ықпалдастық (кедендер, банктер, валюталар) ауқымды саяси интеграцияға ұласуы мүмкін. Бірақ ол жақын арада бітетін шаруа емес. Оның үстіне, ЕурАзЭҚ деген ұғым қазіргі басшылықпен тығыз байланысты: биліктегі топтар ауысқанда бұл ұғымның мәні де өзгеріп, серіктестердің саяси ықпалдастыққа қатысты ниеті орындалмай қалуы да мүмкін.
Еуразиялық интеграция ұйымдары туралы толығырақ Азаттықтың арнайы мақаласын оқыңыз

Азаттық: - "Ұлы Ресейдің" идеологиялық қозғалысы ретінде нео-еуразияшылдық идеясы патшалық Ресейде де, СССР мен путиндік Ресейде де үнемі байқалып тұратын. Жаңа еуразиялық идея Украина дағдарысы кезінде және одан кейін, Қырымды аннексия жасағанда Ресей қоғамында қайтадан пайда болды. Қазақстандық қоғам ресейлік нео-еуразияшылдардың ынтасын қолдай ма? Бұл Астананың сыртқы саясатынан байқала ма?

Лука Анчески: - Осы зерттеу сапары кезінде Қазақстан үкіметінің ЕурАзЭҚ-қа қатысты ынтасын қолдамайтын жұрттың пікірін көп естідім. Сондықтан Мәскеу мен Астана арасындағы ресми нео-еуразияшылдық ұмтылыстарды біржақты бағалауға болмайды. Ең қызығы, Қазақстанда сыртқы саясат мәселесі кеңінен талқыланады. Бұл халықтың санасының жетілгенін, саяси оқиғаларды түсінетінін көрсетеді. Бірқатар мәселелерге қатысты қызу пікірталастар бар. Бұл үрдіс Орталық Азияның басқа елдерінде болып жатқан жағдайлармен салыстырғанда, Қазақстанға қатысты оптимизмді күшейтеді.

Үкіметке жеткен стандартты сын – Путиннің түсінігіндегі жаңа империялық мақсатқа сай болу. Қазақстандық нео-еуразияшылдық постсоветтік кеңістікте Мәскеумен жаңаша ықпалдасудан басқа бағытты таңдау ретінде пайда болды. Бірақ қазір сол бастапқы импульс ұмытылған сияқты. Халықтың басым бөлігі осындай ішкі қайшылыққа реніш білдіріп, үкіметтен сыртқы саясатты қайта қарауды сұрады. Бұның соңы осындай өзгеріске ұласа ма, жоқ па – білмейміз. Бірақ Еуразиядағы Қазақстанның орны туралы пікірталас ұлттық даралық мәселесімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл тақырып әлі ұзақ уақыт саяси пікірталас алаңының ортасында қала береді.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбатты аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG