Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 05:47

МӘДЕНИЕТ

Бақыт пен Сағадат ақындардың айтысы

Азаттық радиосы тыңдарманға «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы қызықты сөз сайысының бірі болған Бақыт Жағыпарұлы мен Сағадат Нұрмановтың арасында болып өткен жыр додасын ұсынады.

Айтыскер ақындар Сағадат Нұрманов (сол жақта) және Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
x
Айтыскер ақындар Сағадат Нұрманов (сол жақта) және Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

Бақыт пен Сағадат ақындардың айтысының аудиосы мына жерде

Алматыда биылғы наурыздың 21-22 күндері өткен айтыстағы қоғамдық мәселені көтеру жағынан Бақыт Жағыпарұлы мен Сағадат Нұрмановтың айтысы жұрт көңілінен шықты.

Айтысты бастаған Бақыт Жағыпарұлы ә дегеннен қазақ қоғамындағы шетін мәселелерді өлең сөзбен көтерді.

Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
«Болғанда тәуелсіздік төрің ғажап,
Кең алқап, шалқып жатқан жерің ғажап.
Қасқайып дұшпанына бас имеген,
Өр түрік, көкбөрі еді-ау тегің қазақ.

Бірақ та жер иесі біз емеспіз,
Кәрістер иемденіп, кенін қазады.
Өзгесі алтын, мырыш, көмір қазады.
Көздеріне қан толған ұйғыр, шешен,

Қазақтың басын кесіп, көрін қазады.
Өз елінде өзгеге бодан болған,
Ассалаумағалейкум, момын қазақ».

Алматы облысы, Райымбек ауданының Шалкөде ауылында дүниеге келген Бақыт Жағыпарұлы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Қазір Қазақ радиосының қызметкері.

Бақыт Жағыпарұлы мен марқұм айтыскер Оразалы Досбосынов екеуі бір ұстаздың шәкірттері, әрі жерлестер. Қос ақынның ұстазы Қасен Саматыров. Олар жасынан Таңжарық пен Қойдымның, Жамбыл мен Айкүмістің айтыстарын жаттап, санаға сіңіріп өскен.

Бақыт Жағыпарұлы 1992 жылы Шарғын ақынның құрметіне арналған айтыста ат мініп, айтыстағы алғашқы жүлдесін қанжығасына байлаған. Ал 2004 жылы наурызда Талдықорған қаласында ақын Сараның құрметіне өткен айтыста Біржан сал атындағы сыйлықты иеленген.

Көрермендердің көңілінен шыққан айтысы ретінде әр кездегі республикалық айтыстардағы Бауыржан Халилолламен және Серікзат Дүйсенғазинмен болған сөз сайыстарын атап өтуге болады.

Ал, Атырау облысынан келген айтыскер Сағадат Нұрманов өз кезегінде Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығы жырға қосты.

Айтыскер ақын Сағадат Нұрманов. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
«Сөз айттың, Бақыт аға асқаралы,
Отырсың тереңіңнен тастағалы.
Езілген елдің рухын көтерем деп,
Жаңаөзен дүрліктірді Астананы.

Бар бәле мұнайда емес, теңсіздікте,
Ойласам оны көзден жас тамады.
Ал, енді осыларды бай-манаптың,
Балалары жоғарыдан басқарады.

Қаймана қазағына тиын төлеп,
Өздері уыс-уыс ақша алады.
Мұң айтып, мұнайшысы келе қалса,
Тыңдамай бетін басып қашқан әрі.

Бұл үшін соттаймын деп, оттап сөйлеп,
Қорқытып талтаңдайды өзгелері.
Бұдан соң халық қалай толқымайды,
Көрген соң көз алдында масқараны.

Билігім ұлтымды емес, құлқынды ойлар,
Алаштың лайланды асқақ ары».

1977 жылы 29 сәуірде Атырау облысы, Исатай ауданында дүниеге келген Сағадат Нұрманов бала кезінен оқушылар арасында облыстық айтыстарда топ жарған. 2005 жылдан бастап республикалық айтыстарға қатысып, көкейкесті мәселелерді жырына арқау етіп, жүлделі орындар алып келеді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Алматы Қайдан: Алматыдан
08.04.2010 16:29
+0 / -0
"Біздің батыстың ақындарын шығармайсыңдар ма?" деп ер-тоқымын бауырына алып тулағандар неғып мына айтысты тыңдап, пікір жазбаған. Әлде жершілдік сезімдеріңіз тез өшті ме? Бір қазақты жердің бағытына қарай бөлгенді қою керек қой. Бәрі қазақтың ақындары. Анау ана жерден, мына жерден деп бықсығанша, ақындар көтеріп отырған мәселеге қатысты пікір айту ләзім. Жалған намыс жарға жығады.

Кімнен: Батыс Қайдан: Батыс
09.04.2010 11:05
+0 / -0
Құрметті Алматылық бауырым! Сен дұрыс түсін, соңғы уақытта батыс өңірден республикалық ақындар айтысына көп ешкім қатыспайды. Себебі, батыс өңірінен келген ақындарды қазылар алқасы жеңіп тұрса да анау оңтүстіктің ақындарына жығып береді. Сондай әділетсіздікке төзбеген олар, сценарий бойынша өтетін Жүрсіннің айтысын пысқырмайды да. Сондықтан да батыстан шыққан 1-2 ақын қатысса оның несін күндейсіндер. Батыстың жігіттерінің тік мінезді болып келгенімен, оңтүстіктегілер сияқты "құшақтап тұрып, төс қағыстырып арқадан қанжар сұқпайды".

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
09.04.2010 11:54
+0 / -0
Құрметті редакция! Айтыс қайда? Тоқтап қалды ғой. 2 күннен бері сайтқа шықпай қалды қалған жұптардікі.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
09.04.2010 15:27
+0 / -0
Азаттық радиосы! Мына айтыстың жалғасы жоқпа? Финалға шыққан немесе қалған жұптардың айтысы қайда? Неге сайтқа берілмей жатыр?
Пікір алмасу

Кімнен: Модератор
11.04.2010 17:50
+0 / -0
Құрметті оқырман, қырғыз жұрты боздақтарын жоқтап, қайғыдан қан жұтып жатқан күндері Айтысты тоқтата тұрайық деген едік. Алдағы күндері Айтыстың қалған жұбы шығарылады. Рақмет.

Кімнен: Дәнеш Қайдан: Талдықорған
07.05.2010 10:44
+0 / -0
Құрметті редакция, қырғыз жұрты боздақтарын жоқтап болған шығар. Енді айтыстың жалғасын неге бармейсіздер. Балғынбек пен Айбектің айтысы тамаша болды емес пе? Ана екі жас бала Мейірбек пен қарсыласының атын ұмыттым, соларды неге бермеске? Серікзат пен Сараның айтысы керемет болған сияқты еді. сіздерде не саясат бар? айтыстың бірін беріп бірін бермейсіздер. Өйтіп жұлым-жұлым қылған өнерде не құн қалады? Осыған жауап беріңіздерші?