Accessibility links

Әлихан Бөкейхан үкім шығарылған күні-ақ атылған


Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.
Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде сотталып, сол жерде атылған. Бірақ та, ССРО НКВД-КГБ-сының құқықтық мирасқоры болып табылатын Ресейдің арнаулы қызметі оның жерленген орынын айтпай отыр.

МҰРАҒАТТАН ТАБЫЛҒАН ОЛЖА

Соңғы екі ғасырдағы Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысы тарихында шоқтығы биік екі тарихи тұлға бар. Оның әрқайсысы екі түрлі тарихи кезеңде қазақтың ұлт-азаттық күресін басқарды және екеуіне де туған жердің топырағы бұйырмады.

Біріншісі – Кенесары хан, ол туралы Азаттық радиосы тілшісінің Санкт-Петербургке барған сапарының қорытындысы бойынша жазылған алдыңғы мақалада әңгімелеген болатынбыз. Екіншісі - Әлихан Бөкейхан. Кенесарының бас сүйегі Ресейде жоғалған, ал, Әлихан Бөкейханның ресми құжат бойынша Мәскеуде сотталып, сол жерде атылғаны және сонда жерленгені, не ГУЛАГ-тың көптеген мекемелерінің бірінде қалғаны беймәлім.

Азаттық тілшісінің Санкт-Петербургке барғандағы мақсатының бірі – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне және де 1937 жылдың қыркүйегінде тұтқындалып, ату жазасына кесілгеннен кейінгі тағдырына қатысты мұрағаттық және басқа да құжаттарды іздеу еді.

Күткеніміздей-ақ, бұрынғы Императорлық орман институтының, қазіргі Киров атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық академиясының мұрағаты сақталып отырған Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаттан (ОМТМ) Әлихан Бөкейханның осы оқу орнында оқығанына қатысты бірқатар жаңа құжаттар табылды.

Нақты айтқанда, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның С.-Петербург орман институтына студент етіп қабылдау туралы 1890 жылғы 20 шілдеде өз қолымен жазған өтініші. Өтініштің астына «Техник Әлихан Нұрмұхамедов Сұлтан Бөкейханов» деп қол қойылған.

Мұстафа Шоқайдың студенттік жылдарында түскен суреті табылған еді, сол секілді Әлихан Бөкейханның ісінен де суретін табамыз ба деп үміттенген едік, бір де бір фотоқұжат жоқ болып шықты. Ал, өзінің өтінішінде ол басқа да қажетті құжаттармен бірге «екі фотографиялық кәртішкесін» қосқанын жазған екен.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның Петербордағы Императорлық орман институтын 1894 жылы тәмамдағаны туралы аттестат (диплом). Петербордың мемлекеттік тарихи мұражайы. Қыркүйек, 2009 жыл.
Осы істе сақталған жаңа маңызды құжаттардың екіншісі – құжаттың өзінде жазылғандай «Әлихан Нұрмұхамедұлы Сұлтан Бөкей-Хановтың» С.-Петербург Орман институтын бітіруі және оған екінші дәрежелі ғалым-ормантанушы атағының берілуі туралы аттестат.

Бұл жерде түсіндіре кетер бір жайт – «сұлтан» деген сөз оның атын немесе әкесінің атын білдірмейді, ол сөз оның биік атағын, қазақтағы төре руы бастауын содан алатын Шыңғысханның тегіне, Жошыханның тұқымынан тарайтындығын білдіреді.

Ары қарай Әлихан Бөкейханның ісінде оның биографиясын айтарлықтай толықтыратын, қазақтың болашақ ұлт көсемінің сипаты мен мінез-құлқын ашуға көмектесетін тағы бірқатар құжаттар бар. Бірақ, біз оның өміріндегі одан да маңызырақ тұсына тоқтағымыз келеді. Нақты айтқанда, әңгімемізді Әлихан Бөкейханның тұтқындалып, ату жазасына кесілгеннен кейінгі уақытқа арнамақпыз.

Тұңғыш рет Азаттық радиосының сайтында жарық көріп отырған құжаттардың көпшілігі КСРО НКВД-КГБ-сының құқықтық мирасқоры болып табылатын Ресей Федерациясы Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) мұрағатына тиесілі.

Аутор Отан тарихының ең бір қанды кезеңдеріне қатысты осы құжаттарға қол жеткізуге септескені үшін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына алғыс білдіреді. Сондай-ақ аутор құжаттардың көшірмесін тікелей әкеп тапсырған Қазақстан ҰҚК-нің қызметкері Василий Полуляхқа алғыс білдіреді.

Дей тұрғанмен, жарты ғасырдан астам уақыт ешкімге көрсетілмей келген осы құжаттарды (ФҚҚ жолдаған құжаттардың бірқатары тек оқып-танысуға ғана берілгенін айта кетейін) өзінің мұрағатынан суырып берген Ресейдің арнаулы қызметі ең басты да соңғы құпияны жасырып қалды. Бірақ, бұрынғы НКВД-КГБ-ның бұл құпиясына сәл кейінірек тоқталамыз.

ТҰТҚЫНДАУ ЖӘНЕ ТІНТУ

Тарихқа кіріспеден бастайын. 1922 жылдың қазанынан 1937 жылдың 27 қыркүйегіне дейін Алаш-Орда ұлттық-аумақтық аутономия үкіметінің бұрынғы басшысы Әлихан Бөкейхан (ол өзінің 1927 жылы жарық көрген соңғы ғылыми еңбегінде аты-жөнін дәл осылай көрсеткен) Мәскеуде тұрған және жұмыс істеген.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды тұтқындау пәтерінде тінту жүргізу туралы берілген ордер. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 жыл.
Ол Мәскеуге Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің тікелей нұсқауы бойынша айдауылмен алдырылған. Бірақ, бір қызығы – оны Мәскеуде абақты емес, Үлкен Кислов қиылысындағы 4-ші үй, 15-ші пәтер деген мекен-жайдағы жеті бөлмелі пәтер күтіп тұр еді.

Тарихи деректер бойынша, кезінде бұл үйді граф Шереметьев өзінің басқарушысына тарту еткен екен. Бұл үйде Қазан төңкерісінен кейін сонау 1930 жылдарға дейін совет өкіметінің көсемдері тұрған, кейінірек барып олар Кремльге ауысқан. Әлихан Бөкейхан тұтқындалған кезде жеті бөлмелі ол пәтер жекелеген жеті коммуналды пәтерге айналып үлгерген болатын. Айтпақшы, олар қазір де бар.

Әлихан Бөкейхан соңғы рет тұтқындалып, 1937 жылғы 26 шілдеде Бутырка түрмесіне жабылған, мұны ФҚҚ мұрағатының бірінші құжаты – №3640 ордер растайды. Оның пәтері, нақтырақ айтқанда, сол пәтерден қалған бұрыштағы бөлмеге тінту жүргізілген.

Оның жан-жақпен, яғни, Алаш ұлттық қозғалысындағы, Сібір мен Қазақстанда земство енгізу жөніндегі қозғалыстағы адамдармен, сондай-ақ әріптестерімен, С. П. Швецов, С. Ф. Ольденбург, С. И. Руденко және басқа да орыс-совет ғалымдарымен, оның ішінде «әлемдік пролетариат көсемінің» жақын досы В. Д. Бонч-Бруевичпен жазысқан хаттарының барлығы оның «қылмыстық әрекетінің» дәлелдемесі ретінде алынған.

Сонымен қатар, біріншіден, оның бай кітапханасы, ал, екіншіден, оның әйтеуір бір жарық көрер деп үміттенген қазақ тарихы, әдебиеті, тілі бойынша жазған жаңа ғылыми зерттеулерінің, әдеби және басқа да аудармаларының қолжазбалары тәркіленген.

Тәркіленген мүлікті, ең бастысы – Әлихан Бөкейханның кітапханасы мен қолжазбаларының ізін табу мүмкін емес. Ол жылдары тұтқындалған адамның құнды заттары мен мүлкін НКВД қызметкерлері бөліп алатын, бұл олар үшін әдеттегі іс еді.

СОҢҒЫ СӨЗ

Келесі құжат – тұтқынның анкетасы. Ондағы жазбаларды жоғарыда айтылған өтініштегімен («сұраудағымен») салыстырсақ, онда бұл
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 жыл.
құжатты Әлихан Бөкейханның өз қолымен толтырғанына еш күмән қалмайды. Анкетадан біз Әлиханның өзі және оның 1917 жылдан бері қарайғы қызметі, сондай-ақ, оның балалары туралы біршама ақпарат ала аламыз.

Қазақстан ҰҚК мақала ауторына барлық құжаттың көшірмесін түгелдей бере қоймады. Жауап алу және соттық тергеу хаттамалары секілді бірнеше маңызды құжаттар бір қарауға ғана ұсынылды, рас, одан қолмен көшіріп алуға болар еді.

Соттық тергеу хаттамасынан көретініміз – Әлиханнан 1937 жылы билікте болған Қазақстан басшыларымен байланысы туралы ақпарат алғысы келген. Олармен байланысы болғанын «мойындаудың» арты не болатыны айтпаса да түсінікті.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 ж.


НКВД тергеушілерінің айлап жүргізген азапты тергеу-жауап алулары да, «үштіктің» жүйке тоздырар соттық мәжілісі де, егде тартқан жасы да Әлихан Бөкейханның рухын сындыра алмады. Ол тек бір нәрсені ғана шынайы да ашық мойындады.

Үкім шығарар алдында берілетін соңғы сөзде өзін кінәлі етіп, жазаға кесетіндеріне күмәні болмаған Әлихан Бөкейхан ешқандай өкінішті де, аяушылық сұрауды да білдірмейтін қысқа, бірақ, мағынасы терең ақтық сөзін айтты: «Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!» Осы сөзді айтқан сәтте ол 72 жаста еді.

АТУ ЖАЗАСЫ

Сөйтіп, нақақтан нақақ талайдың көз жасын төккен ССРО Жоғарғы соты Әскери алқасындағы атышулы «үштік» 1937 жылғы 27 қыркүйекте әбден үйреншікті, жаттанды болған үкімдерінің бірін шығарып, Әлихан Бөкейханды «ең жоғарғы қылмыстық жазалау шарасы – ату жазасына» кесті.

«Советше әділетті соттаудың» сол актісіне үңілсек, бір нәрсені байқау қиын емес – Мәскеуде өткен жабық сот мәжілісінде төрағалық етуші «Дивизиялық әскери заңгер Голиков жолдастың, сот мүшелері: Бригадалық әскери заңгер Ждан жолдастың және 1-інші дәрежелі Әскери заңгер Кандыбин жолдастың, және де хатшы,
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды ату жазасына кесу туралы ССРО Жоғары Соты Әскери алқасының 1937 жылы қыркүйектің 27-сі күні шығарған үкімінің көшірмесі. Сот үкімі сол күні орындалған. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 ж.
2-інші дәрежелі әскери заңгер Кудрявцев жолдастың», сондай-ақ сотталушы Бөкейханның аты-жөндері машинкада басылған, ал, үкімнің мазмұны қолмен жазылған: айдақ-сайдақ шимайлай салған.

Осыдан көретініміз – құлаққа жауыр болған «Халық жауы» деген 58-бап бойынша ату жазасына соттау науқанды күнделікті іске айналғанын дәлелдейді.

Бірақ, сталиндік режим істеген сорақылықтар мұнымен де бітпейді. Енді ФҚҚ мұрағатындағы соңғы құжатқа мән берейік.

«Құпия» белгісі қойылған анықтамада былай делінген: «Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлын ату жазасына кесу туралы үкім 1937 жылы 27 қыркүйекте Мәскеу қаласында орындалған. Үкімді орындау туралы акт ССРО НКВД-сы 1-інші арнаулы бөлімінде сақтаулы: № 2 том, № 283 бет. ССРО НКВД-сы 1-інші арнаулы бөлімнің 12-інші бөлімшесі мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Шевелев. Қолы».

Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылғы 27 қыркүйекте шығарылған және тура сол күні – 1937 жылғы 27 қыркүйекте орындалған. Тіпті, қай жерде, қай қорымда немесе қай ортақ зиратта жатқаны беймәлім. Ресейдің ФҚҚ бұл сұраққа байланысты ешқандай мәлімет бермейді.

Осылайша қазақ ұлттық қозғалысының тағы бір көсемінің сүйегі ізім-ғайым жоқ болды. Десе дегендей, сталиндік қуғын-сүргін мыңдаған қазақстандықтың басын жұтты. Адамы тұтқындалмаған, жер аударылмаған және абақтының адам төзгісіз күйін көрмеген бір де бір отбасы қалмады десе де болады. Мыңдаған адамның сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Тәуелсіздік алған Қазақстанда сталиндік қуғын-сүргіннің шындықтарын іздеу жекелеген ғалымдар мен ынталылардың бастамасымен ғана шектелуде. Коммунистік жүйенің ашықтан ашық жасаған қылмысы жазасын алған жоқ.
XS
SM
MD
LG