Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 05:58

ҚАЗАҚСТАН

Түрмеде қаза болған мұсылманның әйелі оның азапталғанын айтады

Ақтөбе облысының Шұбаршы ауылында жақын-жуығы Азамат Кәрімбаевты ақтық сапарға шығарып салды. «Терроризм» айыбымен сотталған ол желтоқсанның 23-күні Арқалық түрмесінде көз жұмған еді. Туыстары марқұмның денесінде жарақат іздері барын айтады.

Мәтін көлемі - +

ТҮРМЕДЕГІ ЖҰМБАҚ ӨЛІМ

2009 жылдың 28 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбаршы кентінде осыдан үш ай бұрын «терроризм» ісі бойынша айыпты деп танылып сотталған алты адамның бірі Азамат Кәрімбаев жерленді. Ол 23 желтоқсанда Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болған-ды. Арқалық қаласының прокуратурасы Азаттық тілшісіне Азамат Кәрімбаев өлерінің алдында ақтық сөзін хатқа жазып қалдырып, күре тамырын қиып өзіне-өзі қол салған деп мәлімдеді.

2009 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының әртүрлі елдімекендерінде тұратын алты адам «террорлық акциялар ұйымдастырмақ болған-мыс» деген айып бойынша сотқа тартылып, 10 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасына кесілген болатын.

Сот Шұбаршы ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты «террорлық топтың жетекшісі» деп тапты.

Азамат Кәрімбаев ресми тіркелген мешіттерден өздерін бөлек ұстайтын азғантай ғана мұсылман қауымының өкілі еді. Жергілікті баспасөзде Азамат Кәрібаев пен оның серіктеріне «уахабшылдар» деген айдар тағылды.

Азаттық радиосының тілшісі желтоқсанның 27-күні Ақтөбе қаласынан 220 шақырым жерде орналасқан Шұбаршы кентінде марқұмды жерлеу рәсіміне қатысты. Тілшіміз алдымен жолай кездескен көлікке мініп Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласына, сол жерден өзге машинаға отырып, әбден тозығы шыққан көлік жолдарымен жүріп Шұбаршыға жетті.

Азамат Кәрімбаевтың оң қолындағы жарақат іздері. Әйелі бұл оның азапталғанының белгілері дейді. Шұбаршы кенті, 27 желтоқсан 2009 ж.
Азамат Кәрімбаевты жерлеуден бір күн бұрын туыстары марқұмның денесін Арқалық қаласынан көлікпен жеткізді. Азаматтың бауырлары журналистке сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал марқұмның жесірі Айман Кәрімбаева болса, керісінше, күйеуінің мәйтінідегі жарақат іздерін суретке түсіріп алуды сұрады.

Азаттық тілшісі жесір қалған әйелмен, оның үлкен қызы Құралаймен және бірнеше діндар адамдармен бірге мәйіт жатқан бөлмеге кірді.

Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамасынан кейін тігіліпті. Ал, іштің оң жақ бүйірі үп-үлкен боп көгеріп қалған. Қолдың саусақтарында үшкір қарудан қалған жарақат іздері көрінеді. Сол
Азамат Кәрімбаевтың сол қолында терең тілік пен үшкір қарудан қалған жарақат іздері байқалады. Әйелі бұл оның азапталғанының белгілері дейді. Шұбаршы кенті, 27 желтоқсан 2009 ж.
қолында терең тілік бар екен, ал шынтақтың ішкі жағында ине салғаннан кейін қалатын секілді тесік байқалады.

Марқұмның жесірі Айман Кәрімбаева Азаттық радиосына тек мынаны ғана айтты:

– Менің күйеуімді Арқалық түрмесінде өмір бойғы жазаға кесілгендер отыратын жалғыз адамдық камераға қамаған. Ол камерада бейнебақылау камерасы орнатылған. Оны діннен бас тартуға көндірмек болып қатты азаптаған. Күйеуімнің денесінде азаптағаннан қалған іздер бар. Ішінің тұсы көгеріп қалған, ал қолына қарасаң оны инемен піскілеген тәрізді іздер көресің. Мәйітке сараптама жасағанымен оның алдын ала қортындысын әлі ала алмай отырмыз.

Айман Кәрімбаева өз күйеуін түрмеде азаптап өлтірген деп санайды. Оған дәлел ретінде көптеген тұсында көгерген таңба қалған марқұмның мәйітін көрсетеді.

АЗАМАТ КӘРІМБАЕВ ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАН ЕДІ?

Көзінің тірісінде дәнекерлеуші кәсібімен отбасын асыраған Азамат Кәрімбаев бұрын қытайлық мұнай компаниясында жұмыс істеген. Алайда ол жерде қытайлық жұмысшылардың қазақстандықтармен салыстырғанда жалақаны 4-5 есе көп алатынына наразылық білдіріп, 2004 жылы арыз жазып, жұмыстан кеткен.

Өмірінің соңғы жылдары ол дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бірақ, сонымен бірге, ауылдастары оны кішігірім діни қауымдастықтың жетекшісі ретінде де танитын.

Өз есімін атағысы келмеген Шұбаршы кентінің тұрғыны Азаттық радиосының тілшісіне марқұм туралы былай деді:

– Азамат Кәрімбаевты көптеген тұрғындар әділеттілігі үшін қатты силайтын. Тек қана шындықты айтушы еді. Еңбекқор, қолы алтын азамат болатын, берген ақшаңды алмайтын, кедей-кепшікке көмектесетін. Ауыл тұрғындарына арнап мешіт салды. Мұсылмандар оған көмектесті. Екі апта жұмыста болып, екі апта мешіт соқты. Бүкіл тапқан ақшасын мешіт салуға жұмсады. Билік Азамат Кәрімбаевтан наразы халықты ереуілге бастап шыға алатын адам ретінде қауіптенді. Біз мұнайға бай аймақта тұрамыз, ал жұрт болса күнін әрең көріп жүр. Тәуелсіздік алған он сегіз жылдың ішінде ең құрығында дұрыс жол да салған жоқ. Жолдар емес, кілең шұңқыр. Мұнайдың ақшасы қайда кетіп жатыр? Азамат Кәрімбаевтың өзі-өзі өлтіргеніне сенбеймін. Мұсылман ондай әрекетке бармайды.

Облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Шұбаршы кентіне көлік 5-6 сағат жүріп жетеді. Кентке бару үшін ойдым-ойдым болып әбден тозығы шыққан негізгі жолмен емес, оған жапсарлас ылдидағы дала жолымен жүруге тура келеді.

«Терроризм ісі» бойынша сотталған Еркін Досқалиевтің әйелі Жайнагүл Айдапкелова. Ақтөбе, 24 қараша 2009 ж.
«Терроризм ісі» бойынша сотталған алтаудың бірі Еркін Досқалиевтің әйелі Жайнагүл Айдапкелова Азаттық тілшісіне мынаны айтып берді:

– Азамат Кәрімбаев өз қолымен мешіт салған еді, ісіне билік араласып, оған жала жапты. Ол намазға жығылуға басқа мешітке баруға мәжбүр болды. Ол азапты ажал құшты. Біз оның келбетінен нұрлы күлкінің табын байқадық.

Жайнагүл Айдапкелованың айтуынша, азғантай ғана мұсылман қауымының өкілдері қуғын-сүргін көріп келеді, оларды діннен бас тартуға мәжбүрлейді. Ол қауымдастыққа мүше діндарларды қасақана өлтіру Азамат Кәрімбаевтың өлімімен бітпеуі мүмкін дейді. Жайнагүлдің күйеуі Еркін Досқалиев «терроризм» айыбы бойынша 13 жылға сотталған, қазір ол жазасын Ақтөбедегі КА/169 түрмесінде өтеп жатыр. Жақын арада оны белгісіз себептермен басқа түрмеге ауыстырмақшы екен.

АЗАМАТ КӘРІМБАЕВТЫ ЖЕРЛЕУ

Ауыл тұрғындарының айтуынша, арнаулы қызмет өкілдері екі күн бойы Азамат Кәрімбаевтың үйін бақылауға алыпты. Марқұмды жерлеген күні оншақты адам жиналды. Марқұмның үйі мен көршілес үйлерде жаназа малы сойылып, қонақасы берілді. Көрші-қолаң мен
Азамат Кәрімбаевты жерлеуге жиналған жұрт жаназа намазында тұр. Шұбаршы кенті, 28 желтоқсан 2009 жыл.
таныстар, сондай-ақ Шұбаршы кентінің әкімі Роза Сатанова бастаған әкімшілік қызметкерлері марқұм Азамат Кәрімбаевтың отбасына көңіл айтты.

Жерлеуге жиналған жамағат Азамат Кәрімбаевтың жаназасына қол жайып, дұға қылған соң марқұмның денесін оншақты автокөлікпен жергілікті зиратқа алып кетті. Мұсылман дәстүрі бойынша, жерлеуге ер азаматтар қатысып, әйелдер қаралы үйде қалды. Азамат Кәрімбаевты әжесінің зиратының жанына қойды.

Марқұмның жары Айман Кәрімбаева үш баласымен жесір қалды. Ол күйеуі Азамат Кәрімбаевты азаптаған және оның өліміне қатысы болғандарды жауапқа тартқызу үшін соңғы мүмкіндігі қалғанша күресуге бел буып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, билік орындары тұтқын Арқалық түрмесінде өзіне-өзі қол салды деп мәлімдеген болатын. Азамат Кәрімбаев жұмбақ жағдайда қаза табардан үш ай бұрын ғана сотталған еді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: zxr9433
30.12.2009 07:10
+0 / -0
Аллаһ ағамызды мейіріміне бөлесін, әмин

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
30.12.2009 08:55
+0 / -0
Ағамыздың тәні өлгенмен, жаны өлген жоқ! РУХЫ....

Кімнен: bokky Қайдан: hetay
30.12.2009 09:31
+0 / -0
ай,ай, ен даланы ел жайламай не жайлады ? парақорлық,атып-шабу, зорлық-зомбылық,өтірік,жалақорлық..
балық басынан шрып жатса,елге ұлгы болып, жол корсетер азаматтар тұншықтырылған,тұрмеде жатқан не қолында ұқық жоқ, қауқарсыз !!!
не болады ертеңың сеның ?!
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
30.12.2009 23:46
+0 / -0
aidalada otyryp baibalam salmai oter bauyrym

Кімнен: Мен Қайдан: *****
30.12.2009 10:30
+0 / -0
Қаскөйлердің көздегені қайтседе діннен бас тартқызу, мұсылмандардың сағын сындыру ғой.
"Бір заман туады, менің сүннетімді ұстану - қолға қызған шоқты ұстаудан да қиын болады" деген хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сол заман келген сияқты...

Кімнен: Асан Қайдан: Алматы
30.12.2009 11:15
+0 / -0
Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы салауат болсын. Алла жетімдерін жебей жүргей!

«Қайнайды қаның, ашиды жаның» деген осы екен-ау. Діни төзімділік, толеранттылық деп сайрайтын биліктің беті - бет емес қара бет қой мынадан кейін. Жарайды уаһһабтық көзқараста бола қойсын, тіпті қоғамымызға қауіп төндіруі мүмкін ұйымның жетекшісі делік, бірақ адамды көзқарасы үшін соттауға, онда да соншама ұзақ жылға кесуге бола ма? Дүниені алатайдай бүлдірген қылмыскерлерге 5-6 жыл зорға беріп жатқанда, жасалмаған әрекет үшін осынша жылға соттаған құқық қорғау органдарының сауатсыздығында шек жоқ екен. Азаптап өлтірілгені соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр, бірақ соның ақ-қарасын енді ажыратады дегенге, ай, сене алмаймын. Қарға қарғаның көзін шұқушы ма еді? Қайда барсаң да бір жартас...
Бірақ Азаматтың артында қалған жетімдердің көз жастары жібермес.
Ағайын, бәріміз бір мәзһабта, ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабында болайық. Әбу Ханифа мәзһабыныкі қате, басқа жол іздейік деп әуре болмайық. Дін жолына түскеннің жөні осы деп ұлттық салт-дәстүрімізге қарсы шықпай, қандай қоғамда, қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпайық.


Кімнен: Мұрат Керей Қайдан: Алматы
30.12.2009 12:40
+0 / -0
Марқұмның жаны жаһнәтта болсын,Айман Кәрімбаева қарындасымызға жане артында қалған үш бүлдіршінге шын жүрегімізден көңіл айтамыз.алла сізге және баларыңызға ұзақ ғұмыр, меқты денсаұлық берсін.мына заңсыз құрылған бійлік өзіне қарсы келгенyің бәрін басып жаншұда, жай халықтың әсіресе қазақтың құны көк тыйын болмай барады, біз енді жақсылап ойланыұмыз керек.қазақ бөлінбей тез арада бірігіп бір амал жасаұымыз керек.олай болмаса тағы бір 70-80 жылда жоқ қылып жіберүі мүмкін.анамыз бізді дүниеге әкелгенде құл болсын деп ойламаған болар...

Кімнен: Жадырақызы.Батима Қайдан: Алматы
30.12.2009 23:52
+0 / -0
Еліміздің Ата заңында тайға таңба басқандай етіп дінге сену-сенбеу жәнеде қайсы дінде болуды әр азамат өзі шешеді деп көрсетілген. Заиырлы демократиялы мемлекет құрып жатырмыз деп айдай әлемге күндіз-түні тымбай жар салғанда сондай, не себепті марқұм АЗАМАТ КӘРІМБАЕВ қатарлы, 6 азаматты наным сенімі үшін және де елімізде жүргізіліп жатқан солақай саясаттың кемшіл тустарын айтқаны себепті құқық қорғау орындары арқылы адамдардың азаматтық құқығын аяққа таптап отырғанын, немен түсіндіруге болады? Жәй азаматтар өзінің жеке пікірін айтып өзі ұнатқан дінге сенуін қандай қылмыс деуге болады? Террористік әкті жасалса нақты қандай дәлел бар? Не үшін сот жабық жағыдайда өткізіледі? Біз не үшін ауылдың жуас қазағын құрбандыққа шалуға дайын турамыз? еліміздің түкпір-түкпірінде қаптап кеткен шетелдік ондаған секталық ұйымдарының ауылдармен-қалаларда көшелермен үй-үйлерді аралап түрлі діни әдебиеттермен уағыздарды таратып жатқанын көре тура көрмеске салғанын қалай түсінуге болады? Бүгін мен сағат 14:00 мөлшерінде осы суық қабарды интернеттен оқып жатқанымда екі қарыт әжейі есігімізді қақпасы барма? Тысқа шығып қарасам қолдарында үстаған түрлі-түсті бойаумен әшекейлі басылған әр түрлі журналдарды аман-сәлемнен кеиін қолыма ұстаттыда көп сөзге келмей оқып көріп мына телефонға қабарласарсың деп мұқабаның сол жақ төменгі бөлегін нұсқады. мен дереу жергілікті сақшы бөліміне қоңырау шалдым тутқаны көтерген өзін кезекшімін деп таныстырған азамат біз мемілекеттің әкімшілік орындарында келіп уағыз діни әдебиет таратқандарға ғана шектеу қойа аламыз жеке адамдармен тұрғылықты үйлер біздің құзырымызда емес деп қысқа қайырды да, телефон тутқасын қоя салды. Сонда барып өзімнің қандай елде өмір сүріп жатқанымды түсінгендей болдым. құрметті оқырман бұл қандай қоғам? Қандай мемлекет? оның басшысы кім? Арғы жағын айтпай-ақ қояын сонда бұл егемендіктің жәй қазаққа көк тиын құны барма? Мен үшін әрине жоқ.
Керімбайева сізге айтарым өзіңе мықты бол. Жан-жарыңыздың ажалына себепші болған қанқұйлы жендеттердің аюандық қылықтарын шамаңыздың келгенінше аямай әшкереле қазақта «аққа қудай жақ» дегені бар емеспе? Біз түрлі ақпарат көздерінен үнемі бақылап отырамыз, кәзір алматыда бул іс қазақтар арасында қатты аңыс қозғауда мүмкін болса, сіз байланыс телефон немесе интернет әдірісіңізді жазып жіберіңіз, көптеген адамдар сізбен байланысқа шықпақшы түрлі көмек қолдарында созуы ықтимал бастысы сіз жақта милиондаған қандастарыңыздың турғанын ұмытпаңыз...

Кімнен: дінбасы
31.12.2009 16:27
+0 / -0
Иманың саламат болсын, айдаладығы ауылдағы сені босқа соттамаған болар бауырым адасқанның алды жөн арты соқпақ, уахабистерге еріп асыл дінімізді басқа арнаға айналдырған шығарсын

Кімнен: жасан Қайдан: аркалык
04.01.2010 18:51
+0 / -0
Дін Басы сізгеде осындайды тілеймін. Амин!

Кімнен: Мағжан Қайдан: Алматы
05.01.2010 13:19
+0 / -0
Құрметті Қазақтар!
Қазақтын жол бастайтын асыл азаматтарын көзін жою, қудалау, өлтіру әрекеті басталғанын күнделікті болып жатқан осындай әрекеттерден көруге болады.
Оны біз, ҰҚҚ комитетінің басына келген адамдар және солар басқарған тұстағы елдегі болған оқиғаларды айта аламыз. Мәселен Шабдарбаевтың тұсында өзіне-өзі қол жұмсаған Нұрқадилов, А. Сәрсенбаев, қос Мұхтардың қудалануында үлкен сыр бар. Астыртын әрекет.
Ендігі төраға Шаяхметов - діни істер жөнінде маманданған маман. Бұл күнде рухани тоқырауға ұшыраған Қазақ халқын енді өрге сүйрейтін зиялы қауым емес, Иманды жастар. Демек кезек осы иманды жастарға келді. АЗАМАТ КӘРІМБАЕВ осы әрекеттің бірінші көрінісі. Әйтпесе, кез-келген мұсылман өз-өзіне қол жұмсау кешірмес күнә екендігін тасқа басылған таңбадай анық біледі.
Ендігі жерде бізге яғни, Қазақ қаумына орыстардын қол астына кірмеу үшін бұндай әрекеттерге жол бермеу керек. Азаматтың отбасы бұл әрекетті соңына дейін зерттеу керек. Басы Кедендік одақ, Ортақ Экономикалық аймақ деп басталатын саяси қадам болашақ Кеңес одағына жасалып жатқан астыртын саяси әрекет болуы мүмкін. Сондықтан Қазақтарды сындыру үшін әрекеттер жалғасуда...

Кімнен: Хамза Қайдан: Ухуд
06.01.2010 15:38
+0 / -0
Мен сендерге арнайы хатты қалай жолдаймын?
Пікір алмасу

Кімнен: асан
06.01.2010 16:51
+0 / -0
кімге хат жолдағыңыз келген еді?

Кімнен: Асылхан
09.01.2010 01:43
+0 / -0
Ағайындар! Арқалықтағы түрмеде өте күмәнді жағдайда бақилық болған Азаматтың қазасы көпшілікті бей-жай қалдырмайтын оқиға. Марқұмның өлімін зерттеуді Қазақстан өкіметінің басшылығынан сұрап, халықаралық ұйымдарға, әлем жұртшылығына үндеу – ашық хатқа қол жинау жалғасып жатыр. Төрт күннің ішінде ол үндеуге әлемнің әр түкпірінен қырыққа жуық адам қосылды, қол қою әлі де жалғасып жатыр. Азаматтың қазасы туралы мақаланы оқыған болсаңыз сіз де сол үндеуге қосыла аласыз.

Ол үшін:

1. Интернеттегі мына бетке барыңыз http://www.gopetition.com/online/33217/signatures.html

2. Сол беттің төменгі тұсында сол жағында орналасқан мына сөзді тауып басыңыз
Sign the petition (үндеуге қол қоямын)

3. Сонан кейін Азамат Кәрімбаевтың фотосуреті бар және орыс тілінде Үндеу жазылған бет ашылады
http://www.gopetition.com/online/33217/sign.html

4. Осы беттегі үндеудің мәтінінің төменгі жағындағы First Name: - өзіңіздің есіміңізді жазыңыз,

Last Name: өзіңіздің тегіңізді жазасыз (Signature Display деген жазудың қасындағы төрт бұрыштың ішінде V белгісі тұруы тиіс, егер ол қойылмаған болса, мышкамен түртіп қойыңыз),

Email Address: деген торға өзіңіздің электрондық поштаңызды көрсетіп жазыңыз,

Country or Region: деген тордың ішінен өзіңіз тұрып жатқан елді тауып қойыңыз.

Short Comment to Target: деген тордың ішіне Азамат марқұмның қазасына қатысты өз ой-пікіріңізді жазсаңыз жөн болады, ол жерде 500 әріпке дейін сөз жаза аласыз,

Verification Code: - бұл жердегі ағылшын әріптері мен сандарын Enter code & click 'Sign' деген жазудың дәл астындағы торға жазасыз,

ең соңында Sign деген жазуды басасыз, сонымен, егер сіз барлығын дұрыс атқарған болсаңыз, сіздің дауысыңыз есептеліп, үндеуге тіркеледі.